Ақтөбелік 5 жасар қыздың тағдыры қазақстандықтардың назарын аударды
Қорғаншылық органдары баланың биологиялық анасын іздеп жатыр
АСТАНА, 3 наурыз — Sputnik. Ақтөбеде туған анасы тастап кеткен бес жасар Әсемгүл төрт жылдан бері Фотескулер отбасында тәрбиеленіп келген.
Баланы қамқорлығына алған ата-ананың оны ресми түрде асырап алуға мүмкіндігі болмаған, қызды Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына алып кетті, деп хабарлады «Еуразия» бірінші арнасы.
Әсемгүл Фотескулер отбасына бар-жоғы 1,5 жасында келді. Марианна бала күтуші болып жұмыс істеген, биологиялық анасы оған қызды қалдырып, бір айдың ақысын алдын-ала төлеп, жоғалып кетіпті.
Бала бөтен отбасыда төрт жыл тұрды, өзін тәрбиелеп келген Марианна мен Дмитрийді анашым, әке деп атайды, ал олардың балаларын бауырындай көреді.
Фотескулердің қолында құжаттардан қыздың туу туралы куәлігінің көшірмесі ғана бар. Құжаттардың жоқтығына және тұрғын үй проблемасының болуына байланысты олар баланы ресми түрде асырап алуды кейінге қалдырған.
«Қалай да алып кеткім келеді! Оған күн сайын барып тұрамыз. Бала бәрібір менімен бірге болады», — деп мәлімдеді Марианна Фотеску журналистерге.
Оның айтуынша, балаға айырылысу оңай соқпаған, неге алып кеткенін түсінбей жүр.
Қазіргі уақытта уәкілетті органдар Әсемгүлдің биологиялық анасы кім екенін анықтап жатыр.
«Биологиялық анасы табылғаннан кейін баланы бейімдеу орталығынан алып кетуге мүмкіндік туады. Егер анасы баланы тәрбиелеуге қатыспаса және қызды алып кетпесе, онда ата-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылады», — деп түсіндірді қалалық білім бөлімінің бас маманы Салтанат Жанетова.
Ал Фотескулер отбасы Әсемгүлді қамқорлығына алып, оны отбасына қайтару үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Ол үшін Марианнаның қаржылық әл-ауқаты, тұрғын үй жағдайы мен денсаулығы барлық талапқа сай болуы керек.
sputniknews.kz