Қызылордада 15 жастағы жасөспірім шенеунік болды

0

Штаттан тыс кеңесші «Адал ұрпақ» клубтарының қызметін үйлестіру бойынша қоғамдық жұмыстарды атқарады

АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. 15 жастағы мектеп оқушысы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.

Бұл жаңа лауазымға Қызылорда қаласындағы №176 орта мектептің 9-сынып оқушысы Дамир Бозаев бекітілді.

«Дамир «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының белсенді мүшесі, оқу озаты, бірнеше алғыс хаттар мен дипломдардың иегері», — деп жазылған департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Штаттан тыс кеңесші оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы «Адал ұрпақ» клубтарының қызметін үйлестіру бойынша қоғамдық жұмыстарды атқаратын болады.

«Біз оқушыларды адал еңбек етуге шақырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу жұмыстарын жүргізудеміз. Осы бағытта «Адал ұрпақ» клубтары зор үлесін қосуда. Өткен жылы осы клубтардың қызметін бір жерден үйлестіру мақсатында республикада алғашқы болып облыстық штаб құрған болатынбыз. Сондықтан клубтардың қызметін одан әрі дамытумен тікелей айналысатын кеңесшіні бекітіп отырмыз. Дамирді басшылардың ең жас кеңесшісі десек те болады. Себебі, сыбайлас жемқорлықтың салдары туралы жастарға жастар тілімен жеткізу көп нәтиже береді деп ойлаймыз», — деді департамент басшысы Абзал Мұхимов.



sputniknews.kz