Алматылық жас ғалымдардың жобасы өңірлерде жалғасуда
Жоба мақсаты еліміздің педагогикалық жоғары оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ диалог алаңын құрып, ауылдық мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеру.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдарының бастамасымен қолға алынған «T2T Networking» жобасы Қызылорда облысындағы мектептерге таныстырылды. Бұл туралы Zakon.kz оқу орнының Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асанға сілтеме жасап хабарлайды.
Қыздар университетінің базасында құрылған Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығының ұйытқы болуымен қолға алынған бастама орта білім беру саласында басшылық қызмет атқаратын университет түлектері мен еліміздің педагогикалық жоғары оқу орнындағы жас ғалымдардың ортақ диалог алаңын құрып, ауылдық мектептердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін көтеруді мақсат тұтады.
Бұған дейін «T2T Networking» жобасы Алматы облысында ұйымдастырылған болатын. Жуырда жас ғалымдар Қызылорда облысындағы бірнеше мектепке арнайы іс-сапармен барып, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына жаңартылған білім беру бағдарламасына арналған кешенді республикалық семинар-тренингтер жүргізді. Атап айтқанда, шара барысында химия ғылымдарының PhD докторы Мөлдір Абдраймова мектеп басшылары мен оқушыларға Қыздар университеті туралы толыққанды мәлімет беріп, Қазақстан жас педагог-ғалымдары қауымдастығының жұмыс барысымен таныстырды. Ал, филология ғылымдарының PhD докторы, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Наргиза Балтабаева «ҰБТ-ның жаңа форматы және мамандықтар туралы толық мәлімет», «Жаңаша оқыту – заман талабы» тақырыбында шеберлік сыныбын, PhD докторы Шахислам Лайсханов «Ғарыштық түсірілімдерді пайдалану арқылы экологиялық мәселелерді анықтау», психолог Айсұлу Әубәкір «Өзіңе деген махаббат – өмірге деген махаббат» тақырыбында тренингтер өткізді. Сондай-ақ қолөнер шеберлері сәндік-қолданбалы өнер, әшекей бұйымдарды әзірлеуге арналған шеберлік сыныбын жүргізді. Жиынға Шиелі ауданындағы жас мамандар да қатысты.
– Жастар жылы мен Қыздар университетінің 75 жылдығы аясында қолға алынған жобаның көздеген мақсаты мол. Бұл бастама – оқу орны түлектерінің бәсекеге қабілеттігін арттырып, олардың жұмыспен қамтамасыз етуіне ықпал жасайды. Сонымен қатар педагогтардың кәсіби әлеуетін жетілдіреді және білім беруде жаңа технологияларды қолдануды дамытады. Біздің оқу орны студенттерінің басым бөлігі ауылдық мектептердің түлегі екендігін ескеретін болсақ, аталған білім ұялары жаңа білім беру бағдарламаларын толыққанды меңгеріп, жете танысқаны өте маңызды, – дейді жоба авторлары.
Жас ізденушілер қызылордалық жас мамандарды Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығымен бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Өз кезегінде Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов жас ғалымдарға игілікті іске ұйытқы болып отырғандары үшін алғысын білдіріп, бұл бастама аймақтағы мектеп мұғалімдерінің әлеуетін көтеруге серпін беретіндігін атап өтті.
Өңірге жасаған сапар аясында жас ғалым-педагогтар Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде ұйымдастырылған «Заманауи ғылымның болашағы – жастардың қолында» тақырыбындағы республикалық жиынға қатысты. Алқалы кеңеске Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің, «Болашақ» университетінің де жас ізденушілері қатысып, саладағы түйіткілді мәселелерді талқылады. Басқосу барысында Қыздар университетінің PhD докторы Жұлдыз Базаева «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретудің инновациялық әдістері», аға оқытушы Гүлмира Маханова «Қолданбалы қолөнер», ғылым магистрі Қайырден Баетов «Математиканы ағылшын тілінде оқыту», оқытушы Шынар Асылбекова «Білім беру жүйесінде электронды ресурстарды пайдаланудың тиімділігі» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді.
Жиын соңында Қазақстанның жас педагог-ғалымдары қауымдастығы мен «Болашақ» университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта бірлескен білім беру бағдарламаларын, оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, студенттердің бірлескен ғылыми зерттеулері мен жобаларын жүзеге асыру, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ықпал ету сынды мәселелер қарастырылған.
– Алдағы уақытта Қызылорда облысындағы жетекші жоғары оқу орнының бірі – «Болашақ» университетінің базасында Қыздар университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының филиалы ашылмақ. Бұл қос білім ордасы арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді, – дейді қауымдастық төрағасы Мөлдір Абдраймова.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, алдағы уақытта бұл шара еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасын таппақ.
Айта кетейік, өткен жылдың сәуір айында Қазақстанның жас педагог-ғалымдарының бірінші республикалық Слеті қарсаңында отандық жас педагог-ғалымдардың қауымдастығы құрылған болатын. Құрылтайшысы Қыздар университеті болып табылатын ұйымды құрудағы басты мақсат – мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас педагог-ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру. Сонымен қатар білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелер бойынша жас педагогтардың жүйеленген пікірлерін мүдделі тараптарға жеткізу, оқыту мен тәрбиелеудің тиімді технологияларымен алмасу да қарастырылған. Қауымдастыққа 35 жасқа дейінгі жоғары білім беру жүйесінде қызмет ететін, педагогика саласында ғылыми-зерттеу тәжірибесі бар оқытушылар мүше бола алады.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
[ad_2]
Zakon.kz