Қарағандыда көпбалалы ана үш балабақша ашқан

0

«Бала бағуды» жетік меңгерген кәсіпкер келіншек, енді мектеп ашуды жоспарлап отыр.

Қарағандыда бес ұлдың анасы үш балабақша ашты, деп хабарлайды Zakon.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гүлнар Смаилова балабақша орындары жетіспеу мәселесіне тап болғандықтан өз ісін ашуға бел буды.

-Менің мамандығым — инженер-теміржолшы. Бірақ 2007 жылдан бастап күйеуім екеуміз денсаулық сақтау бағытында жұмыс атқардық. Біздің бес ұлымыз бар. Кенже үшемдердің жасы бесте. Балабақша жетіспеу мәселесіне кезіккендіктен, жолдасыммен ақылдасып, балабақша ашуға шешім қабылдадым.

Гүлнар Смаилова «Ақмаржан» атты алғашқы балабақшасын 2015 жылы ашқан. Ол «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарлама арқылы арманын жүзеге асырып отыр. Майқұдықтағы «Армашка» балабақшасы 2016 жылы салынды. Бір жылдан кейін Пришахтинскте «Одарешка» балабақшасы ашылды. Бұл барлық балабақшалар мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында жұмыс жасайды. Кәсіпкер «Даму» қоры арқылы несие алған.
Балабақшалар 300 және 360 орынға арналған. Бүгінде бұл тәрбие ошақтарында орындар толық.

-Біздің балабақшадағы балалар мемлекеттік тапсырыс бойынша орналастырылған, демек ата-аналар тек қана төлем ақының бір бөлігін ғана енгізеді, яғни 11000 мың теңге. Балаларды қамтамасыз етуге қалған шығынды бізге мемлекет төлейді. Әр балабақшада 70 адамнан қызмет етеді. Олар өз істерінің шеберлері және мамандары. Біз жұмысқа қызметкерлерді алар кезде ең алдымен олардың адамгершілігіне ,біліміне және тағы да басқа қасиеттеріне мән береміз. Біздің балабақша Қарағанды қаласындағы 66 балабақшаның ішінде ең үздік ондықтың қатарында, — дейді кәсіпкер.

Гүлнар Смаилованың балабақшаларында 12 топ жұмыс істейді. Сондай-ақ тілге, шығармашылыққа, ән мен биге арналған секциялар бар. Робототехника және жеңіл дизайн бойынша курстар өтеді. Жақында ғана «Одарешкада» балалар арасында алғаш рет роботехника бойынша турнир өтті. Бұл іс-шараға облысымыздың барлық мектепалды ұйымынан 23 команда қатысты.

Балабақшадағы барлық кабинеттер заманауи құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ білікті психологтар тек балалармен жұмыс жасап қана қоймай, ата-аналарға арналған семинарлар өткізеді.

-Біз балалардың шығармашылық және спортпен айналысуымен ғана шектелмейміз, сонымен қоса олардың денсаулықтарына да аса көңіл бөлеміз. Әр тоқсан сайын балалардың имунитетін жақсарту үшін галотерапия өткізіледі. Балабақшада тұзды бөлмелер де бар. Барлық топтағы балалар тәрбиешілермен бірге тұзды бөлмелерде 15-20 минут сабақ өткізеді, — деп Гүлнара Смаилова айта кетті.

Гүлнар Смаилованың ендігі жоспары жеке-меншік мектеп ашу.

-Бұл ата-аналардың өтініші бойынша. Балаларын күні бойы мектепке қалдырып кету көпшілікке ыңғайлы. Қазір біз бұл тақырыпты зерттеп, мемлекет тарапынан қандай қолдау бар екенін қарастырып жатырмыз. Егер барлығы біздің көңілімізден шықса, болашақта мектеп ашамыз.

Қарағанды облысы бойынша 46 616 әйел кәсіпкерлікпен айналысады. Оның 57,2 % сауда саласында. Сонымен қатар кәсіпкерлер көбінесе өздерінің бизнестерін ашу үшін туризм, мектепке дейін оқыту, денсаулық сақтау, дизайн, сәндік қолданбалы өнер бағыттарын таңдайды.

Облыста іскер әйелдер кеңесі жұмыс жасайды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, бұл ұйым іскер әйелдер арқасында ең белсенді қоғамдық ұйымға айналды. Олар құрамға кіріп қана қоймай жаңа идеялар ұсына білді. Қазіргі таңда іскер әйелдер қауымдастығында 600 адам бар.Тіпті әлі күнге дейін жаңа кәсіпкерлер қосылуда.

Жылдың басынан бері кәсіпкерлер палатасына қызмет көрсету бойынша 1000-нан астам әйел ұсыныс тастаған.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

[ad_2]

Zakon.kz