Гүлекеңнің тағдыры Дәу апаға сабақ болса екен?!

0

Өзбекстанның алғашқы президенті, марқұм Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова туралы аз кем сөз шығармақпыз бүгін. Өзбектің бірінші президенттің тұңғышы қазір 46 жаста. Әкесі марқұм тірі кезінде-ақ, қыз қылық шығарып, қиғылық салып, отбасылық тартыстың көкесін көргенбіз. Жә, айтпағымыз ол да емес…

Гүлнара Каримова түрмеге қамалды

Гүлекең туралы Өзбекстанның бас прокуратурасы мәлімдеме жасады. Гүлекең түрмеге тоғытылды. Енді егжей-тегжейлі түсіндіріп айтайық…

2017 жылдың 18-желтоқсаны күні Тәшкенттің қылмыстық істер жөніндегі соты шешім шығарып, Гүлнара Исламқызы 10 жылға бас бостандығынан айырған.

Кейін 2018 жылдың 1-шілдесінде сот шешімі қайта қаралып, үлкен қыздың жазасы 5 жылға дейін азайтылды. Жазаны өтейтін орынды да Гүлекең өзі таңдады. Үлкен қызға қосымша жаза ретінде үйден шығуға, интернет пен байланыс құралдарын пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салған. Одан бөлек, Гүлекең келтірілген шығын сомасын толық өтеуге міндетті деп танылды.

Ол бойынша белгіленген сома – 1 триллион 270 миллиард 200 миллион сом. Немесе 1 миллиард 651,8 миллион доллар және 26,1 миллион еуро. Гүлекеңнің мемлекет қазынасына қайтаруға міндетті сомасы өзбек ақшасына шаққанда 3 триллион 746,8 миллион сом екен.

Солай болды да. Гүлнара жазасын өзінің қызы Иман Каримованың үйінде өтеп жатқан. Алайда үлкен қыздың төрт қабырғаға телміріп отыруға төзімі жетпесе керек, сот белгілеп берген тәртіпті бұзыпты.

2018 жылдың 22-қарашасында Гүлекең үйден рұқсатсыз шығып, қыдырып кеткен… Кейін оған ескерту жасалған. Басқасын айтпағанда әкесінің айтқанын тыңдамаған Гүлекең, сотты пысқырсын ба, ережені бір емес, бірнеше мәрте бұзған. Интернетті қолданған. Телефонмен сөйлескен.

Ақырында айтқанға көнбеген соң, үлкен қыздың мәселесін Яшнабад ауданының қылмыстық істер жөніндегі соты қайта қарап, 2019 жылдың 5-наурызы күні оның жазасын өтеу орнын ауыстырған. Гүлекең жазасының қалған бөлігін енді жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды. Түсінікті тілмен айтсақ, үйқамақтағы Гүлнара енді түрмеге қамалды.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кететйік, Гүлекеңнің үстінен «бопсалау, ақша жымқыру және салық төлеуден жалтару» деген айыптар тағылған. Оның үстінен Швеция, Швейцария мен АҚШ-та да іс қозғалған. Ол Өзбекстанда жұмыс істеген телекоммуникациялық компаниялардың кемінде алтауынан пара алған деген күдікке ілінген. Гүлекеңнің дәурені жүріп тұрғанда ол Өзбекстанды 27 жыл басқарған өз әкесінің орнын басатын екінші адам ретінде мойындалған.

Гүлнара – дипломат. Гүлнара – безнесвумен. Гүлнара – дизайнер. Гүлнара – модельер. Гүлнара – әнші. Гүлнара – меценат. Қайран Гүлнара! Гүлнара Өзбекстанда Ислам Каримовтен кейінгі екінші адам болып тұрған уақытта өзбектің бүкіл жұрты оны мақтайтын, мадақтайтын. Ырың-жырың, ығай-сығайлардың ортасы, бүкіл өзбек эстрадасы Гүлекеңнің қас-қабағын бағып, өзбектің «жүзімде жеген кезде, қай бақшадан алдың деп сұрама» деген қысыр сөзін мысал ететін.

Енді көрдіңіз бе? Кезінде Каримованың алдында құрдай жорғалағандар, енді оның сөзін сөйлеуге арланатын хәлге жеткен.

Гүлекеңде барлығы болды. Қамқор әке де, қолдаушы шеше де, басынан бақайшығына дейін сауғалап тұрған шексіз байлық та, қызметкерлері құрдай жорғалайтын басшылық қызмет те. Бірақ… Бірақ, Гүлекеңе басып жеген байлығы көмек болмады.  Оның үстінен бірнеше айып тағылды. Ақыры түрме төсегінен бір-ақ шықты, әне…

Жалпы пост кеңестік кеңістікте ел басқарған адамдардың қызметтен өз еркімен кетуі сирек кездесетін саяси құбылыс дейміз… Жаңағы Гүлекеңнің әкесі Ислам Каримов те өзбекті 27 жыл тапжылмай отырып басқарды. Өле-өлгенше президенттік креслодан түскен жоқ. Гүлекеңдер де сол әкесінің арқасында алқа-қотанның арасына қосылған адам ғой. Сөйткен Гүлекеңнің басындағы қазіргі жағдай пост кеңестік кеңістіктегі ел басқарған адамдардың еркетотайларына үлгі болса кәне…

Қайсыбір жылы Польшадағы журналист Бен Хойлдың «Гүлнара мен Дариға. Сұлтандардың қыздары өз тақтарын күтіп отыр» деп мақала жазғаны есімізде. Сол кезде Орталық Азия лидерлігіне таласқан екі президенттің орнын қыздары басады деп болжам жасаған. Бұндай болжамды жалғыз Бен Хойл жасаған жоқ. Көбі солай ойлады. Солай деп болжады. Бірақ, Гүлекеңнің тағдыры өзге арнаға түсті. Таныстары түгілі туыстары теріс айналды. Гүлнараның жағдайы түсінікті болды. Жалпы айтқанда Гүлекеңмен мен Дәу апа жиі салыстырылатын адамдар. Сәбеттің шірінді жүйесінен шығар шықпастан Қазақстан мен Өзбекстанды қатар билеген қос президенттің тұңғыш қыздары.

Дәу үйдегі Дәу апа

Дариға деп қалдық қой. Дәу үйдегі дәу апа қазір 55 жаста. Сенатта депутат. Қазақстанның билік сатысында біраз қызметті атқарды. Министріктің де креслосына отырып көрді. Бизнесте де бәсекелес шақ келтірмеді. Қойшы, несін сұрайсыз. Керемет қой…

Дариға қыз Думаның тіліне душар қыз. Ол тілде сөйлемесе басы ауырып, балтыры сыздайтын хәлге түскен адам ғой. Президент әкесі қазақша сөйлеуді міндеттеп берсе де, «орыс тілін  ешкім алып тастаған жоқ» деп сазарған күйі сазарып, безерген күйі безеріп, бедірейген беті былқ етпей, қазақша сөйлемей қойған, былтыр. Сол кезде «Дариғаның дәридайы» деп жаздық, біз…

Айтпақшы, Гүлнара – әнші дедік қой. Біздің Дәу апа, одан өткен әнші. Жәй әнші емес, опера әншісі. Дәу апа 2011 жылы-ау шамасы, Мәскеудегі Үлкен театрдың сахнасында «Сәлем, Россия!» атты кәнсерт қойған.

Дәу апа өзі бүртүрлі бастамаларымен елдің көзіне жиі түсетін кісі. Әкесі президент болғасын ба, әлде өзі де әйдік болғасын ба, әйтеуір Дәу апамның дегені хит қазір.

Қайсыбір жылы мектептен бизнес жасамақ болды. Әр мектеп өз ақшасын өзі табуы керек дегенді айтты. Мектептің асханасын банкет жасау үшін жалға беруге болады деп көпірді.

Былтыр маусымда «Silk viza» шенгенін енгізуді ұсынды. «Орталық Азияның барлық көрнекті жерлерін көргісі келетін шетел туристерінің біздің елдерге келуін ынталандыру маңызды. Сондықтан да азиялық «Silk viza» шенгенін қалыптастыруымыз керек» деді.

Әлеужелідегі жұрт Дариға ханзу халқын Қазақстанға визасыз кіргізбек пе деп дабыл қақты. Дәу апаның дегені жайына қалды. Одан қалса былтыр қазанда «Орыс тілін ұмытпай, қытай тілін үйреніңдер» деп заң-законды соқты кеп. Болашақ қытай тілінде екенін айтты. Былтыр тіпті, қазақ қатындарын жарлықап болып, ауғанда байынан таяқ жегендерге араша болайық деп сөйледі. Дәу апаның аты 2016 жылы «Панама тізімінен де» шықты. Оффшорда ақша жасырғаны дәлелденді.  Одан биыл Австриядағы ақшасы әшкере болды. Миллион долларлық шоты жабылды.

Біздің Дәу үйдегі Дәу апа осындай кісі. Бізге Дәу апамның қасында Гүлекең жолда қалатындай көрінеді. Дәу апаның Гүлекеңнен бір озған жері – ол ешқашан өз әкесіне қарсы шыққан жоқ. Күйеуі (марқұм Рахат Әлиев) шетелге қашып кеткенде де әкесінің қасында қалған. Сондықтан болар, әзірге Дәу апаның есебі бүтін.

Десек те ертең қалай болатыны бізге де, оған да белгісіз… Сондықтан Гүлекеңнің тағдыры көпке сабақ болса дейміз…

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

Abai.kz