Астана мектебіндегі дау: Шетелдік ұстаз бірнеше іске қатысы бар педофил болуы мүмкін — новости Казахстана
Осыдан бірнеше күн бұрын Астанадағы жекеменшік мектептердің бірінде шетелдік мұғалім «оқушыларға бейресми қарым-қатынас» көрсетті деген хабар тараған. Алайда ұстаздың не себепті ондай әрекетке барғаны айтылмаған. Сол мектеп түлегі, алматылық Қасым Қабылғали оқиғаға қатысты өзіндік зерттеу жүргізіп, мұғалімнің кішкентайларға сексуалдық көзқарасы болуы мүмкін деген тұжырымға келді деп хабарлайды «Время» басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Мектепте мұғалімнің ісіне қатысты ешқандай мәлімет берілмеді. Тек оның жұмыстан кеткені туралы ғана айтылған болатын.
Басылым мәліметіне сүйенсек, аталмыш мектептің Алматыдағы филилында оқыған Қасым Қабылғали шетелдік мұғаліммен болған бір жағдайды есіне алды. Ұстазы одан «Қазақстанда сексуалдық тұрғыда зорлық жасадың деп айыптаса не істеу керек» деп сұрапты.
16 жастағы жеткіншек бұл сұрақтан шошып кеткенін айтады. Біраз уақыт өткен соң ол мұғалім жұмыстан шығып кетіпті. Қасым өзінің Facebook парақшасында басынан өткен жағдай туралы жазған соң, оған сол мектептің басқа ұстаздары мен оқушылары да өз оқиғаларын айта бастапты. Сонымен барлығын қорытындылай келе жігіт қызық тұжырымға келеді.
Мәселен, басы дауға қалған мұғалім екі атпен жұмыс істеген болуы мүмкін. Stephen Howard Myers және Stephen Swarup Jackson ретінде танылған мұғалім 1945 жылы туылған Деневр тұрғыны болып шықты.
«https://www.infostevemyersjackson.org/ сайтында бұл америкалық азаматтың құрбандары туралы жазылған. Онда мұғалім 1968 жылы АҚШ-тағы мектепте жұмыс істеп жүріп, кішкентай баламен жыныстық қатынас түскені айтылған. 1972-78 жылдар аралығында ол ұстаздық еткен жерде төрт бірдей бала педофилия дерегімен шағымданған. Ол тіпті өзін зорлады деп айыптаған балалардың бірін асырап алыпты», — дейді Қасым.
Кейінірек жігіттің анықтағаны, даулы ұстаз Украинада өз әкесін интимдік қатынасқа итермеледі деп айыптаған баланы да асырап алған және оны үлкендерге арналған видео көруге мәжбүрлеген болып шықты.
«Сайтты құрастырушының айтуынша, Стивен Майерс немесе Стивен Джексон 2017 жылы халықаралық мектептер жүйесіне еніп, Қытайда, содан кейін Астанада сабақ берген. Шын мәнінде бұл ақпарат http://www.infostevemyersjack-son.org сайтында жарияланған», — дейді жас жігіт.
Сайт құрастырушысы тіпті, мұғалімнің Калифорниядағы қылмысын дәлелдейтін 1994-96 жылғы полиция есебін де жіберген.
«Бұл адам туралы британдық Тhe Guardian басылымында мақала жарияланып, түрлі деректер келтірілген. Осыған қарамастан мұғалім тұрғылықты жерін ауыстыру арқылы жауапкершіліктен оңай құтылып отырған», — дейді Қасым Қабылғали.
Қасымның пікірінше, мектеп әкімшілігі мұғалім туралы барлық деректерді және оны жұмысқа қалай қабылдағаны туралы мәліметті ашық түрде жариялауы тиіс.
«Время» басылымының редакторы да Стивен Майерс-Джексон туралы мәлімет жинаған сайт редакторы Гаваев Кюни Дюранмен байланысқа шығып көрген. Ол Астанадағы мектепте өз мақалаларының кейіпкері жұмыс істегеніне сенімді екен.
«Соңғы кезде Астанадан біздің сайтқа кіріп, сол мұғалім туралы сұрайтындар көбейді. Олар суреттегі өздерінің бұрынғы ұстазы екенін айтады. Стивен Майерс фамилиясын 2012 жылы өзгерткен», — дейді сайт редакторы.
Кюни Дюранның айтуынша, қылмыскер қанша заңсыздыққа барса да, мектептердің үнсіз қалуынан ол әлі күнге дейін бостандықта жүр. Себебі көптеген оқу ордалары оның кесірінен абыройына нұқсан келтірмеуді ғана ойлайды. Оған қоса Астанадаға мектеп те мұғалімнің фамилиясын не себепті ауыстырғанын сұрап, жіті тексеру жүргізген жоқ дейді әйел.
Мақаланы көшіріп басу немесе пайдалану үшін «Время басылымы» ЖШС рұқсатын алу қажет