Қазақстандық жас ғалымдар «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына ұсыныс әзірледі — Ел жаңалықтары

0

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің базасында құрылған Қазақстан жас ғалым-педагогтарының қауымдастығы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына ұсыныстар әзірлемек, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі оқу орнының баспасөз орталығының басшысы Жандар Асанға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, шараға аталған қауымдастық мүшелері мен Қыздар университетінің жас ғалым-педагогтары шақырылып, бірнеше бағыт бойынша ашық пікірталас өткізді.

«Атап айтқанда, жиын қатысушылары «Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудегі ұстаздың қазіргі жағдайы», «Орта білім берудегі педагог мәртебесі», «Қазіргі колледждегі білім деңгейінің көрінісі және педагог мәртебесі» және «Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптарды күшейту» бағыттары бойынша өз ойларын ортаға салды», — деп атап өтті Асан.

Басқосудың екінші кезеңінде педагогтың қазіргі жағдайы, педагог механизмі туралы өзара пікір алмасу жүргізіліп, нақты ұсыныстар айтылды.

«Жиын соңында Қазақстан жас ғалым-педагогтарының қауымдастығының мүшелері тарапынан «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына 30-ға жуық ұсыныс әзірленіп, ол Білім және ғылым министрлігіне жолданатын болады», — дейді Қыздар университетінің ресми өкілі.

Айта кетейік, Елбасы Жолдауын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі туралы», оқушы және мұғалім жүктемесін азайту сұрақтары бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңдарының жобаларын әзірлеуде. Осы заң жобаларын әзірлеу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған болатын.

Осыған орай министрлік мектеп, колледж, жоғары оқу орындары педагогтарын, мемлекеттік органдар өкілдерін, ата-аналарды әзірленіп жатқан заң жобаларын талқылауға белсенді қатысуға шақырып отыр.

Заң жобалары әзірленген соң Министрлік барлық аймақnа осы заң жобаларын талқылау мақсатында жұмыс тобы мүшелерінің педагогикалық және ата-аналар қауымдастықтарымен кездесулерін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.