Қазақтар — Тарих — Қазақша рефераттар — Қазақша тесттер мен шпорлар
Қазақтар
Қазақтар— ұлт, Қазақстан Республикасының байырғы және негiзгi халқы. Қ-дың ҚР-дағы саны 8,3 млн. (1999), әлемде 12,4 млн. Түркi тiлдерiнiң солт.-батыс қыпшақ тiлдерi тобына жататын қазақ тiлiнде сөйлейдi. Ислам дiнiнiң сүнниттiк бағытын қабылдаған. Оған дейiн шаман дiнiнiң негiзi болған тәңiрге, аруаққа сиыну нанымдары орын алды. Қ. тұрантектес расаның негiзгi өкiлi. Өз алдына тұтас халық болып қалыптасқанға дейiнгi этн. тарихы аса күрделi. Қазақ даласын қоныстанған әр түрлi тайпалар Қазақстан жерiн ерте тас дәуiрiнде-ақ мекендей бастаған. Оған айғақ болатын ежелгi адамдар тұрақтары Қаратау, Маңғыстау, Орт. және Шығ. Қазақстан, Бетпақдала, Мұғалжар таулары, Балқаш к. маңынан ұшырасады. Археол. жұмыстар нәтижесiнде палеолит дәуiрiне жататын 500-дей ескерткiш орындары анықталып, олардың саны жылма-жыл артып келедi. Мезолит дәуiрiнде садақ пен жебенiң пайда болуына орай кезбе аңшылар тобы бөлшектенiп кеткендiктен, бұл дәуiр тұрақтарының (жалпы саны 50 шақты) зерттелуi мардымсыз.
Қазақстанның неолит (тұрақтар мен қоныстарының жалпы саны 800-дей), қола дәуiрiнен қалған ескерткiш мұралар аса бай, алғашқы аталық тайпалардың көбейiп, өркендей бастағанын және ол тайпалардың көршiлес Сiбiр, Орал, Едiл бойы, Орт. Азия халықтарымен тығыз байланыста болғанын көрсететiн археол., антропол., этнол. дәлелдер көп (қ. Дала өркениетi; Көшпелiлiк; Қазақстанның көне заман мен орта ғасырдағы тұрғындарының антропологиялық сипаттамалары). Б.з.б. 1-мыңжылдықта Қазақстан аумағында өмiр сүрген ежелгi тайпалар көшпелi тұрмысқа ауысып, олардың өзара бiрнеше тайпалық бiрлестiктерi құрыла бастады. Солардың ең iрiлерiнiң бiрi — сақтар. Олар Сыр бойы, Қаратау, Талас өлкесiнен бастап Тянь-Шань тауларына дейiнгi оңт.-шығыс беткейдi мекендедi. Арал т. мен Сырдарияның сағасын, Әмудария бойын мекендеген тайпалар массагеттер одағына бiрiктi. Сақ тайпалары Солт. Қара т. өңiрi мен Днепр бойын мекендеген скифтердiң және төм. Едiл бойы мен Оңт. Орал өңiрiндегi савроматтардың, Кир мен Дарий I және Александр Македонский дәуiрiндегi гректердiң тұсында өмiр сүрген.
Сақ тайпалары тарихы мен олардың материалдық және рухани мәдениетiнiң аса маңызды деректерiнен (қорым, көмбе, т.б.) қазақ халқының мәдениетi бастау алады. Б.з.б. (3 — 1 ғ-ларда, б.з. басындағы 1 — 5 ғ-ларда) қазiргi Қазақстан жерiнiң оңт-нде, Сырдария, Талас, Шу өзендерiнiң бойында, Жетiсуда, Солт., Батыс, Шығыс және Орт. Қазақстанда ежелгi сақ тайпаларының негiзiнде өркендеп, жаңадан бiрлескен тайпалар одағы пайда бола бастады. Олардың iшiнде қуатты мемлекетке айналып, тарихта, мәдениетте, өнерде белгiлi iз қалдырғандары — ғұндар, үйсiндер, қаңлылар, сарматтар. Олар б.з. 5 ғ-на дейiн өмiр сүрiп, көп елмен қарым-қатынас жасады. Өркениеттi мемлекеттер олармен байланыс жасауға құштар болған. Бұл мемлекеттер, негiзiнен, көшпелi және жартылай көшпелi мал ш-мен, кен қазумен шұғылданып, Жетiсу төңiрегi мен Шу, Талас, Сырдария, т.б. өлкелерде отырықшылық жағдайда суармалы егiншiлiкпен, балық аулау кәсiбiмен айналысты.
Қ-дың шығу тегiне ежелгi жергiлiктi сақтардан кейiн ерекше негiз болған, әсiресе ғұндар, үйсiндер, қаңлылар. Ұзақ заманғы бұл этн. процесс б.з.б. жүз жылдың 1-жартысынан басталып, б.з. 5 — 6 ғ-нда толық қалыптасып үлгердi. Қазақ халқының негiзiн құраған көп тайпалар 552 ж. Түрiк қағандығының құрамына кiрiп, чұмығұн, дай, ирки, чуре, чубан (Шуманақ), дулу деген әр түрлi атпен белгiлi болды. 603 ж. құрылған Батыс Түрiк қағандығының этн. саяси негiзi «он тайпа” (он оқ будун) болды, олар Қаратау баурайынан Жоңғарияға дейiнгi аралықта жатқан ежелгi үйсiн жерiн жайлады. Шу өз-нiң шығыс жағында дулудың бес тайпасы, ал батыс жағында бес тайпалы нушебилер мекендедi. Оның орнына Түргеш қағандығы (704 — 756), одан кейiн Қарлұқ қағандығы (756 — 940) орнап, жоғарыда аталған тайпаларға үстемдiк еттi. Бұл мемлекеттер дәуiрiнде отырықшылық бел алып, егiн ш. дамыды, қалалар өркендеп, сауда-саттық жанданды.
Бұл кезде Жетiсу мен Талас бойында қарлұқтар, шiгiлдер, яғмалар, адғұлар мекен етсе, Орт. Қазақстан мен Сырдария бойында оғыздар мен қыпшақтар үстемдiк еттi. 9 ғ-дың аяғы мен 11 ғ-дың басында оғыз тайпалары Сырдарияның орта ағысынан Едiлдiң төм. бойына дейiнгi кең-байтақ аумақты мекендедi. Оғыздардың қоныс-өрiстерi Ырғыз, Орал, Ембi, Ойыл өзендерiнiң бойларында, Сырдария бойындағы Қаратау баурайлары мен Исфиджаб шегiне дейiн шашырап жатқан. Оғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал — Каспий далаларының үндi-еуропа және финн-угор тектес ежелгi (негiзiнен, түркiлендiрiлген) этн. топтары және сонымен бiрге Жетiсу мен Сiбiрдiң халаджы, жагар, чарук, қарлұқ, имур, байандұр, қай секiлдi көшпелi және жартылай көшпелi тайпалар да кiрдi. Оғыздардың батысында Едiл мен Жайық арасында печенегтер (бесенелер) мекендедi. Кейiн оғыздар — түрiкмен халқының, бесенелер — қарақалпақ халқының негiзiн құрса да, олардың кейбiр топтары қазақ халқының да шығу тегiне әсерiн тигiздi.
9 — 11 ғ-лар басында өмiр сүрген Қимақ қағандығының аумағы Солт., Шығ., Орт. Қазақстанды алып жатты. Бұл федерацияға алғашқы жетi тайпа: эймур, имек, татар, байандұр, қыпшақ, ланиказ, ажлар тайпалары кiредi. Қимақтарға (кимектерге) қарасты аумақта қыпшақ бiрлестiгiмен қоса 11 — 12 ғ-ларда жекелеген топтары қыпшақтардың рулық-тайпалық құрамына кiрген кумандар да айтылады. Олар 9 — 10 ғ-лардағы жазбаша деректер мәлiметтерi бойынша Бат. Қазақстан аумағын мекендеген және қимақ (кимек), қыпшақ, куман тайпаларының үш құрамды бiрлестiгiнiң батыс тармағы болған. 10 ғ-дың орта шенiнде Қашқар және Жетiсу жерiнде түркi тектес қуатты Қарахан әулетi (942 — 1210) билеген күштi мемлекет құрылды. Кешiкпей Қарахан ұрпағының хандары Әмудария мен Сырдария аралығындағы ол кезде әлсiрей бастаған самани әулетi билеген мемлекеттi бағындырып алды. Мұның өзi Орта Азия мен Қазақстан халықтарының экономикасы мен мәдениетiне зор әсерiн тигiзiп, Жетiсу, Шығ. Түркiстан және Орта Азия халықтары мен тайпаларының арасындағы өзара байланысты күшейттi.
Найман, керейiт, жалайырлардың ертеректегi мемлекеттерi Орт. Азияның шығысында — Қазақстанмен шектесiп жатқан Моңғолия аумағында пайда болса да, олардың қ. тарихына тiкелей қатысы бар. Моңғолдар талқандағаннан кейiн найман мен керейiт топтары, жалайырлар қалыптасып жатқан көптеген түркi халықтарының құрамына, атап айтқанда қазақ халқының құрамына бiртiндеп сiңiсе бердi. Наймандар моңғол кезеңiнде Сырдарияға дейiн жетiп, қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен. Керейiттер Едiл бойына дейiн барып, кейiнiректе өзбек пен қырғыз құрамына, ал шағын тобы Қ-дың құрамына кiрдi. Қазақстанның солт. және солт.-шығыс аудандарында көшпелi мал ш-мен айналысқан қыпшақтар өмiр сүрдi. Қыпшақтар 11 ғ-да кең байтақ қазақ даласы мен Оңт. орыс даласына үстемдiк еттi де, 12 ғ-да Днепр өз-не дейiн жайлап жатты. Қыпшақтар, негiзiнен, қазақ халқының құрамына енсе, олардың кейбiр топтары кейiнiрек өзбек, қарақалпақ, башқұрт және қырғыз халықтарының да құрамына қосылды. 12 ғ-дың 2-жартысында Жетiсу мен Оңт. Қазақстан өлкесiндегi үстемдiк еткен қидандар (1128 — 1213) да қазақ халқының құрамында өзiндiк iз қалдырды. Бұлар жергiлiктi түркi тектес халықтармен араласып, Қ-дың және кейбiр Орт. Азия халықтарының да этн. құрамына бiршама әсерiн тигiздi. 11 — 12 ғ-ларда Қазақстанның далалы аудандарын мекендеген түркi тайпаларының өзара бiрiгiп, отырықшылық жағдайда егiншiлiгi дамыған аудандармен экон.-мәдени қарым-қатынас жасауының жақсаруы қазақ халқының қалыптасу барысындағы елеулi кезең болды.
Қ-дың бiр тұтас халық болып қалыптасу жолында 13 ғ-да басталған моңғол шапқыншылығы да айтарлықтай iз қалдырды. Жетiсу халқы Шыңғыс ханға ешбiр қарсылықсыз берiлдi. Одан ығысып келген бiрқатар тайпалар Қазақстандағы этн. өзгерiстердiң бiршама сапырылысуына өз әсерiн тигiздi. Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейiн 13 ғ-дың ортасында Қ. жерiнiң көп бөлiгi Жошы ұлысына қарады, тек Жетiсу бойы Шағатай ұлысының қарауында болды. Қазақстанның солт.-шығыс бөлiгiнiң аз ғана бөлiгi Үгедей ұлысына ендi. Көп ұзамай моңғолдар жергiлiктi тұрғындармен, әсiресе, қыпшақтармен араласып, өзiндiк ерекшелiктерiнен мүлдем айрылды да, 14 ғ-да бүтiндей қыпшақ болып кеттi, қыпшақтың тiлiн, салт-санасын қабылдап, түр-түс жағынан да қыпшақтарға сiңiсiп кеттi. Моңғолдан кейiнгi кезең (14 — 15 ғ-лар) Шығ. Дештi-Қыпшақ, Жетiсу мен Оңт. Қазақстанның кең аумағындағы көшпелi және жартылай көшпелi, отырықшы-егiншi халықтың бас қосып бiрiгуiмен сипатталады. Бiрыңғай халық пен оның мемлекеттiгiн құру жолындағы тарихи қам-харакеттiң дамуы аймақтың саяси бытыраңқылығын болдырмау iсiнiң аса қиын жағдайында өтедi.
Моңғол империясы ыдырағаннан кейiнгi кезеңiнен соң осы аймақ халқының саяси өмiрiнiң дамуы жергiлiктi этн. негiзде пайда болған бiрнеше мемл. құрылымның оңашалануы арқылы өтедi: олар Ақ Орда, Моғолстан, Әбiлхайыр хандығы (Көшпелi өзбектер мемлекетi), Ноғай Ордасы. 14 ғ. мен 15 ғ-дың бас кезiнде Қазақстан халқының мемл. бытыраңқылығының сақталып қалуы — жаңадан ғана құрыла бастаған қазақ халқының этн. даму жолының, үш жүздiң түзiлуi сияқты, ерекшелiгiнiң тууына себепшi болды. Тарихи дамудың сол кезеңiнде iлгерiде айтылған мемлекеттер шеңберiндегi этн.-саяси эволюциялық өзгерiстер жаңадан ұйымдасып жатқан көршi түркi халықтары — өзбек, қырғыз, татар, ноғай, т.б. үшiн де белгiлi дәрежеде ортақ болды. Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасындағы тайпалар мен тайпалық бiрлестiктер экон. дамуының деңгейi, қоғамдық қатынастары мен мәдениетi жағынан бiр-бiрiмен өте жақын едi. Қалыптасып қалған қазақ халқының жекелеген бөлiктерiнiң бiрнеше саяси бiрлестiктерге — мемлекеттерге енуi, өндiргiш күштердiң әлсiреп, мұның iшiнде адам санының кемуiне, экон. құлдырауына, туыстас этн. топтардың бытырап кетуiне, олардың саяси және шаруашылық байланыстарының үзiлуiне әкелiп соқтырған үздiксiз соғыстар мен Жошы әулетi арасындағы, рулар мен тайпалардың басшылары арасындағы өзара алауыздық талас-тартыстар мұндағы ха-лықтардың бiрiгiп нығаюын тежеп отырды.
Сол себептi этн. өзара жақын топтардың саяси бытыраңқылығын жеңiп шығу iс жүзiнде бiр тектi халыққа айналып болған қазақ тайпалары мен руларын мемлекетке бiрiктiру қажеттiлiгiн алға тартты. Оның шешiлуiне Қазақ хандығын құру нақты мүмкiндiк туғызды. Қазақ хандығының құрылуы Шығ. Дештi Қыпшақ, Жетiсу, Оңт. Қазақстанның кең-байтақ жерiнде етек алған әлеум.-экон. және этно-саяси құбылыстардың заңды қорытындысы едi. 15 ғ-дың ортасында Әбiлхайыр хан қайтыс болғаннан кейiн, оның қол астындағы көшпелi тайпалар бiрлестiгi ыдырап, «Қазақ”, «Өзбек” хандығы болып екiге бөлiндi. Қазақ хандығы бұрынғы Жошы ұлысының Шығыс өлкесiн (Ақ Орда) тегiс мирас етiп, Жайық пен Ертiс, Түмен мен Сырдария арасын қоныстанды. 15 ғ-дың соңы мен 16 ғ-дың басында бұларға Моғолстан өлкесiн мекендеген Ұлы жүз қазақтары (Үйсiндер, Дулаттар) қосылды. Қ. мемлекеттiгiнiң белгiлi жерi болуымен бiрге, оның барлық халқы ортақ бiр тiлде сөйледi, шаруашылығы, тұрмыс-салты өзара ұқсас, етене жақын болды. 15 ғ-дан 16 ғ-дың бас кезiне дейiн бұлар бiрде өзбек, бiрде қазақ атанып жүргенiмен, «қазақ” деген этн. атау түпкiлiктi орныға бастады. 15 — 16 ғ-ларда Қазақстан жерiнде болған iрi-iрi саяси оқиғалар нәтижесiнде Ноғай, Сiбiр және Моғолстан хандықтарының ыдырауына байланысты, көптеген тайпалар мен этн. топтар қазақ хандығының құрамына ендi.
16 ғ-да Қ. қауымының үш жүзге бөлiну процесi аяқталды. Ұлы жүзге — Үйсiн одағының маңына топтасқан сарыүйсiн, дулат, қаңлы, албан, суан, жалайыр, шапырашты, шанышқылы, ошақты, ысты, сiргелi тайпалары; Орта жүзге — арғын, найман, қыпшақ, керей, уақ, қоңырат тайпалары; Кiшi жүзге (Алшын одағының тобына) жетiру, әлiмұлы және байұлы сияқты рулар бiрлестiктерi кiрдi. Бұлардың көпшiлiгi — Алтын Орда дәуiрiндегi ноғайлылар едi. Сондай-ақ, олармен аталас рулар Едiлдiң төм. сағасында, Солт. Кавказда, Қырымда ұшырасады (жағалбайлы, берiш, шеркеш, малқар, т.б.). 16 ғ-да Қасым хан тұсында Қазақ хандығындағы халық саны 1 млн-ға жеткен. Этн. аумағы кеңейген. Ақназар, Тәуекел хан, 17 ғ-да Есiм, 17 ғ-дың соңы — 18 ғ-дың басында Тәуке хан үш жүздi бiрiктiрдi (қ. Қазақ хандығы). 1635 ж. құрылған Жоңғар хандығы Қ-ға қарсы басқыншылық саясат ұстанды. 18 ғ-дың 1-ширегiнде бiрнеше iрi-iрi жорықтар ұйымдастырды. Ең iрiсi 1723 — 25 ж. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” қазақ халқына зор ауыртпалықтар әкелдi. Тәуке қайтыс болғаннан кейiн үш жүздiң бiр-бiрiнен дербестенiп, алшақтануы Қазақ хандығының қуатын әлсiреттi. Жоңғарлар Қ-дың бiр бөлiгiн этн. аумақтарынан шалғайға ысырып тастады. Мал мен жайылымнан жаппай айырылу, шаруашылық күйзелiсi хандар беделiн түсiрiп, жаугершiлiк пен алауыздықты күшейттi. Саяси және экон. қиын жағдайда Қазақстанның Ресейге қосылу мәселесi алға тартылды. Қ-дың сыртқы саяси жағдайының күрделiлiгi Әбiлқайыр ханды Кiшi жүзде Ресей протекторатын қабылдауға мәжбүр еттi.
1734 ж. Орта жүздiң бiр бөлiгi Ресейге қосылды. 19 ғ-дың 2-жартысында Ресей үкiметiнiң жоспарлы түрде жүргiзген әскери-саяси шаралары нәтижесiнде, Қазақстанды империя құрамына қосу толық аяқталды. Қ. арасында кейiнгi орта ғасырларда меншiктiң бiрнеше түрi айқындалды: 1) мал мен мал ш. өнiмдерiне деген меншiктiң жеке дербес отбасылық түрiндегi меншiгi; 2) жерге немесе жайылымдарға қауымдық меншiк; 3) су көздерiне меншiк; 4) қауымдар ассоциациясының қарамағындағы малшылар тобы көшiп-қонатын аймаққа қатысты экономикадан тыс меншiк, Қ-дың әлеум. ұйымдасуы адамдар арасындағы бiр-бiрiмен байланысты әр алуан қарым-қатынас түрлерiне (қандас туыстық-отбасылық, шаруашылықтық, әскери, мәдени, этн., т.б.) негiзделдi. 1824, 1867 — 68 жылдардағы әкiмш.-саяси реформалары арқылы Ресей үкiметi қазақтарды басқарудың дәстүрлi жүйесiн жойды. Қазақстанның Ресейге қосылуы арқылы халықтар арасында шаруашылық айырбас пен басқа да қарым-қатынастар үшiн қолайлы жағдай туды, капиталистiк өндiрiс қатынастары кеңiстiгiне негiз қаланды. Ресейдiң отаршыл саясатына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерiлiстерi болып өттi. Оларды Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, т.б. басқарды. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Қазақстандағы егiншiлiкпен айналысатын халықтар арасындағы қазақтардың үлес салм. 55,4%-ға жеттi. Өнеркәсiп дамуы, т. ж-дар салынуы, су жолдарының кеңiнен пайдалануы қазақ жұмысшыларының қалыптасуының экон. негiздерiн қалады.
1917 ж. Қазан төңкерiсiне дейiн Қ-дың негiзгi кәсiбi көшпелi немесе жартылай көшпелi жағдайда мал өсiру, суармалы егiншiлiк болса, аңшылық пен балық аулау және қолөнерi де халық тұрмысында берiк орын алды. Қоғам өмiрiнде рулық-патриархалдық қатынастар үстем болып келдi. Кеңестiк үкiмет өткiзген кәмпескелеу, ұжымдастыру шаралары Қ-ды 1931 — 33 ж. ашаршылыққа ұшыратты. 1929 — 31 ж. Қазақстанда кеңес өкiметi саясатының асыра сiлтеулерiне қарсы 372 көтерiлiс болды. Көтерiлiстiң күшпен басылуына орай Қ. басқыншылыққа ұшырады. 1930 жылдың басынан 1931 жылдың ортасына дейiн Қазақстан аумағынан 281230 шаруа қожалығы сыртқа көшкен. Олардың едәуiр бөлiгi Қытайға, Иранға, Ауғанстанға өтiп кеттi. Қазақ этносы осы жылдары аса көп шығынға ұшырады. Ашаршылық және онымен байланысты туған iндеттер салдарынан 2 млн. 200 мыңнан астам адам қырылды. Бұл барлық Қ-дың 48%-ын құрады. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында мерт болған шамамен 410 мыңдай қазақстандықтардың басым бөлiгi Қ. едi. 1991 ж. 16 желтоқсанда мемлекет тәуелсiздiк жарияланған соң, қазақ ұлты өзiнiң ортақ мүддесi жолындағы бiрлiгiн нығайтты. Қазақ тiлi мемл. тiл болды. Қазақ халқының таңдаулы өкiлдерiнiң кеңестiк дәуiрде тыйым салынған есiмдерi ұлтымыздың мақтанышына айнала бастады, тарихи топонимика қалпына келтiрiлiп, ұлттық мәдениеттiң гүлденуiне жағдай жасалды. Шет елде жүрген отандастардың елге оралуына мүмкiндiк туды.
Шетелдегі қазақтар
Ресей Болжам мәліметтер бойынша қазіргі уақытта Ресей Федерациясында 1 310 000 этникалық қазақ тұрады, олардың 70%-дайы ауылды жерде тұрады. Біздің отандастарымыздың көпшілігі Ресей Федерациясының Қазақстанмен шекаралас 12 субъектілерінде жинақы тұрып жатыр. Бұл — Алтай өлкесі, Астархан, Орынбор, Самар, Қорған, Шелебі, Омбы, Сарытау, Волгоград, Новосібір және Түмен облыстары. Қазақтардың белгілі бір саны Мәскеуде, Сант-Петерборда, Татарстанда, Қалмақияда, сондай-ақ Ресейдің басқа да облыстарында өмір сүруде. 1999 жылдың басында Ресей Федерациясының өңірлерінде тұрып жатқан қазақтар туралы мынандай мәліметтер болды:
Астархан облысы — 135 000, Орынбор облысы — 115 000, Волгоград облысы — 46 000, Шелебі облысы — 34 000, Алтай өлкесі — 24 000, Қорған облысы — 19 000, Түмен облысы — 18 000, Самар облысы — 16 000, Новосібір облысы — 14 000, Мәскеу — 10 000, Сант-Петербор — 8 000, Ханты-Мансы аймағы — 4 000, Томбы облысы — 2 000, Сахалин облысы — 1 000
Алтай Республикасы. 1989 жылғы мәліметтер бойынша Таулы Алтай автономиялық облысының Көшағаш ауданында халықтың 39,6% – төлеңгіттер мен алтайлықтар, 54,4 % (9 000 адамдай) – қазақтар. 1989 жылы ауданда 8 200 қазақ және 7 013 төлеңгіттер (алтайлықтар) болған; 1993 жылы – тиісінше 6 377 және 7 264 адам. Соңғы жылдары көшіп келу азайды, кері процесс байқалды. 1995 жылы аудан халқы 15 748 адам болса, соның 7 999 қазақ, 7 555 төлеңгіт (алтайлық). Дамудың қазіргі кезеңінде қазақ диаспорасына жалпы екі процесс тән: этникалық сәйкестілікті сақтау және Қазақстанға оралу. Этникалық өзін-өзі тану деңгейінің көрсеткіші ретінде қазақтардың басым бөлігінің өздерінің шыққан тектерін, немесе рулық топтарын білуін, өзінің тарихи салт-дәстүрлерін білуін бөліп қарауға болады. Мысалға, Көшағаш ауданының қазақтары бұл мәселеге хабардар екендігін атап өтеді, қазақ этностарының жүзге бөлінетінін жадында сақтаған. Көшағаш ауданындағы қазақтардың негізгі бөлігі өздерін орта жүзге жатқызады – 48%, ал 2% — ұлы жүзге және 1% — кіші жүзге жатады, қалғандары өздерінің рулары туралы жауап беруге қиналады. Алтай қазақтары өз салт-дәстүрлерін тұрмыстық, материалдық мәдениет деңгейінде сақтайды. Көшағаш ауданының қазіргі тұрмысы салт-дәстүр ерекшеліктерінің жақсы сақталуымен ерекшеленеді. Ұлттық аспаптар көбінесе отбасылық тұрмыста қолданылады – қазақтардың 70%-дан астамы ұлттық аспаптарды пайдаланатынын айтады, шамамен сонша адам ұлттық кием киеді. Сол сияқты ұлттық тұрғын үй нысаны — киіз үйлер де кең тараған. Алтайдағы қазақ халқының арасында нуклеарлық отбасылар басым. Туыстардың екі ұрпағы бірге өмір сүретін отбасылардың саны Көшағаш ауданындағы алтайлықтарда да, қазақтар да бірдей. Үш ұрпақтан тұратын отбасылардың түрлері қазақ этносының арасында анағұрлым сирек кездеседі. Төртұрпақты отбасылар да кездеседі, алайда қазақ халқында олардың саны шамалы ғана – бар-жоғы бір пайыз. Отбасылық рөлді ұстау бұрынығыдан қатаңдау бола бастады. Отбасындағы адамдардың мінез-құлқы туралы дәстүрлі түсінік жаңа нормалар мен құндылықтар жағына қарай ауыса бастады. Әдетте қазіргі отбасыларда «ерлердің» және «әйелдердің» ісі деп нақты бөліп қарау аңғарылмайды. Бірақ Көшағаш ауданындағы қазақ отбасыларының өмірінде дәстүрлік сипаттар бар, мысалға отбасындағы ерлердің бас болуы туралы ұғымның сақталуы. Этникалық сәйкестілікті сақталуына халықтың метистену деңгейінің төмендігі де жағдай жасауды.
Алтай қазақтарының арасында этникааралық некелер тарамаған. Некелердің көбі бір ұлт адамдары ішінде жасалады. Этникалық біртекті некеде 76% қазақтар тұрады. Халқының 9% қазақтар құрайтын Усть-Канск ауданында ұлтаралық некелер санының арту үрдісі басым: қазақтардың 40% өзге ұлт өкілдерімен некеде тұрады (23% — орыстармен және 17 % — алтайлықтармен). Алтай қазақтарының тағы бір ерекшелігі – діни фактор. Алтайлықтар «лауазымды» этнос мәртебесін алған, ал әлеуметтік инфрақұрылымда көшбасында тұрған қазақтар этникалық азшылық рөліне түсіп қалған қазіргі жағдайда өзін-өзі анықтау нысанына айналған діни фактор ерекше маңызға ие боп отыр. Ислам әлемімен (Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Түркия мұсылмандарымен) байланыс орнауына орай соңғы жылдардағы ауданның қарқынды «исламдануы» тек діни ғана емес, этникалық сананы да өзекті етіп отыр және Алтай Республикасы қазақтарының бірігуіне жағдай жасайды. Көшағаш ауданының этно-локалды топтары бабаларының діни ұғымдарын көзінің қарашығындай сақтауды. Аудан халқының басым бөлігі өздерін дінге сенетіндер деп санайды. Алтай мемлекеттілігінің шеңберінде Алтай Республикасының басқа халықтары сияқты қазақтар да мәдени және тілдік егемендігін алды. Республиканың заңнамалық актілері алтай және орыс тілдерін мемлекеттік тіл деп жариялады және қазақ тілін қазақтардың жинақы тұратын жерлерінде ресми деңгейде пайдалануға болады деп көрсетті. Қазақтардың 90%-дан астамы өз тілін ана тілі санайды және отбасында қазақ тілінде сөйлесіп, оны жақсы білетіндігін көрсетеді. Басқа этникалық топтармен өзара әрекеттестік жағдайында алтай қазақтары орыс тілін ғана емес, алтай тілін де меңгеріп, ол тілде көп жағдайда еркін сөйлейді. Көшағаш ауданындағы нақты полилингвизм әкімшілік-саяси факторлармен және күнделікті өмір қажеттіліктерімен, білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен негізделген. Алтайда көптеген онжылдықтар бойы білім беру тілі орыс тілі болып келді. Ұлттық білім беруді дамыту жөніндегі эксперименттің басталуымен ауданның көптеген мектептерінде (олардың арасында үш бастауыш, он орта, бір орталау мектеп бар) 1-4 сыныптарда ана тілінде (кенттің этникалық көпшілігінің тілінде) оқыту, 5-11 сыныптарда – ана тілі курсын сақтай отырып орыс тілінде оқыту енгізілген. Аудан әкімшілігі ұлттық мәдениеттерді сақтау мен дамытуға жағдай жасауда. Оның жәрдемімен Көшағашта Қазақ мәдениетінің орталығы құрылды. Алтай қазақтарының өзіндік ерекшеліктерін сақтаудың басқа да шаралары жасалып жатыр. 2001 жылы Көшағаш ауданының Жаңаауыл кентінде Ресей қазақтарының құрылтайы өтті. Құрылтайға Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путин өз үндеулерін жолдады. Құрылтайда басқа мәселелермен бірге қазақ тіліндегі жергілікті телевидение, баспасөз және радионы дамыту жоспарлары талқыланды. Іс жүзінде барлық қазақотбасыларының (95%) өз үй шаруашылығы бар, олар ет мен сүт өндірісінде жетекгі рөл атқарады.
Өзбекстан. Өзбекстан Республикасы Статистика орталығының ресми мәліметтері қазақтардың санын өте төмендетіп, 1 млн.-ға дейін жеткізіп отыр. Алайда қазақтардың саны 1 млн. 660 мың адам деп сеніммен айтуға болады, бұл шетелдегі қазақ диаспораларының үштен бірін құрайды. Олардың Өзбекстандағы жинақы тұратын жерлері Қарақалпақстан, Ташкент қаласы, Ташкент, Навои, Жызақ, Сырдария және Бухара облыстары. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өзбек тарапына азаматтық алудың оңайлатылған тәртібі туралы келісім жасауды ұсынған болатын. Алайда Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі қолданылып жүрген ішкі заңдарына сілтеме жасай отырып оны кейінге қалдыруды ұсынып, оны қаруадан бас тартты. «ҚР Азаматтығы туралы» Заңға қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін бұл мәселе шешілді. Мамандардың болжамы бойынша Отанына оралғысы келетін обасылар саны таяу жылдарда күрт өсіп, көшіп шығу жаппай бұқаралық сипат алуы мүмкін Мектептерде қазақ тіліндегі оқу құралдарының жетіспеуіне байланысты 2002 жылы Елшілік ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе ӨР Халыққа білім беру министрлігіне 5 млн. теңгенің оқулықтарын берді. 2005 жылы алыс және жақын шетелдегі, соның ішінде Өзбікстан, қазақ диаспорасының балалры үшін 5 сынып үшін 18 699 дана, 9-сынып үшін 19 300 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кекшн жіберілді. Өзбекстанның білім беру министрлігі қазақ мектептеріне арналған оқулықтар шығаруды ұйымдастырды, алайда оқулықтардың жетіспеуінен және өзбек мектептерінің латын әліпбиіне көшуінен қазақ мектептері қысқарып жатыр. Көрші Өзбекстанда тұратын қазақтардың проблемалары аз емес, бұл ана тілінде білім алумен байланысты проблемалар, ана тіліндегі мерзімді баспасөздерге жазылуға шектеу қою, мәдениет, әдебиет, өнер саласындағы проблемалар, әдеуметтік-экономикалық проблемалар.
Өзбекстанның аудандары мен қалаларында Қазақстан телевидениесінің хабарлары біртіндеп экраннан түсіп қалуда. Білім беру жүйесінде де өз қиындықтары бар, қазақ тіліндегі оқулықтар жетіспейді, қазақ тілінде оқытатын мектептер саны жыл өткен сайын қысқарып келеді, Өзбекстанның жалпы білім беретін мекемелері латын графикасына көшуі білім алуға қосымша қиындықтар туғызады. Диаспораның 60%-дайы ауыл тұрғындары. Олар мақта мен күріш егеді, мал шаруашылығымен, соның ішінде қаракөл қойын өсірумен айналысады. Қалалықтар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, тұрмыстық қызмет көрсету және басқа да материалдық емес салаларда жұмыс істейді. Этникалық қазақтардың мемлекеттік билік органдарындағы өкілділігі лауазымды ұлтпен салыстырғанда өте төмен. Республиканың қазақтар тығыз орналасқан өңірлері – Қарақалпақстанда, Ташкент, Навои облыстарында диаспора өкілі басшылардың саны соңғы жылдары елеулі қысқарды. Оларды басшы орындардан, жалақысы жоғары немесе беделді лауазымдардан босатып жатыр. Қазақ диаспорасы бұларды өздерінің әлеуметтік, саяси құқықтарының бұрмалануы деп қабылдайды, сондай-ақ биліктегілердің мұндай әрекеттері республикадағы, әсіресе қазақтар жинақы тұратын жерлердегі әлеуметтік шиеленіске әкеп соғуы мүмкін. Тұрмыстық деңгейдегі этникааралық жанжалдар санының артуы осының жанама дәлелі бола алады. Диаспораның әлеуметтік мәртебесінің төмендеуі, оның материалдық жағдайының нашарлауы, тіршілік етудің көптеген салаларындағы кепілді құқықтардың жоқтығы – ауыр тиетін процесс, алайда оны республикадағы қазақ халқын ғана шеттету деп қарамау керек. Бұл объективті процесс, өтпелі кезеңмен байланысты және ұлтына қарамастан елдің барша халқын қамтиды. Әлеуметтік мәртебесінің төмендегеніне қарамастан қазақ этносының жоғары бейімделу мүмкіндіктері оған жаңа жағдайда да қоғамдағы өзінің орнын табуға көмектеседі.