ТАЛАС ӨҢІРІНДЕГІ КӨНЕ ЖАЗБАЛАР — Тарих — Қазақша рефераттар — Қазақша тесттер мен шпорлар

0

ТАЛАС ӨҢІРІНДЕГІ КӨНЕ ЖАЗБАЛАР – ЕЖЕЛГІ ТҮРКІ ЖАЗУ

МӘДЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЫ

Саурықов Е. Б.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Бүгінгі таңда қазақ және өзге де түркі елдері алдында өзекті мәселелердің бірі ретінде тұрған руникалық түркі жазба ескерткіштері өзін зерттеуді тек көне тарих жазылып қалдырған кезеңнен емес, бастауын сонау ғұн, сақ мәдениетінен іздеуді меңзейді. Орталық Азиядағы алғашқы ірі көппелі ғұндар империясы біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдың соңында құрылды. Бұл ұлы патшалық Байкалдан Тибетке, Орта Азиядан Қытайдағы Хуанхэ өзеніне дейінгі аралықты мекендеп, сандаған жылдар бойы осы территорияда өз үстемдігін жүргізіп отырды. Ғұн тайпалары алтай тілдес тайпалар қатарына жатқанымен, оның құрамында әртүрлі тілдерде сөйлейтін тайпалық одақтар мен шағын рулар да бар еді. Осындай тайпалық одақтардың түрлі жағдайларға байланысты әлсіреуі нәтижесінде Орта Азия территориясында түркі этногенезінің, яғни түркі тілдес тайпалық одақтарының бірігу процесі басталды.

Заманымыздың І мыңжылдығының басынан Евразия даласында біртіндеп этникалық өзгеріс етек алды. Оның негізгі көрінісі ретінде бұл аймақтарда түркі тілдес тайпалардың басқосуы, өз алдына мемлекет құрып дамудың жаңа бір процесін бастан кешуін ерекше айтуға болады. Ал І мыңжылдықтың екінші жартысынан бастап тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуы және саяси, территориялық тұрақтылықтың нығаюы нәтижесінде жер тұтастығына байланысты бірнеше үлкен мемлекеттер пайда болғаны анық байқалады. Нақтырақ айтсақ, Оңтүстік Сібір, Орталық Азия, төменгі Еділ жағалаулары мен Солтүстік Кавказ аймақтарына байланысты бірінші Түрік қағанаты, Шығыс Түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты мен Арал оғыздары хандығы бой көтереді. Осы аталған одақтастар дәуірі тарихта көне түркі дәуірі деп аталады. Тарих толқынында өз ізін жоғалтпай, үнемі даму,  ұлғаю, ірілену сияқты процестерді бастан кешкен біздің көне түркі тіліміз қазіргі уақытта өмір сүріп отырған бүкіл түркі тілдес халықтардың тікелей сабақтастығының жемісі болып табылады. Тілдің пайда болуы мен қалыптасуындағы осындай үзіліссіз, динамикалық дамудың негізінде пайда болған қазақ тілі де түркі ата тіліміздің негізгі бір бұтағын құрайды.

Орталық Азияны және Оңтүстік Сібірді мекендеген түркі тілдес ру-тайпалар бірігіп VІ ғасырдың орта шенінде Түрік қағанаты мемлекетін құрғаны тарихтан белгілі. Осы қағанаттың құрамына енген тайпалық одақтар бір кездерде өз елі мен жерінің бостандығы,  тәуелсіздігі үшін алапат қақтығыстар мен жойқын соғыстарды басынан кешті. Тұс-тұстан қаумалаған дұшпандардың шапқыншылығынан қорғанған түркі ру-тайпаларының жорықтары қол бастаған ержүрек, дана әскер басылардың ерлік істерімен, оған тіреу болар ел бірлігімен жүзеге асты. Ұрпаққа өнеге болар атақты Күлтегін, Тониұқұқ, Білге, Бумын қағандар әрі тарихи, әрі әдеби дастан жырлардың кейіпкерлеріне, сомды тұлғаларына айналды. Ардақты есімдерді ел жадында сақтау үшін, сол заманның данагөй білімдарлары өркениеттің белгісі болып табылатын түркілік сына жазумен тас бетіне түсірді.

Түркі тайпаларынан қалған бұл ескерткіштер көне дәуірдің қоғамдық мәдени, әрі әдеби тұрмыс-салт өмірлерінен хабар беретін жәдігер қазына ретінде бүгінгі күні барлық түркі тектес халықтарға ортақ мұраға айналды. Түркінің сар даласының ішкі сырын бойына сіңірген таңбалы тастар қас батырдың ерлігіндей сан ғасырларды аттап, өз заманының шындығы мен қайғы-қасіретін, амал-әрекетін бейнелеп, еш өзгерместен бүгінге жетіп отыр. 

Болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдырылған көне түркілік жазба ескерткіштер кең байтақ Қазақстанның барлық аймақтарынан табылып, ескерткіштер саны жыл санап өсіп жатыр. Бірақ, осы көне көз жәдігерлерге үлкен сезіммен қарап, оның ішкі мазмұны мен сырын ұғыну, қазақ халқы үшін құндылығынының қаншалықты екендігін анықтау соңғы жылдары баяулап кеткені белгілі. 

Талас жазбалары Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан табылған ескерткіштер қатарын құрайды және де аталған жазба ескерткіштердің тікелей жалғасы болып табылатын орта ғасырлық мұралар мен тарихи орындар осы таулы-қыратты, өзенді аймақтарда орналасқан. Сондықтан да қазақ және өзге түркі тілдес елдердің тарихын, көне мәдениетін, өркениеті мен мемлекеттігін, тілі мен діліне қатысты құнды деректерді осы өңірлерден іздестірудің қажетті екендігін байқауға болады.

Мемлекет тарихын бейнелейтін түркілік руханикалық жазуларды тілдік‚ әдеби, тарихи және саяси-этникалық жақтан жан-жақты зерттеу үшін көне мұралардың географиялық жағдайын жетік меңгеруіміз керек. Сонымен қатар, қазақ халқының көне мәдени ошақтары мен тарихи орындарын анықтау, оның мәні мен мағынасын, құпиялы ішкі сырын білу тек жекелеген зерттеуші ғалымдардың ғана емес, ол мемлекеттің алдында болашақ ұрпағы үшін міндетті түрде шешімін табатын проблема болуы керек. Қазақ халқының рухани байлығы оның тарихымен астасып жатады. Сондықтан да мұндай көнекөз жазба мұраларды зерттеу мәселесін еліміздің қазыналы оңтүстік өңірінен бастаған дұрыс. Өйткені, Қазақстанның аймақтарынан табылған тарихи жазба мұралар қазіргі уақытта облыстық мұражайлар мен арнайы тарихи ескерткіштерді сақтау, қорғау орындарында мүлдем жоқтың қасы. Ал соңғы жылдары Талас өзені аңғарлары мен сол аймақтағы таулы-қыратты жерлерге экспедициялар ұйымдастыру мәселесі мүлдем назардан тыс қалып қойған. Қазіргі Тараз қаласы мен оның оңтүстігін, Алатау мен Қаратау бөктерлерін, орталық Қазақстандағы Ұлытау мен Болаттау аймақтарында арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізетін шағын экспедициялық топ құрып, көне жазбаларды іздестірсе, ұрпақ білсін деген ниетпен ата-бабаларымыз қалдырып кеткен жазу-сызулардың талайы табылары анық. Бұған айқын дәлел ретінде XІX ғасырдың екінші жартысынан бастан XX ғасырдың 70-жылдарына дейінгі іздестіру нәтижесінде табылған жазбаларды айтуға болады. Осы екі аралықта талас өзені мен Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан біраз қойтастар мен петроглифтер, руникалық жазулар табылды.

Талас өңіріндегі түркілік көне мұраларды зерттеу мәселесі алғаш рет бүгінгі күнге дейін өз маңызы мен құндылығын жоймай өзекті проблемалардың біріне айнала бастағаны тіпті академик В.В. Бартольд еңбегінен де көрініс табады. 1893-1894 жылдары ғалым Жетісу өңірін зерттеп, түркітану ғылымына үлкен үлес қосқан-ды. Сонымен қатар, Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстанның солтүстік өңірлеріндегі көне түрік жазба ескерткіштері туралы құнды мәліметтер жинақтауда Ташкент қаласында құрылған Түркістан жас  археологтар бірлестігінің жасаған жұмыстары түркітанушы зерттеушілер тарапынан аса зор құрметке ие болып отырды. 1896-1897 жылдары Әулиеата уезінің басшысы В.А.Каллаур мен фин археологы Г.Гейкелдің бірлесе іздеу жұмыстарын жүргізудің арқасында қазіргі Тараз (бұрынғы Әулиеата) маңынан түркі руникасымен таңбаланған бес жазу табылса, кейінгі жылдары осы аталған территориялардан (1897 жылы Дмитриевск селосының маңындағы Терексай шатқалынан, 1898 жылы Айыртамой мекенінен, 1925-1926 жылдары Ыстықкөл маңындағы Қайсар шатқалынан) бірнеше көне жазулар мен тастарға ойылып салынған суреттер табылады.

XX ғасырдың 30-шы жылдары Орталық Азия территориясынан көне түрік таңбалары салынған таяқша табылды. Бұл жазу жүйесі графикалық лингвистикамен айналысушы ғалымдардың көне жазуға деген қызығушылығын арттыра түседі. Өйткені, мұнда бұрыннан белгілі әріптерден бөлек бірнеше беймәлім таңбалар кездеседі. Аталған жазудың құпиясын ашуға бірнеше ғалым атсалысып, өз оқылу варианттарын ұсынған болатын: С.Е.Малов (1936), Х.Н.Оркун (1940), А.М.Щербак (1959), т.б.

1970 жылдары Іле бойындағы Есік қорғанынан ежелгі сақ тайпасы мәдениетінің айнасы болып саналатын сол кезеңнің тұрмыс қажетін өтейтін бірнеше заттар табылғаны белгілі. Осындай қазба жұмыстарының нәтижесінде күміс тостағаншаға екі қатар ойылып салынған 26 таңбадан тұратын руникалық жазу табылады. Аталған сына жазуды оқып, оның мағынасы мен құндылығын ашу барысында ғалымдар арасында алуан түрлі тартыстар да болды. Сақ қорғанынан табылған бұл жазудың тарихи құндылығы күн санап арта түсті. Біріншіден, тостағаншаға таңбаланған әріптер өзімізге белгілі VІ-VІІІ ғасырларда кездесетін көне түркі жазуынан кейбір таңбалары сәл өзгеше, Екіншіден, табылған жазу, археологтардың анықтауы бойынша, сақ дәуірінің жемісі. Сондықтан жазу жүйесі алдыңғы табылған көне түркі әліппесіне қарағанда 5-6 ғасырға көне. Мұның өзі біздің жазу мәдениетіміздің қайнар бастауы дәуірінен сонау сақтар мен ғұндар дәуірінен бастау алатындығын дәлелдей түседі. 

Одақтық тоталитарлық жүйе бұзылғаннан кейін біртұтас түркі мемлекеттері жеке-жеке өз тәуелсіздігін жариялап, егемендікке қол жеткізді. Рухани байлығымыз — салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіліміз бен діліміз қайта жаңғырып жатқандығы баршаға мәлім. Соның нәтижесінде түркітану саласына деген көзқарас қайта өзгеріп, ғылымға біршама өзінің жаңа табыстарымен қайта оралды. Осы мақсатта ғылым саласы да өз зерттеу объектілеріне жең түре кірісіп, халық тарихы мен мәдениетінің қайнар бастауын көне заманнан іздеп, қазіргі уақытта көптеген табыстарға да қол жеткізіп үлгерді. Қазіргі кезде ежелгі түркі тайпалық одақтары өмір сүрген аймақтардан руникалық жазумен ойылып жазылған үй-тұрмысына қажетті заттар, қой тастар табылып жатыр. Олардық бойында талай құпиялар сақталуы. Мысалы, соңғы кезде Өзбекстанның Наманған, Ферғана, Башқадария аудандарынан бірнеше көне тайпалардың қолданған заттары табылған болатын. Аталған түркілік көне жазуларды өз зерттеулерімізде оқып, құпиясын ашып та көрдік.

 

1998 жылы Қырғызстанның Қошқар өңірі Қарасу ауылы жанындағы Көксай, Тікбұған, Қызылбұлақ, Алғым өзенді, таулы-қыратты жерлерінен көне түркі рунасымен тас бетіне қашалып жазылған бірнеше құпия жазулар табылған болатын. Бұл өңірден табылған барлығы 8 руналық жазу өзімізге белгілі Талас жазба ескерткіштері қатарына жатқызылады. 

Көненің көзі болып табылатын асыл қазыналар Қазақстан жерінде де қаншама. Өйткені, шығысымызда Алтай мен Тарбағатай, батысымызда Орал таулы қыраттары, солтүстігіміз бен орталығымыздағы Ұлытау, Болаттау аймақтары, оңтүстігімізде Алатау мен Қаратау қатпарларында және басқа да өзенді көлді кең алқапты мекен еткен ата-бабаларымыз сол өңірлерге де өздерінің қолтаңбасын қалдырып кетпеді дегенге кім сенер?! Мұндай қол жетпес дүниелер ертеңгі күні егеменді еліміздің кез-келген жерінен табылуы мүмкін. Егер табылып жатса, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің дамуын, өркениеті мен мемлекеттігінің қайнар бастауын ғылыми түрде одан әрі дәлелдей түсуге өз септігін тигізері анық. 

Әдебиеттер:

Аманжолов А.С. История и теория древнетюркского письма. —Алматы, 2003.

Tomsen V. Іnscrіptіons de l(Orkhon Dechіffrees // Memoіres de  la Socіete Fіnno-Ougrіenne (MSFOu).  —Helsіngfors, 1896. 

Tomsen V. Gozultmus Orhon yazіtlarі. —Ankara: Turk tarіh kurumu basіmevі, 1993. 

Томсен В. Дешифровка орхонских и енисейских надписей // Записки Восточного отделения Русского археологического общество (ЗВОРАО). Т. VІІІ. вып. ІІІ-ІV. —СПб., 1894.

Акишев К.А. Древняя культура саков и усуней долины р. Или. —Алматы, 1963.

Литвинский Б.А. Древнейшие кочевники «Крыши мира”. —Москва, 1972.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!