Кәкімбек Салықов | өмірбаяны
Кәкімбек Салықов 1932 жылы 22 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. 1947 жылы Көкшетау қаласындағы № 1 мектепте орташа білім алып, 1950 жылы Сырымбет тауы бөктерінде Казгородок қазақ орта мектебін бітірді. 1955 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітіргеннен кейін Жезқазған кенішінде кен мастері, участке бастығы, К.И.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы, Қазақстан КП қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Жезқазған комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарды. 1975 жылдан КОКП Орталық Комитетінің аппаратында инспектор болып қызмет істейді. 1984 жылы Өзбекстан КПОК-нің бюро мүшесі, Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін Кеңестер Одағы Жоғарғы кеңесінің экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы кеңестің Президиум мүшесі қызметтерін атқарды.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Сыр» 1977 жылы жарық көрді. Сол жылы «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тіліне аударылып жарияланды. 1981 жылы «Қырғызстан» баспасы оның «Нұрлы күндер» кітабын қырғыз тілінде, 1983 жылы Ғафур Ғұлам баспасы «Жезкиік» жинағын өзбек тілінде шығарды. «Букетовке реквием», «Эдельвейс», «Ғасырға тең бір мезет», «Че Гевара» атты поэмалары орыс тіліне аударылды. К.Салықов – «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікгүл», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмалардың авторы. Ақын жемісті еңбегін бүгінгі күнге дейін талмай жалғастырып келеді. Соңғы жылдары оның «Ойтолғақ» (2001), «Сырғалы сонеттер» (2001), «Күзгі шуақ» (2004), «Күзгі сарын» (2005), «Сенсің ел данасы» (2006), «Әлемнің сегізінші ғаламаты» (2006), «Мағжанға тағзым» (2008) кітаптары жарық көрді. В.В.Маяковскийдің «В.И.Ленин» поэмасын, А.С.Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романын, М.Ю.Лермонтовтың, Ю.П.Полонскийдің, Р.Ғамзатовтың, Алдан-Семеновтың, С.Норовчатовтың, В.Савельевтің, Я.Коластың, М.Львовтың, моңғол және өзбек ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Б.Жұманиязов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев сияқты композиторлар ақынның көптеген өлеңдеріне ән шығарды. «Жезкиік», «Сағыныш», «Аққу әні», «Үш арыс», «Бір ауыз сөз», «Оқжетпес», «Көкшетау», «Жамбыл ата» сынды туындылары халық әніне айналып кетті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте (ІХ, Х, ХІ) депутат болып сайланған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері (2001), Халықаралық Қ.Сәтбаев қорының президенті, Қазақстан Республикасы «Экология» академиясының академигі. Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Парасат» және Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.Шығармалары: Сыр. А., «Жазушы», 1970; Жезкиік. А., «Жазушы», 1973; Нұрлы күндер. А., «Жазушы», 1976; Добрые дни. А., «Советский писатель», 1981; Медная лань. (Орыс тілінде). А., «Жазушы», 1977; Жұлдызды жылдар тынысы. А., «Жазушы», 1978; Мәңгі шырақ. А., «Жазушы», 1979; Құтманды күндер. (Қырғыз тілінде). Бішкек. «Қырғызстан», 1981; Парасат сыры. А., «Жалын», 1980; Шын жүректен. А., «Жазушы», 1981; Жезкиік. Ташкент. (Өзбек тілінде). «Ғафур Ғұлам», 1984; Реквием. А., «Жібек жолы», 1995; Аққу жеткен. А., «Қайнар», 1995; Көкжиекке тартқан көш. А., «Жазушы», 1997; Тәттімбет. А., «Дәуір», 2002; Тәттімбет. Астана. «Фолиант», 2005; Қаныш жұлдыз жарқылы. А., «Баспагер», 1999; Түркістанға тағзым. Түркістан. «Түркістан университеті», 2000; Сәбит аға. А., «Жібек жолы», 2000; Ойтолғақ. А., «Жібек жолы», 2001; Сырғалы сонеттер. А., «Жалын», 2001; Под звуки домбры. Москва. «Художественная литература», 2001; Ұстазымның баласы. А., «Жібек жолы», 2001; Жанымның жақсы көрген адамдары. А., «АЭСИ», 2004; Бәйкен аға. А., «Үш қиян», 2002; Бәйкен жолы. Астана. «Фолиант», 2007; Отырар сазы. А., «Өнер», 2002; Отырар сазы. Астана. «Фолиант», 2005; Аққу жеткен. (әндері ноталарымен) А., «Үш қиян», 2002; Таңдамалы. А., «Өлке», 2002; Тарихтың тарланбозы. А., «Гауһар», 2003; Тарихтың тарланбозы. Астана. «Фолиант», 2005; Нар жігіт. А., «Үш қиян», 2003; Күзгі шуақ. Астана. «Фолиант», 2004; Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы. А., «Үш қиян», 2004; Ақын Тайжан. А., «Үш қиян», 2004; Ақсұңқар қанатында. А., «Үш қиян», 2004; Күзгі сарын. Астана. «Елорда», 2005; Жезкиік (таңдамалы). А., «Үш қиян», 2003; Бақыт жұлдызы. Астана. «Фолиант», 2005; Жезкиік (әндер). Астана. «Фолиант». 2007; Сенсің ел данасы. Астана. «Фолиант», 2006; Әлемнің сегізінші ғаламаты. Астана. «Фолиант», 2007; Мәңгі шырақ алауы (таңдамалы). А., «Жазушы», 2007; Көңіл назы. Өлеңдер жинағы. А., «Жазушы», 2008; Мағжанға тағзым. Өлеңдер мен поэма. Астана. «Фолиант», 2008; Аудармалары: Даладағы алау. (В.Савельев). А., «Жалын», 1981; Владимир Ильич Ленин. (В.Маяковский). А., «Жалын», 1988; Жайлау жыры. Гэндэнгийн Давааджиден. А., «Қазақпарат», 2001; А.С.Пушкин. Қанатты сөздері мен нақылдары. Астана. «Фолиант», 2006; А.С.Пушкин. Евгений Онегин. Астана. «Фолиант», 2006.