Қазақша реферат: Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақша реферат |
Шәкәрім Құдайбердіұлы. Қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды.
Шәкәрім – Абайдың немере інісі және ұлы ақынның мұрасына сүйенген. Ол арнайы оқу орнында оқымаса да, араб, парсы, орыс, шағатай тілдерін өз бетімен үйреніп, сол тілдердегі шығармалардан дала ойшылы тұрғысынан ой қорытқан.
Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Оның ойынша, бұл азаматтық өтеудің басты шарты – туған елдің бүкіл тарихи мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман талабына сәйкес қолдану. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі, сақ-түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн, табиғат – ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар.
Басты мәселе – ар ілімі, моральдық төңірегінде. Кәдімгі этиканы Шәкәрімнің “ілімі” деп атауында да үлкен мән бар. Себебі оның негізгі категориясы, мәдениеттіліктің тірегі – ұждан. Бұл категорияны түсіну үшін Шәкәрімнен үзінді келтірейік: “Әрине, жанның өлген соң тазарып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып біржола жоғалады-ау деп өлсе керек. Және ұждан, совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына қатты кейіп, жақсылық қылғанына жете қуанса керек. Олай болса нанбай, ұждан, совесть құр ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық, қиянаттық көп айырмасы жоқ болса керек.
Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы – ұждан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жардамы үш анық дегенім осы”. (Үш анық. 44-45 бб.)
Шәкәрімнің ұжданы біз жоғарыда айтқан, ежелгі гректегі “каллокагатия”, И.Канттың “Кесімді иператив” ұғымдарымен астас. Ұждан дегеніміз – ынсап, әділет, мейірім. Шәкәрім өз халқының жанқияр ұлы ретінде туған мәдениетіне өлшеусіз қызмет етті.