Лукашенко Ресеймен ортақ валюта келісіміне «қарсы емес»
1 наурызда Беларусь президенті Александр Лукашенко журналистермен кездесуде Ресеймен ортақ валюта келісіміне қарсы емес екенін айтты. Лукашенконың сөзінше, ортақ валюта идеясын Ресей президенті Владимир Путин ұсынған. Лукашенко ортақ валюта ресейлік рубль болмауы тиіс деп санайды.
Лукашенконың сөзінше, «Беларусь халқы Ресеймен бірге болудан қашпайды», бірақ «беларусьтер өз үйінде өмір сүргісі келеді».
Беларусь президентінің пайымдауынша, егер Ресейге қосылу туралы референдум өтсе, Беларусь халқының 98 пайызы қарсы шығады.
«Ресей Беларусь елін жұтпайды. Путинді 20 жылдан бері білемін. Егер қандай да бір ойы болса, сезер едім. Ресей Беларусьте қандай да бір төңкеріс ұйымдастыруды қаламайды. Мақсат — Беларусьті жоғалтпау, бұл жерде Украинадағы жағдайды болдырмау. Дегенмен мен тұрғанда Беларусьте Украинадағыдай жағдай болмайды» деді Лукашенко.
Соңғы уақытта кейбір сарапшылар Мәскеудің Беларусь еліне қысымы күшейгенін айтады. Олар Ресей Беларусьті өз қатарына қосып алуды көздейді деп санайды.
Бұған дейін Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев одақтас елдер келісімін орындауды тез арада бастап, орталық валюта енгізуді қолға алу керектігін айтқан.
18 ақпанда Лукашенко Еуропа одағының бюджет және кадр комиссары Гюнтер Оттингермен кездесуде «Еуропа одағы мен Беларусь арасында әрқашан мәселелер болған және бола да береді, бірақ ол шешілмейтіндей дендеп кеткен жоқ» деп мәлімдеген.
2014 жылы Ресей Қырым түбегін аннекциялап алған соң көршілес елдер Мәскеудің әрекетінен қауіптене бастаған. Қырым аннекциясынан кейін Ресей мен Украина арасындағы жағдай ушыққан.
Батыс елдері мен ресми Киев «Ресей Украинаның шығысындағы сепартистерді қолдап отыр» деп айыптайды. 2014 жылдан бері Шығыс Украинада болып жатқан қақтығыстан 13 мың адам мерт болған.