Жаңа әліпбиді ұлттық әліпбиге айналдырмай түк өзгермейді
Осы уақытқа дейін де қазақтың төл әліпбиі қалыптасқан. Оны жасаған Ахмет Байтұрсынұлы еді. Бұл әліпби қазақтың 28 төл дыбысын таңбалайтын араб әріптеріне негізделді. Осы әліпби қолданыста болған кезде (1914-1928) ондағы дыбыстардың саны мен сапасы туралы қазақ қоғамы арасында ешқандай дау-дамай болмап еді. Тіпті 1926-1928 жылдардағы қазақ жазуын латыншаға көшіруге байланысты туындаған дау-дамай кезінде де қазақ тілі дыбыстары туралы үлкен әңгіме бола қойған жоқ.
Тек оны сол арабша қалпында қалдырған дұрыс па, әлде латыншаға көшірген тиімді ме деген мәселе ғана көтерілген-ді. Өйткені А. Байтұрсынұлының әліпбиі мінсіз болатын. Оның қазақ тілі дыбыстық жүйесіне тән дыбыстар туралы тұжырымы мынадай: «Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты. Дауысты дыбыстар: а, о, ұ, ы, е. Дауыссыз дыбыстар: б, п, т, ж, ш, д, р, з, с, ғ, қ, к, г, ң, л, м, н. Жарты дауысты дыбыстар: шолақ у, шолақ й». Бұл дыбыстардың ішінде «қ» һәм «ғ» ылғи жуан айтылады. «К», «г» һәм «е» ылғи жіңішке айтылады. Өзге 19 дыбыстардың һәр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады» (Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992, 324-б.).
Дауысты дыбыстардың санын бесеу деп көрсетуінің себебі – олардың «е» дыбысынан басқаларының қазақ тілінің буын үндестік заңына қарай, ә, ө, ү, і болып жіңішке де дыбысталатынын ескергендігінен еді.
А.Байтұрсынұлы түзіп беріп кеткен әліпбидің осындай мінсіз екенін ескерген біз, бір мақаламызда: «Алдағы уақытта қазіргі қабылданған латын әріптеріне негізделген жаңа әліпбиімізді ұлттық әліпбиге айналдырмайымызша, еш өзгеріссіз қолданыста болып келе жатқан «тілбұзар» өзгетілдік сөздерді тіліміздің табиғи бітім-болмысына бейімдеп жаза да, айта да алмаймыз. Ол үшін қазіргі латынша әліпбиіміз 1928 жылғы латынша әліпбиіміз сықылды – Ахмет Байтұрсынұлының тоғыз дауысты және он тоғыз дауыссыз дыбыстардан тұратын ұлттық әліпбиіне негізделуі керек. Сонда ғана қазақ жазуы өзінің төл табиғатын тауып, айтылым (орфоэфия) мен емле (орфография) арасындағы сәйкессіздіктен арылып, өзгетілдік бүкіл сөзді «өзілік» ете алады» деп жазған едік.
Енді осы қиындық алдымыздан шығып отыр. Өйткені біздің латыншаға негіздеп қабылдаған қазіргі жаңа әліпбиіміз қазақ тілі дыбыстық жүйесіне толық бейімделмеді. Оның құрамына «в», «ф», «х/һ», «ч» деген жаттілдік дыбыстар мен соларды таңбалайтын әріптер еніп кетіп, ұлттық әліпби болмай қалды. Осы дыбыстар қолданылатын өзгетілдік сөздерді қазақшалап жазып-оқуды (айтуды) бір жөнге келтіру аздай-ақ, өз тіліміздің төл дыбыстарының тіркесімімен айтылатын сөздерді де дұрыс жаза алмайтын жағдайға тағы да тап болып отырмыз. Бұған жол беріп отыруымыздың басты себебі – латынға негізделген жаңа әліпбиіміздің дұрыс құрастырылмағаны болса, екінші себебі – кирилше әліпбиіміздің емле ережелеріне байланып қалғандығымыз болса керек. Әлбетте, «бұрыс әліпбиден дұрыс емле шықпайды».
Қазақ тілін зерттеген В.В. Радлов, Н.И. Ильминский, П.В. Мелиоранский сияқты орыс ғалымдарының және А. Байтұрсынов бастаған кейінгі қазақ тілші ғалымдарының ғылыми тұжырымдамалары бойынша қазақ тілі дауыссыз дыбыстарының жетеуі (л, м, н, ң, р, й, у) – үнді дауыссыз дыбыстар. Дауыс (үн) «м» мен «н» дыбыстарын жеке айтқанда соңынан қосылатын болса, қалған бесеуінің алдына қосылады. «Л», «ң», «р», «й» дыбыстары өзге дауыссыз дыбыстармен сөз басында, сөз ішінде, сөз соңында тіркескенде олардың алдында үнемі қысаң дауысты дыбыстар «ы/і» айтылады (дыбысталады). Олардың айтылуы – «ыл/іл», «ың/ің («ңөң» сөзі тілдік қорымызға қосылған болса, оның дыбысталуы «іңір», «ыңғай» деген т.б. сөздер сияқты [іңөң] болуы керек)», «ыр/ір», «ый/ій» болса, ал «у» дыбысының жеке тұрып айтылуы – «ұу/үу».
Біз кезінде қазақ тілі жазып-сызуында (графикасында) үнемділік заңын сақтаймыз деп өрескел қателікке жол бердік. Нәтижесінде «й» мен «у» дауыссыз дыбыстарының алдында келетін «ы, і, ұ, ү» дыбыстарын сөздің барлық жерінде жазбайтын болдық. Содан қаншалықты жақсы нәтижеге қол жеткізгенімізді ешкім нақты айта алмайды. Айта қалса, «миссисипи», «миссури» деген сияқты орысша жазылған сөздерді қазақшалап жазған кезде тым ұзарып кетеді» деп атам қазақтың кез келген баласы бәленбай жылда бір рет те жазып қолданбайтын сөздердің жазылуына бас ауыртады. Керісінше, аталмыш дыбыстардың қазақ сөздерінің барлық орнында жазылуы керектігі күні-бүгінге дейін өзекті болып келеді. Осындайда ұлы ағартушы А.Байтұрсынұлының: «Дұрыс емле мен қате емлені айыруға менің ойымша былай қарау керек шығар деймін: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек, тілдің табиғатына қарамай зорлап, емлеге таңып байласа, қытай қатындарының аяғы болып шығады» (аталған әдебиет, 395-б.) – деген тұжырымы еске түседі.
Екі тілдің дыбыстары араласып кеткен қазіргі «орыс-қазақ» әлімбиіміздегі, әсіресе бәрімізді шатастырып жүрген «й/и», «у», «ы» таңбалары. Шатастыруының негізгі себебі – олардың дыбыстық мәндері екі тілде екі түрлі екеніне мән бермеушіліктен туындаған. «И/й» орыс тілінде бірде дауысты (долгий), бірде дауыссыз (краткий) болса, «у» орыс тілінде дауысты дыбыс, ал қазақ тілінде үнді дауыссыз. «Ы» – екі тілде де дауысты дыбыс, бірақ әр тілде екеуі екі түрлі дыбысталады. Қазақ тілінді «ы» дыбысы келте дыбысталса, орыс тілінде «ый» түрінде дыбысталады. Соған қарамастан, кирилше қазіргі «орыс-қазақ» әліпбиімізде екеуіне (у, ы), қасақана болар, бірдей таңба берілген.
Енді ерін-еріндік (қос ерін), жуысыңқы, үнді «у» дауыссыз дыбысына арнай тоқталайық. Мұндай дауыссыз дыбыс ағылшын тілінде бар (w), орыс тілінде жоқ. Сол себептен көп адамдарды шатастырып жүр. Мәселен, әлемге аты әйгілі ақын ағамыз Олжас Сүлейменовтің өзі қазақ тіліне тән «у» үнді дауысысыз дыбысы келетін «ауыл» сияқты т.б. сөздерді орысша қалай жазылса, қазақша да солай жазу керек, «у» дыбысынан кейін «ы» (оның ойынша, орысша «ый») дыбысын жазып, қазақ тілі профессорлары қатты қателесіп жүр. Олардың өздері – сауатсыз» деп қағыс айтып отырса да, қазақ тіліндегі «у» дыбысының ерекше бір қасиетін қазақы түйсікпен терең сезінген. Өйткені ол жанды (ауызша) тілдегі [ауұл] сөзінің айтылуын жиі естігендіктен, «аул» деп жазылғанын дұрыс көреді. Рас, «аул» деп жазылған қалпындағы «у» дыбысын орыс тіліндегі дауысты дыбыс ретінде оқысақ, қазақша жанды тілдегі айтылымына барынша жақын келеді. Бірақ қазақ тіліндегі оның айтылымы, демек дыбысталуы [aуұл] екенін ол кісі сияқтылар қайдан білсін. Олар тұрмақ қазақтілділердің, оның ішінде қазақ тілі дыбыстық жүйесінің профессорларының өздері осы бір «ерін-еріндік, жуысыңқы, үнді «у» дауыссыз дыбысы өзінің алдында да, артында да қысаң езулік дауыстылардың (ы, і) қолданылуын мүлдем жатырқайтынын білмейді-ау дейміз. Дегенмен қазақ тіліндегі бұл дыбыстың өзіндік ерекшелігін нағыз мамандар кезінде айтуындай-ақ айтқан, дәлелдеп жазып кеткен.
Мәселен, бұл туралы қазақ тілі дыбыстық жүйесінің профессоры Мырзабектен Сапархан кезінде былай деген еді: «Еріндік дауыстылар ғана емес, дауыссыз у (тау) да өзінен кейін қысаң (е, ы, і) дауыстыларды жолатпайды. Қазақ сөзін алғаш зерттеген Н.Ильминский ауұл, ауұз, ауұтқу түрінде хатқа түсіргені мәлім. В.Радловта: әуө, әуөс, дәурөн, дәулөт, жауұрұнды, зауұқшұл, жолаушұ, П.Мелиоранскийде: ауұздұқ, біреудү, күйеудүң, таудұң т.б.» (Қазақ тілінің айтылым сөздігі. – Алматы: «Сөздік-Словарь», 2001, 11б-б.).
Енді қазақ тіліндегі «ауыл», «жауыр», «қауын», «тауық», «суық» сияқты т.б. сөздерде жазылып жүрген «у», «ы» әрпі туралы орысша оқитындардың өз пікірлерін берсек, осы дабыс-әріптердің сол сөздерде қате таңбаланып жазылып әрі қате оқылып жүргеніне көзіміз жете түседі: «… Старательно следуя методу аудиолингвистического обучения казахскому языку, вы уже пишете и говорите казЫна, барЫс. У нас у казахов, есть пословица: «Если товарищ слепой – зажмурь глаза» («егер жолдасың соқыр болса, көзіңді қыс»). Пословица имеет двоякий смысл: или как солидарность в поддержку ближнего, или как усмешка над бесполезней затеей сердобольного товарища. Не знаю, в каком смысле подражают наши русскоязычные казахскому написанию и произношению своих слов как казна, барс. Эти тюркские слова, как отмечаются в русских этимологических словарях, в письменных источниках фиксируются с 16 века. Да и по-казахски звучат эти слова точно так же, как в русском. Только в новейшее время наши фонетисты заставляют казахов писать и говорить для ради отличия от русского казЫна, барЫс, ценою вульгаризации казахского языка.
… Слово «аул», бытующее от Крыма до Алтая, через труды русских историков, писателей и поэтов известно всему миру. Но мы казахи в пику всему миру пишем «ауЫл». Олжас Сулейменов по этому поводу писал: «…гулкое, легкое слово «аул» превратилось в безобразное, завывающее «ауЫл». Здесь горловое «Ы» почти не звучит, если конечно старательно не выть. Но ведь, если надо, можно сколько угодно тянуть: ау-у-у-л, или выть ау-ы-ы-ы-л. Наше, казахское ыкание нельзя обосновать особенностью народного говора. … Наше ыкание нельзя обосновать также и физиологией казахов» (http://yvision.kz/post/298102).
Бұл жерде осы мәтінің авторы қазақ тілінің «у», «ы» дыбыстарының өзіндік ерекшелігін және «у» дыбысынан кейін «ұ», «ү», «ө» дыбысы айтылатынын білмейтіні бір басқа, қазақ тілінің «ы» дыбыс-әрпін орысша «ый» болып дыбысталатын әріппен де шатастырып отырғаны ақиқат.
Қалай дегенмен, қазақ және орыс тіліндегі дауысты-дауыссыз дыбыстардың сапалық, сандық жағында да, олардың бір-бірімен тіркесуінде де үлкен айырмашылықтар бар. Әсіресе «ы» мен «і» қысаң дауысты дыбыстарының қазақ сөздеріндегі орны ерекше. Бұл дыбыстар, жоғырыда айтқанымыздай, қазақ тілі дауыссыз дыбыстарының барлығымен тіркесіп, селбесіп айтылады. Соған қарамастан, біз «жазуды үнемдейміз» деген желеумен «р» мен «л» дыбыстары сөз басында қолданылса, олардың алдындағы «ы/і» дыбыстары жазылмайды. Ал «й» мен «у» дыбысының алдында барлық жерде жазылмайды» деп қолдан емле (дұрысы – еміле) ережесін жасап, жанды тілді жазуға байлап қойдық. Осындайды көргенде: «Егер жазудағы үнемділік заңын сақтаймыз десек, «ала қойды бөле қырыққандай» болмай, онда барлық үнді дауыссыз дыбыстардың, тіпті барлық дауыссыз дыбыстардың алды-артынан дыбысталатын «ы» мен «і» дыбыстарын тіліміздің буын үндестік заңына сүйене отырып, барлық жерде жазбай-ақ қойсақ, қайтеді? Мәселен, «білімділіктің, тіршіліктің, тынышсызтықтың, қиыншылықттың» деген сияқты барша сөз тұлғалардың құрамындағы «ы/і» дыбыстарын «білмдлктң, тіршлктң, тыншсздқтң қыйншлқтң» деп тек алғашқы буында ғана жазсақ, болмай ма?» деген де ой келеді. Міне, жазудағы нағыз үнемділік сонда болар еді-ау!
«Й» мен «у»-дың алдындағы дауыстылардың жазылмауы бір қарағанда жазып-сызудың (графика) үнемділік заңы бойынша дұрыс сияқты, ал тереңірек бойлап, кеңірек ойлап қарасақ, біздің ойымызша, мұнда орыс тілінің дауысты «и» мен дауысты «у» дыбыстарын қазақ тіліне біртіндеп енгізудің жымысқы саясаты жатқандай. Айталық, түр-тұрпатын еш өзгертпей, тіліміздің дыбыстық заңдылығына бейімделмей еніп, қолданыста жүрген «институт», «университет», «инстаграм», «уран» сияқты т.б. сөздердің аса көп екені белгілі. Егер біз қазақ тілінің үнді дауыссыз дыбыстарының алдында дыбысталатын дауыстыларды жазбайтын болсақ, біртіндеп орыс тілінің дауысты «и», «у» дыбыстарын қазақша мәтінде әдеттегідей орыс тілінде қалай жазылса, солай жазып-оқи (айта) беретін боламыз. Бұның уақыт өте келе, осындай қатерлі тұсы болатынын Қ.Жұбанов, С.Аманжолов т.б. уақытында аңғармаған сияқты. Әлбетте, төте жазу кезіңінің аяғына таман (1924 ж.) екі дыбысты (ый/ій, ұй/үй) бір әріппен таңбалайық деген ұсыныстар болды. Бірақ араб әріптеріне негізделген әліпбимен жазуда бұның қаупі аса жоғары болмады. Содан болар, А.Байтұрсынұлы бұны қоштағандай болды. Кейін кирилге көшкеннен бастап, енді латынша жаңа әліпбиге көшу барысында өз дыбысымыздан өзіміз айырылып қалатындай жағдайға тап болып отырмыз. Сондықтан да екі дыбысты бір әріппен жазудың тиімділігі бар ма, жоқ па дегенге жаңа әліпбиге көшкен кезде жаңа заманның (рухани жаңғыру) талабымен жаңаша қарауымыз керек деген ойдамыз.
Исхан Бейбіт Жәлелұлы, ф.ғ.к., доцент, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі
Abai.kz