Қанша мұғалімнің жүйкесіне тиген 3 жыл…

0

Негізі жауапкершілік деген жақсы ұғым бар. Мемлекеттік басқаруда бұл өте қажетті ұғым.

Ескі білім және ғылым министрі басшылыққа келе сала мектептерде пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз деген бастама көтергені есімде. Негізі ағылшын тіліне ешкім де қарсы емес еді. Бірақ, Астана мен Алматыда іске асуы мүмкін болса да Қазақстанның региондарында бұл реформаны толық іске асыру үшін кемі 10-15 жыл уақыт пен сатылап жету қажет дегенді сол кездері көп азаматтар жазып та жатты.

Ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалім мен базаның жоқтығы бәріне белгілі дүние. Онлайн одан қалса жаздың күндері офлайн оқытамыз, бәрі зың болады деп айтқанынан қайтпады. Мемлекеттік блогерлер, әлеуметтік желіде белсенді журналистер (оның ішінде «Болашақ» түлектері де бар) неше түрлі «керемет бастама» деген жазбаларын үсті-үстіне бұрқыратып жатты. Министрмен кездесіп, кабинетінде селфилетіп біраз дүниелер жасады. Өздері ақылды, «Әй, бұларың асығыстық» дегендер ақымақ секілді болып көрінді.

Кеше «Нұр Отанның» жиынында Елбасы бұл бастаманың асығыстық болғанын, бәрін уақытымен асықпай жасау керектігін, жан-жақты сараптап дайындықпен келу қажеттігін шегелеп айтты. Бізге осыны түсіну үшін 3 жыл уақыт керек болды ма?

Қанша мұғалімнің әлегін шығарып, жүйкесіне тиген 3 жыл. Қаншама азаматтың пайымды ой-пікірлері естілмеген 3 жыл.

«Нұр Отанның» жиынын қарап отырсам әлгі «Давай да давай, ертең алғылшын тілі бола қалсын» дегендердің біразы сол басқосуда жүр.

Министр орнынан кетті. Бірақ, кезінде неше түрлі ақылды пост жазғандар «Әй, кезінде сол жазғандарымыз, елді адастырған бастамаларымыз қате болыпты. Асығыстық жасаппыз» деп бір сұxбат не мақала, әлеуметтік желіде бір кешірім сұраған жазба да жоқ. Ешкім жауапты емес! Өтті кетті! Уақытында шулатты. Бүгін ұмытты! Раxат қой.

Әлде ақшаға заказбен жазды ма екен?..

Бауыржан Серікбайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

Abai.kz