Қазақша өлең: Мағжан Жұмабаев (Балалық шағы)

0

Қазақша өлең: Мағжан Жұмабаев (Балалық шағы) казакша Қазақша өлең: Мағжан Жұмабаев (Балалық шағы) на казахском языке

Балалық шағы
Патшаның тағы,
Ала алмас оны бағалап.
Көп өтпей жыл,
Тек жүрмей, біл,
Ілгергі күнді сағалап.
Үйрен білім жастықта,
Білмесең, жанға қастық та!
Білімге жүгір,
Жоқ ойдан түңіл —
Ерікке қоймай, ентелеп.
Қайтпас уақыт,
Қал дәмін татып,
Бос өткізбе еркелеп!
Жастық деген — бағасыз,
Қадірін білмес санасыз.
Жастық — алтын,
Құрып қал салтын,
Салты оның — үйрену,
Өнер қуып,
Бел бекем буып,
Надандықтан жирену!
Тұрма, қарғам, ұмтыл!
Аты өшкірден құтыл!
Білімсіз — есек,
Опасыз десек,
Сөйлеп, күліп жүрсе де.
Өлікпен тең,
Ит-құсқа жем,
Тірі боп ғұмыр сүрсе де.
Сондай болма, қарағым,
Даяр болсын жарағың!
Білген жан — көсем!
Сөйлесе — шешен,
Жұртты аузына қаратар.
Істегені — өрнек,
Қор қылмас ермек,
Нәрсені іске жаратар.
Білімдінің сөзі — ем,
Мейірімі көп, етек — кең!
Жұртына мақтаулы,
Сыбаға сақтаулы,
«Пәлі!» деп қарсы алар.
Іс қылар тежеп,
Жан-жүрек өжет,
Бет келгенді арсалар.
Қайда барса — сыйымды,
Білімі — мал, бұйым-ды!