22 Наурыз тойының сценарийі — Қазақша сценарийлер

0

Наурыз тойының сценарийі

Наурыз тойының қалалық салтанатты шеруі «Көш-керуен»

М.Қазбеков құрастырған НАУРЫЗ жаңғырған салт-дәстүрлер
кітабынан

         Наурыз
мейрамының салтанатты «Көш-керуен» шеруіне қатысушылар рет-ретімен сап түзеді.

1.    Атқа мінген үш
жаршы қолдарына мегафон ұстап, сап басына қатар тұрады. Олар басына айыр
қалпақ, үстеріне сырмалы жеңіл шапан, аяқтарына шоңқайма етік киіп, белдерін
белбеумен буынады.

2.    Оң қанаты алтын,
сол қанаты күміс күн шақырушы Қоразды қолына ұстаған салт атты.

3.    Безендірілген
күймеде басына бөрік, үстіне шапан киіп, белін шашақты белбеумен буынған, үкілі
домбырасы бар, иман жүзді, ақ сақалды қария мен ұлттық киім киген Астана аруы
отырады.

4.    Жыл белгісі –Қар
барысын 12 студент (алтауы қыз, алтауы жігіт) көтеріп жүреді. Оларды айнала
төңірек қазақтың ұлттық киімдерін киген қыздар қошаметтеп жүреді.

5.    Шығыстың киім
үлгісінде киінген 6 кернейші.

6.    «Құт-Береке»
автомашинасы – «Шашу». Машина үстіне ұзына жол бойына шашу шашатын ұлттық киім
киген қыз жігіттер орналасады.

7.    Үстеріне шапан
киіп, бастарына сәлде ораған, қолында ұзын дүрбілері мен қолтықтарында қысқан
киіз кітаптары бар 5 жұлдызшы.

8.    Сәнді-салтанатты
«Ертегінің ауылы». Машина үстінде фольклорлық-этнографиялық ансамблі
орналасады.

9.    Бес түлік мал
иелері: Қамбар ата, Шопан ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шешек ата.

10.          Наурыз
туын көтерген, ұлттық киім киген 12 жігіт.

11.    Қыс пен
Жаздың  күресін бейнелейтін Зымыстан мен
Табысқандар тобы, 40 кейіпкер.

12.    Ертедегі қазақ
ауылының сәнді-салтанатты көшін бейнелейтін «Қарқаралы көш».

13.    Автомашина –
«Көкат». Үстіне Асанқайғы, Жиренше, Алдаркөсе, Қарашаш, Ертөстік, Тазша бала,
Шығайбай, Ақан сері орналасқан.

14.    Ақ есегіне
мінген Қожанасыр мен қуыршақ ат мінген 16 жігіт.

Наурыз тойын өткізетін алаң алдын-ала дайындалып, ұрандармен
және күнге қаратып, жерден 2 м. 20см. көтеріп, Наурыз сахнасы жасалады. Наурыз
сахнасы халқымыздың мифологиялық танымы бойынша құрастырылады. Оның ең ұшар
төбесіне оң қанаты алтын, сол қанаты күміс күн щақырушы Қораз
қондырылады.сахнаның төріне әлем ағашының символы ретінде діңгек орнатылады,
оған тепе-теңдік белгісінің суреті ілінген.

Наурыздың 
сәнді-салтанатты «Көш-керуені». Бас алаңға жеткенше жол бойына жаршылар
жар салып, халықты тойға шақырады:

— Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!

Босқа қарап тұрмаңыздар.

Наурыз тойы басталды

Көргендер де армандар,

Көрмегендер де армандар,

Қызықтан тыс қалмаңдар!

Жаңарғаны сананың

Ұмытады мұны кім.

Ата салтын бабамның

Алып келіп Ұлыс күн.

Бір анадан туғандай,

Бір ұядан ұшқандай,

Бір аспанның астында,

Бір дастархан басында,

Береке-бірлік болсын, — деп

Көпкөжеден дәм татып,

Күшейтейік бірлікті.

Еңбек пенен тірлікті.

Салт-дәстүрмен жараса,

Қайта құрып жаңаша,

Жарыса өнер көрсетіп,

Той тойлайық тамаша!

Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!

Ұлыс тойы басталды.

Наурыз туын көтеріп,

Жар салайық әлемге.

Көрмегендер көріңдер,

Естімегендер естіңдер,

Дабылын оның қағайық,

Шақырамыз бәріңді

Ұлыстың ұлы күніне

Жиналыңдар алаңға,

Кешігіп одан қалмаңдар!

Күміс көмей әншілер,

Құдіретті күйшілер,

Мың бұралған бишілер,

Балтыры жуан палуандар,

Құралайды көзге атқан мергендер,

Күміс көмей, жез таңдай шешендер,

Қара қылды қақ жарған көсемдер,

Он саусағы алтын шеберлер,

Бәрің де сынға түсіңдер!

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,

Озып шыққан дүлдүлге

Үлкен-үлкен сый бар!

 

Түскі сағат 12.00-ді соққанда Наурыздың салтанатты шеруі
алаңда тоқтайды. Осы сәтте Наурыз сахнасының төбесіне қондырылған Қораз үш рет
шақырып, алаңдағы мерекенің басталғанын паш етеді. Керней кернеліп, дабыл
қағылады. Көш басындағы үш жаршы мен Қораз ұстаушы алаңнан тоқтамай өтіп
кетеді, ал ақсақал мен Астана аруы сахнаға көтеріледі. Қарт ақын тойға жиналған
жұртты жырмен құттықтайды:

 

         «Малдар
төлдеп, қой қоздап,

         Сүттен бұлақ
ағызған,

         Жаңа жылдың
сипаты,

         Молшылыққа
аңыз боп,

Басталыпты Наурыздан!

               Көгімде
күн өрлетіп,

                Төрт
түлігін төлдетіп,

                 
Қаймақ сүтін көлдетіп,

                           
Ыризық-құтын селдетіп,

                           
Келді Наурыз – Ұлыс күн!

              Ақ қар
кетіп, қыс өтіп,

              Шырайлы
шуақ жаз жетіп,

              Шаруаның
бұл кенелген

              Күн
мейрамы ежелден,

              Құтты
болсын, бұл Наурыз!

 

         Ұлттық
киімдерін киген балалар бір-бірлеп сахнаға көтеріліп, той бастаған ақын атасына
тостаған толы наурызкөже ұсынады.

         — Әп,
бәрекелді, жасың ұзақ болғыр! – деп риза болған ақсақал микрофон арқылы баршаға
естірте:

         — Кел жігіт,
кел жігіт, — деген сәтте сахнадағы балалар бір тізерлеп отыра қалады.

АҚСАҚАЛ:

         — Мінгендерің
балалар,

         Жорға-жорға
тай болсын!

          Жорғалатып
келгенде,

          Көптің
көңілі жай болсын!

          Ай жағыңа
қарасаң,

          Алтыннан
терек орнасын!

          Айыңда
келген мейманың,

          Оған атын
байласын!

          Күн жағыңа
қарасаң,

          Күмістен
терек орнасын!

          Күнде келген
мейманың,

          Оған атын
байласын!

          Таң мезгілі
болғанда,

          Бозторғайдай
шуылдап,

          Бөденедей
пырылдап,

          Берекелі құт болып,

          Қызыр келіп
дарығай! –

 

          деп
жасөспірімдерге батасын беріп, көжені ішеді. Балалар билеп болған соң, 12
керней үш рет кернеледі. Наурыз гимні ойналады. Әсем сазбен Наурыз туы
көтеріледі. Сахнаға жүргізушілер шығады.

 

1 – жүргізуші:

— Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,

Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.

Жарығыңмен, шуағыңмен Күн-Ана,

Алып келдің жер бетіне гүл көктем.

 

2 – жүргізуші:

— Жыр сыйлығын, нұр сыйлаған тірлікке,

Қастерледік, қадіріңді білдік те.

Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған,

Бәрімізді Ынтымақ пен бірлікке.

 

         Сахнаға
Алдаркөсе мен Қарашаш көтеріліп, «Алдаркөсе» спектаклінен ән орындайды.

         ХАЛЫҚ: —
Бетінен бес шыбын тайып жығылатындай жылтыр қара мынауың кім тағы?

         АЛДАР: — «Мен
Алдармын, Алдармын» өлеңін айтып, сонымен бірге, Қожанасыр, Тазша бала, Қаңбақ
шал т.б. халықтық кейіпкерлермен таныстырады.

2 – жүргізуші:

 

— Ел ішінде ардақ тұтар еңселі,

Ортаға шық, Жұлдызшалар кел бері,

Баршамызды қызықтырған биылғы,

Сізге мәлім қандай жылдың келгені.

 

1 – жүргізуші:

— он екі жыл бір мүшелді құраған,

Бұрынғылар «жылың не» деп сұраған.

Әрбір жылдың өзіне тән сыйы бар,

Ниет қойып білу керек мұны адам.

 

         Жұлдызшылар,
алдымен, аспанның біресе оң жағына, біресе сол жағына дүрбісін салып, жыл
қарайды.

1-   жұлдызшы:

— Ә-ә, көрдім, көрдім. Биылғы жыл иесі – Қар барысы екен,
жерге қонуға жақындап қалыпты.

    2 – жүргізуші:

         — Әрбір Жаңа
жылдың адамзатқа әкелер өзіндік жаңалығы, сый-сияпаты болады емес пе, ата? ….Қар
барысы жылының қадір-қасиеті жайында мына жиналған барша қауымға
көрген-білгеніңізді айтып берсеңіздер…

    2 – жұлдызшы:

         — Әлбетте,
қарағым, — деп, киіз кітабын парақтап жіберіп, — Егер Жаңа жыл иесі Қар барысы
болса, онда туар жылдың жазы – ыстық, қысы – суық болады. Көктемде кейбір
жеміс-жидектерді үсік шалады.

    3 – жұлдызшы:

         — Бірақ соған
қарамастан халқымыздың дастарқаны берекелі боп, ел ішін тоқшылық жайлайды.

    1 – жүргізуші:

         — Жұлдызшы
ата, қар барысы жылы туғандардың  тал
бойындағы мінез-құлқының ерекшелігін айтып жіберіңізші.

    4 – жұлдызшы:

         — Ұлыс күні
не сұрасаң да жарасады, балам, — деп, киіз кітабының беттерінен әрі-бері
аударыстырып жіберіп, — биыл дүниеге келген ұл балардың көзі үлкен, мінезі
ашық-жарқын, кез-келген кісімен тіл табыса білетін әңгімешіл болады. Жастары
ұзақ боп, дәулетті болады.

   5 – жұлдызшы:

         — Ал қар
барысы жылы туған әйел затының бет жүзі аппақ, көзі қарақаттай қара, тұлға
бітімі сымбатты болып келеді. Туыстары көп болып, тұрмыс тауқыметін көрмейді, —
деп оқыған соң, дүрбісімен аспанға қарайды.

   1 – жұлдызшы:

         — Жыл  иесі – Қар барысы төбемізге ұшып келіп қалды.
Бізді қолдап, қоштап отырыңыздар. Бәріміз қосылып шақырып, жерге қондырайық:

ЕКІ ЖҮРГІЗУШІ

ЖӘНЕ ЖҰЛДЫЗШЫ-

ЛАР ҚОСЫЛЫП:

         Жыл иесі –
Қар барысы,

         Құт иесі –
Қар барысы,

         Береке-Бақыт
боп,

         Жерге қон,
жерге қон!

                    
Кереге бойлы Қар барысы,

                     Қасиетті Қар барысы,

                    
Қуаныш-Шаттық боп,

                    
Жерге қон, жерге қон!

         Алтын басты
Қар барысы,

         Күміс құйрық
Қар барысы.

        
Ынтымақ-Бірлік боп,

         Жерге қон,
Жерге қон!

         Сахнада
музыка ойналып жатады. Оған Зымыстан мен Табысқандар тобы көтеріліп, Қыс пен
Жаздың күресін бейнелейтін би билейді.

1-   жүргізуші:

— Қыс иесі – Зымыстан, жылымаған  тәніміз,

Қамыркемпір Қалтырауық, қаламаған қанымыз.

Ақпан-Тоқпан ұлдары, Әзмырзамен біріксе,

Боран менен аяздан түңілеміз бәріміз.

   2 – жүргізуші:

         — Үскірік,
Аяз, Ызғармен жан аямай табысқан,

         Күндіз-түні
айқасып, Зымыстанмен алысқан.

         Шуақ төгіп
жүздерге, Наурыз сыйлап біздерге,

         Жеңіп шықты,
Жаз иесі – Табысқан!

 

         Сахнада
музыка ойланып, бишілер би билейді.

         Қазақша
ұлттық киім киген 6 жігіт пен 6 қыз жыл иесі Қар барысын ойнатып, сахнаға алып
шығады.

   1 – жүргізуші:

         — Жыл иесі –
қар барысы, бақыт әкел еліме,

         Құт, береке,
молшылық дари берсін жеріме.

         Тарылмасын
табиғаттың тынысы,

         Тазалықты
тарту ет, өзендер мен көліме.

   2 – жүргізуші:

         — Құт иесі
Қар барысы, суыңды әкел көгіме,

         Көлдерімді
толтырып, Бақыт сыйла еліме.

Керней кернеліп, дауылпаздар қағылады.

 

1- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Бүгін жер
бетіне жақсылық ұялаған күн.

2 – ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Бүгін – көк
құт көзін ашқан күн:

3 – ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Бүгін –
Жаңа  жылдың дерге түскен күні.

4 – ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Бүгін –
Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн.

5 – ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Бүгін –
Самарқанның көк тасы еріген күн.

АЛДАРКӨСЕ:

         — Бүгін –
Береке мен Бірліктің, Игілік пен Теңдіктің туын көтерген Наурыздың туған күні.

        
Фольклорлық-этнографиялық ансамбль Р.Сәтімбековтың сөзіне жазылған
«Наурызға ақ тілек» әнін орындайды. Ән айтылып жатқанда Қар барысы сахнадан
түсіп, ел аралап кетеді.

1- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Туған жыл
құтты болсын!

2- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Көсегесі
көгеріп, көрпесі ұлғайсын!

3- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Аттаған
адымы сәтті болсын!

4- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Бейбітшілік
жылы болсын!

5- ЖҰЛДЫЗШЫ:

         — Қадамына
құт оралсын!

 

         Алаңның
ортасына Құт-Береке автомашинасы «Шашу» келіп тоқтап, «Шашу!», «Шашу!» деп,
шашу шаша бастайды.

 

1 – жүргізуші:

         — Қашанда
Құт-Береке орнасын деп,

          Тойларда
шашу шашу – салты елімнің.

         Уа, халайық,
теріп ал мәмпәсиді,

         Қабыл қылсын
халқымның ақ тілеуін.

2 – жүргізуші:

         — Шашу! Шашу!
Көп шашайық шашуды,

         Жауғандай кеп
аспаннан нөсер жаңбыр.

         Уа, жамағат,
жинап ал несібеңді,

         Ризығың
болсын көл-көсір!

         «Шашу»
машинасы белгіленген орнына барып орын тебеді. Дауылпаз қағылып, керней
кернеледі. Сахнадан музыка ойналады. Қуыршақ атқа мінген 16 жігіттің
қошаметтеуімен халықтар достығының символы – Қарақазанды еңгезердей екі жігіт
сахнаның төріне орналастырады.

1 – жүргізуші:

         — Қарақазан –
қасиеті халқымның,

         Бір өзінде
құдіреті салтымның.

         Бірлік сенен
басталады әрқашан,

         Сен тұрғанда
керегі жоқ алтынның.

2 – жүргізуші:

         — Қасиетті
Қарақазан тіршіліктің тірегі,

         Бір өзіңнен
қуат алған барша жанның жүрегі.

         Сен бар жерде
Құт-береке мол болып,

         Тірлік-Бірлік
жұбын жазбай жүреді.

         Музыка
ойналып, дәстүрлі «Ұршық» биі биленеді.

         Жүргізушілер
Наурыз сахнасына ардагерлерді шақырады. Балдырған сәбилер қарияларға наурызкөже
береді. Ақсақалдар алқасы құттықтау сөз сөйлеп, сахнадан түсіп кетеді.

         Жүргізушілер
Наурыз мерекесінің программасымен таныстырады. Дабыл қағылып, керней кернеледі.

1- жүргізуші:

— Құрметті халайық, қамқоршы халқым, жанашыр жұртым! Енді
Сіздер Ұлыс күнінің салтанатын тамашалаңыздар!

2 – жүргізуші:

         — Уа, жұртым, алаң ортасынан «Ертегінің
ауылы» өтеді.

1 – жүргізуші:

         Бар екен де
жоқ екен,

         Ертек-ертек,
ерте екен.

         Ешкілері
бөрте екен.

         Қырғауылы
қызыл екен

         Құйрық жүні
ұзын екен.

2 – жүргізуші:

         — Әлемді
түгел көрсе де,

         Алтын үйге
кірсе де,

         Аспанда
жұлдыз аралап,

         Ай нұрын
ұстап мінсе де –

         Қызыққа
тоймас адамзат!

3 – жүргізуші:

         — Ілімді
түгел білсе де,

         Қызығын
қолмен бөлсе де,

         Қызықты күні
қырындап,

         Қисынсыз
күйге түссе де,

         Өмірге тоймас
адамзат!

        
Сәнді-салтанатты «Ертегінің ауылы» орналасқан автомашина алаң ортасына
келіп тоқтап, үстінде отырған ансамбль Наурыз сахнасына көтеріліп, өз репертуарынан
ән орындайды.

1- жүргізуші:

         — Уа,
халайық, халайық!

Сахнаның төріне төрт түліктің пірлерін шақырайық.      Олардың да сөзін тыңдайық.

Мал иелері сахнаға көтеріліп болғанша:

2 – жүргізуші:

         — Осылай қара
келенің бурасы екен,

         Буралығын
білдірген шудасы екен.

         Жылқышы ата
үйірдің айғыры екен,

         Құлындатып
көбейткен байлығы екен.

         Зеңгі баба
табының бұқасы екен,

         Ет пен майға
өн бойы тұтас екен.

         Шопан ата
отардың қошқары екен,

         Егізденіп
жылда төл қосқан екен.

         Шекшек ата
ешкінің айдары екен,

         Егіз-сегіз
туған соң пайдалы екен.

 

ЕКЕУІ ҚОСЫЛЫП:

         — Қазақ бабам
халқына қазына етіп,

         Кең дастарқан
алдында тосқан екен,

         Өсіріп ен
байлықты деген атам:

         «Береке мен
бірлікті ұста бекем!» —

деп оларды көпшілікке таныстырады.

ШОПАН АТА:

         — Малды
берсе, қойды бер,

         Ұлды берсең,
бойлы бер.

         Жұртқа ақыл
салғандай,

         Ақылы артық
ойлы бер.

ЖЫЛҚЫШЫ АТА:

         — Шаруаның
бір пірі – Жылқышы ата,

         Тілегенде
өзің бер ақтап бата.

         Үйір-үйір
жылқыны шұрқыратып,

         Ойдан-қырдан
арқансыз әкеп мата.

ОЙСЫЛ ҚАРА:

         — Шаруаның
бір пірі – Ойсыл қара,

         Түйені өсір
жарқылдап болсын пана.

         Ит, құс,
пәле, індеттен аман сақтап,

         Топ-топ қылып
боталат аруана.

ЗЕҢГІ БАБА:

         — Шаруаның
бір пірі – Зеңгі баба,

         Сиыр берсең,
сүтті бер өңкей мама.

         Кең өрісті
шұбыртып, өзің бағып,

         Кешке жақын қотанға
әкеп қама.

ШЕШЕК АТА:

         — Қойды көсем
бастайтын,

         Өткелден
үркіп саспайтын.

         Қарағай мүйіз
серкелі,

         Шүйде жалды
желкелі,

         Сексек ата
баласы,

         Ешкі бассын
үйіңді!

 

         Керней
кернеліп, дабыл қағылады. Жыршы сахнадан Ақтамберді жыраудың «Күмбір-күмбір
кісінетіп» термесін орындайды.

2 – жүргізуші:

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!