Павлодарда зауыт жұмысшысы өндіріс орнында опат болды
Бұл кәсіпорында адам өлімі соңғы рет 10 жыл бұрын тіркелген.
Павлодарда зауыт жұмысшысы өндіріс орнында қаза тапты, деп хабарлайды Zakon.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Қайтыс болған 33 жастағы азамат – алтыншы разрядты электрик маманы екен. Еңбек инспекторларының хабарлауынша, оқиға Қазақстан электролиз зауытында болған. Бірақ неден, қалай болғаны әлі нақтыланып жатыр. Дәрігерлер зауытқа дереу жеткенімен, азаматтың өмірін ажалдан арашалап қала алмады. Қазір тергеу жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл кәсіпорында адам өлімі соңғы рет 10 жыл бұрын тіркелген. Жалпы, облыстың өндіріс орындарында жыл басынан бері 30 қайғылы оқиға болған. Екі дерек жұмысшы өлімімен аяқталыпты.
Асқар Қапанов, облыстық еңбек басқармасының басшысы:
— Алдын ала болжам бойынша, жұмысшының үстіне құрал-жабдық арбасы құлаған. Оқыс жағдайдың нақты себебі алдағы 10 жұмыс күні ішінде анықталмақ. Қазіргі уақытта еңбек инспеткорлары тиісті шараларды қолға алды.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz