Астана әкімі көмек сұрап келген ананы бірлесіп жұмыс істеуге шақырды
Қысқа сілтеме алу
Тұрғындардың көбі мемлекет, әкімдік тарапынан көрсетілетін көмектерді біле бермейді
АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов 150 ананың атынан көмек сұрап келген әйелді мәселемен бірлесіп күресуге шақырды.
«Мен 150 ананың атынан келіп отырмын. Яғни сол кісілердің өтініші мен тізімін жасап, мәселелерін жеткізбекпін. Атап айтқанда, тіркеуге тұру кезінде проблема бар, аудандық әкімдіктегілер түрлі сылтау айтып шығарып салады. Ал аналар өздері мен балалары үшін тиісті көмектерді ала алмайды», — деді қала тұрғыны Назгүл Баймағанбетова әкімнің жеке қабылдауында.
Ол қала әкімінің өзіне келмесең мәселе шешілмейтіндіктен аналардың 16 проблемасын тізбектеп әкелгенін атап өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Тағы бір мәселе аналардың көбі мемлекеттің, әкімдіктің тарапынан көрсетілетін қолдау көмектер, тегін гранттар, өз кәсібін ашу, оқушыларды тегін тамақтандыру деген секілді мүмкіндіктерді біле бермейді», — деді ол.
Сондай-ақ, Назгүл әкімге көпбалалы аналарға арналған «Бақытты бала» қоғамдық қорын құрғысы келетінін де жеткізді.
«Сіз айтып отырған мәселелердің көбісі әлдеқашан шешімін тапқан, бұл жерде олардың бейхабар болуы кедергі келтіріп отыр. Сондықтан, сіз барлық ананы жинаңыз, біз оларға тегін семинар түрінде түсіндірме жұмысын ұйымдастырамыз. Біз сіздерді оқытамыз, сіздер қалғандарын оқытыңыздар. Осылайша бір-бірімізге көмектесейік. Шынымен де, бізде бар нәрсені халыққа жеткізу, түсіндіру жұмыстары ақсауда. Мен бұл шаруаны орынбасарым Нұрлан Нүркеновке тапсырамын», — деді Бақыт Сұлтанов.
sputniknews.kz