Исабай Қалмұқан | өмірбаяны
Қалмұқан Исабай 1925 жылдың 25 тамызында Павлодар облысының Баянауыл өңірінде туған. 1943 жылдың қаңтарында 10-шы сыныпта оқып жүргенде Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, сұрапыл соғысты бастан кешеді. 1954 жылдың күзінде әскерден босап, елге оралады. 1954-1955 оқу жылында Алматы қаласының кешкі жастар мектебінде 10-шы сыныпты қайта оқып бітіреді. Одан соң Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне сырттай түсіп, оны 1961 жылы аяқтап шығады. Қаламгерлікке ұмтылыс оны «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің киелі табалдырығын аттатады. Бұдан соң ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында директор болып абыройлы қызмет атқарды.
Қаламгердің «Баян» атты әңгімесі 1954 жылы алғаш рет «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналында жарияланған. Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жердің 500 шақырымын жаяу сапарлап, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабы, «Өткелде», «Арна» романдары жарық көрді. Он екі жыл бойы сол құрылыстың басы-қасында болып жазғандары орыс тілінде «По руслу мечты», «Подвиг в степи», «На стыке судеб» деген атпен басылды. Жүзден астам проблемалық очерктер мен мақалалар жазғаны және бар. Қаламгер 1992 жылы Павлодар облысындағы Ермак қаласына қойылған отаршылдық ескерткішті алуға, қала атын Ақсу деп өзгертуге атсалысты.
Жазушының әр жылдары «Ажал құрсауында», «Жұмбақ үй», «Бетпе-бет», «Қарабала», «Сұңқар самғауы», «Соңғы тәулік», «Соңғы ерлік», «Өткелде», «Жолдас комендант», «Арна», «Соңғы тәсіл», «Айқыз», «Бақытты сәттер», «Шоң би», «Қажыға барған қазақтар», «Комендант», «Қаныш аға осындай еді», «Жанашыр жазбалары», «Мұндайлар болған», «Алғы шепте», т.б кітаптары жарық көрді. Драматургия саласында «Десант» атты комедиясы Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1984 жылғы конкурсында жүлдеге ие болған. Жазушының бастамасымен 2000 жылы Берлиннің бір көшесіне Абай аты берілді.
Шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қазыналар санатындағы халқымыздың аяулы перзенттерінің бірі Қалмұқан Исабайдың жарқын бейнесі ел жүрегінде әрдайым сақталады.