Жасанды интеллект – жазушыға көмекші
Дэвид СТРЕЙТФЕЛД, «Нью-Йорк Таймс» – Калифорния (АҚШ)
Жазушылықты жасанды интеллект атқара алатын істердің қатарына қосуға әлі ерте. Бірақ мистер Слоанды жұмыс кезінде көрсеңіз, бағдарламаның мүмкіндігіне таңғалғаныңызды жасыра алмайсыз.
«Мистер Пенумбраның 24 сағаттық кітап дүкені» атты туындысымен көпшіліктің марапатына бөленген мистер Слоан мәтіннің басын жазып, өзіне хабарлама ретінде жібереді. Кейін оны үлкен әңгімеге айналдырады. Оның жаңа шығармасы келешектегі Калифорнияда өрбиді. Оқиға желісі бойынша Калифорния табиғаты қайта жаңғырыпты-мыс. Автор «Бизондар қайтып келді» деп тақырып қояды.
Бұл ойын одан әрі өрбіту үшін: «Бизондар шатқалда жайылып жүр» деп жазып, компьютер пернетақтасын басып қалады. Ақылды машина соңғы бірнеше сөйлемді саралап, «ашық аспан астында» деген сөздерді қосады.
Слоан мырзаға бұл ой ұнады. «Өзім осыны қосар ма едім? Екіталай, әрине» дейді ол. Әрі қарай: «Бизондар екі жыл бойы әрлі-берлі жүрді» деген сөздерді түсіреді. «Жасанды жазушы» сөйлемді дамытып, «Жайылым мен қала арасында» деген бөлікті ұсынады.
«Бұл тура менің ойлағанымдай болмауы мүмкін, дегенмен қызық», дейді жазушы. Оның машинасы жасанды интеллект сияқты үлкен атауға ие емес. Бұл – автор сөзін үйреніп, саралап, дамытатын, оның ойын жетілдіретін машина. Басқаша айтқанда, жазушыға көмекші әрі бақталас құрылғы.
«Талай жыл көптеген кітап оқыдым. Соның бәрі миыма қатталып, жазыла бергені анық. Кейінірек сол ойлар қорытылады. Соңғы нәтиже нақты болғанмен, оған жететін жол әрқилы болуы мүмкін», дейді жазушы.
Нәтижеге жету жолы түрлі бағытқа кетуі ықтимал. Скотт Френч есімді электронды бақылау жөніндегі кеңесші 25 жыл бұрын қуатты «Мак» құрылғысын қолданып, Жаклин Сьюзанның әңгімелеріне ұқсас туынды жазуды көздеді. Ол Сьюзан шығармаларының кейіпкерлеріне қайта жан беру үшін мыңдаған бағдарлама кодын жазды.
Мистер Френч компьютер арқылы шығарманы аяқтауға сегіз жыл жұмсады. Оның «Бары осы» шығармасы басылып шыққанымен, Жаклин Сьюзанның «Қуыршақтар алқабы» сияқты бестселлерлер атанған жоқ.
Шығарма жазуда жасанды интеллектінің көмегіне жүгінгендер қатары мұнымен шектелмейді.
Botnik Studios студиясы әйгілі «Гарри Поттер» кітабының төрт парағын қайта жазу үшін мәтіндік бағдарлама қолданады. Қытайлық электронды коммерциялық компаниясы «Алибаба груп» қаңтарда әлемдік оқу-түсіну тестінде адамдарды басып озатын құрылғы жасағанын мәлімдеген болатын. Егер машиналар оқи алса, демек жаза да алады.
Мистер Слоан бұған өзі көз жеткізгісі келді. Интернеттен «Галактика мәселелері» мен «Егер» атты 1950, 1960 жылдардағы екі ғылыми журналдың архивін жинақтады.
Бұл түпнұсқалар таптаурын әрі сыңаржақ болатын. Сондықтан мистер Слоан құрылғыны Джон Стейнбек, Дэшиел Хаммет, Джоан Дидион, Филип Диктің романдарының Силикон алқабының ауызша тарихының, Джонни Кэш поэмаларының цифрлы мәтінімен толықтырды.
Мистер Слоанның параграфы: «Бизондар елу метр жерде шатқалда ашық аспан астында жайылып жатты. Олар екі жыл бойы қала мен алқап арасында әрлі-берлі жайылып жүрген» деген жолдармен аяқталды.
«Бұл әлі де қарабайыр, дегенмен маған ұнайды. Алдағы өзгерістер мұны өткен ғасырдағы радио құрылғылар сияқты жолда қалдыруы мүмкін», дейді жазушы.
Мақаланы аударған Светлана Ғалымжанқызы,
«Егемен Қазақстан»