Имамдар да латын қарпімен диктант жазды (ФОТО)
Астана. 14 қараша. KAZISLAM – Бүгін жалпыхалықтық диктантқа еліміздің діни қызметкерлері де ат салысып жатыр. Мәселен, Ақмола облысындағы мешіт имамдары да латын қарпімен ел қатарлы диктант жазды.
Елбасының бастамасымен латын әліпбиіне көшу қарқын ала түсті. Бүгін елімізде бүкілхалықтық диктант жазу күні ретінде есте қалды. Бұл игі шараға әкімдер де, қарапайым адамдар да белсене атсалысты.
Осы күні Науан хазірет мешітіндегі латын әліпбиімен қазақша диктант жазуға облыс орталығындағы барлық мешіт имамдары, ұстаздары қатысып, өздерінің сауаттылығын бір сынақтан өткізді. «Шалқар» радиосы арқылы онлайн жүйеде жүргізілген шара көптің көңілінен шықты.
Латын жазуына көшу – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге айқара жол ашады. Тіл тазалығы өз алдына, терминдік ұғымдар да бір арнаға түспек. Діни қызметкерлердің де осы көштің алдыңғы легінен табылары сөзсіз.