Шариғаттың иісі аңқып тұрған шығарма / Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ, «Әл-Ләтиф» мешітінің бас имамы Ақтөбе қаласы

0

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ, «Әл-Ләтиф» мешітінің бас имамы Ақтөбе қаласы

Қазақ әдебиетінің проза жанрына «Парасат майданы», «Оң қол» атты әңгімелерімен қосылған Төлен Әбдіктің шығармаларымен жақсы таныспын. Бірақ Кеңес үкіметі тұсындағы «қылышынан қан тамып тұрған» атеистік саясаттың құрбанына ұшыраған қазақтардың өз діндеріне қалайша бекем болғандығын суреттейтін «Таласбай» атты шығармасын ерекше ұнаттым. 

Әңгімені Төлен аға: «…Біздің ауылда Таласбай деген молда болды», («Парасат майданы», 585-бет. Алматы, Раритет, 2012) – деп бастап әңгімелейді. Енді, кеңестік жүйе тұсында мыңдаған мешіттердің талқандалып, қожа-молдалар тұт­қындалып, атылатындары атылып жатқанда діни сенімді өмірінің мәні деп ұққан қанша мың адамның рухани қасіретті бастан кешкенін әнгімесіне кіріспе қылады жазушы. Төлен ағаның анасы Рәзия апа Аллаға деген иманы берік, дініне қатты болғаны да белгілі. Қуанса да, күйінсе де Алланы аузынан тастамаған. Аллаға деген махаббат!

Таласбай деген ауыл молдасы өте сауатты, қырағаты дұрыс, ауыл беделдісі. Ауылындағы өзге мол­да­лардан, әсіресе Мейрам имамнан Құранды тәртилімен оқуда оқ бойы озық. Төлен аға ол кісі туралы мы­нандай бір әңгіме естіпті. «Таласбай бұрын ауылда мешіт ұстаған жан. Бірақ, қуғын-сүргін кез­дерде айдалып, Колыма жақтағы лагерге барады. Жұмсақ, тілалғыш, жұмысқа тыңғылықты Таласбайды надзирательдер сыйлайтын. Ел қиыншылық көріп жүрсе де, салт-дәстүріне жүрдім-бардым қара­майтын. Жаназа шығарылып жатқанда ыңылдап Құран оқитын. Надзирательдер мазақ қылатын. Бірақ Таласбай сөзін өткізіп, жаназа шығып жатқан жерге барып қырағат қылуға рұқсатын алады. Барып әдемі әуезді дауысымен қабір басында «Ясин» сүресін аяғына дейін оқып шығады. Жұрт тым-тырыс. Ауыз­дары ашылып, «осындай сауатты имам арамызда бар екен ғой» дегендей таң қалысып жатты. Таласбай Құран оқып отырып, көз жасын тыя алмады. (Сонда, 587-бет) Көмейден шыққан дауыс барған сайын айбаттанып, жер дүниені күңірентіп бара жатқандай». Құранға деген махаббат!!!

Осы жерде Төлен ағаның мына сөздері мені ойландырды: «Мар­құмның алдыңғы жақта отырған туысқандары да үн-түнсіз көз жас­тарын тұншыға жұтумен болды. Мұ­сылман дәстүрінде дұға оқып отырған кезде жылауға болмайды. Көз жасы — ризашылықтың жоқты­ғының белгісі. Пенде баласы Құ­дайдың бұйрығын мойындау арқылы өмірінде мағына табады. Құдайға бағышталған құлшылықтың қа­шан да арты қайыр. Қазақ Құдай­дан «өлгенімді тірілтіп бер» деп сұра­майды. Артынан қайырын сұрайды». Тағдырға деген иман мен сабыр. Таласбай Құран оқып болған соң: «Осы дұғаны марқұм Иманбайұлы Смайылдың аруағына бағыш­тадық. Жатқан жері жарық, иманы саламат болсын. Я, Ұлы Алла! Бұл дұғаны басқа да барша аруақтарға, пайғамбарлар мен сахабаларға, шейіттер мен әулиелерге, бізден Құран дәметіп жүрген жан­дар­дың рухтарына бағыштадық. Мар­құмдардың жалғанда пендешілікпен жіберген қателіктері болса, кешірім жасап, қабір азабынан құт­қара гөр!» деп дұға етіп, бетін сипайды. (Сонда, 589-бет) Осы дұға­ны қылған соң, «имамды халық өзі асырайды» демекші, жама­ғаттан жасы үлкен қария оны үйіне алып кетіп, дастарқан жайып, қонақ қып күтті.

Мені осы жерде қатты таңғалдырғаны: «Қорлыққа да, зорлыққа да ет үйренеді. Үйрене алмайтының – жүректі қыжылдатқан бір сағыныш. Құранның аяттарын, сүрелерін сағындым» деген Таласбайдың сөздері. (Сонда, 589-бет). Шынайы тақулық! Кейін түстеніп болған соң, оны көлікпен апарып тастамақшы болады. Әбекеңнің ұлы Бейсенбай оған «жаназаның құдайы садақасы» деп серке беріп, құрмет көрсетеді. Содан, ол серкені абақтыға апа­рып, сойып, жанындағыларды той­ды­рады, Тәкең сөйтіп сотталып жүріп, арада сыйлы жанға айналды», – деп аяқтады, өз сөзін Төлен аға. Артынан Таласбай ауырып, соқыршектен қайтыс болғанын естиді. (Сонда, 592-бет).

Байқап отырсақ, әде­биетте діни әңгімелер аз болса да, әр шығармадан шариғаттың иісі аңқып тұр. Тек түсіне білу керек. Қазақ халқы ежелден шариғатта сауатты болған. Тек тарих қана бұл диалеммаға орынды бағасын бере алмай келеді. Осы шағарманы оқып отырып, мені қазақ әдебиетінде ислами әңгіме мен романдардың орны қатты ойландырды. Әдебиетке де діни «феноменді» сыйға тарту керек деп ойлаймын. Қазақ әдебиеті діни әңгіме-романдарға зәру. Менің ойым – осы! Сіз не дейсіз, оқырман? 

islam.kz