Жаңа министрлерге «бата» бердік

0

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Парламент Мәжілісінің комитеттері Президент дербес тағайындайтын сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қоспағанда, Үкімет мүшелерінің кандидатураларына келісім береді. Осыған орай, кеше біздің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіміз өзімізге қарайтын салаларға жауап беретін бес министрліктің бірінші басшылығына ұсынылған азаматтарға «бата» бердік.

Мен екі ведомствоны біріктіру жолымен қайтадан құрылған Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына үміткер Д. Абаев мырза жайлы өз пікірімді білдірдім. Себебі Дәурен Әскербекұлымен үш жылға жуық қатарлас қызмет істеп келеміз. Осы мерзім ішінде ол басқарған Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бастамасымен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнама жетілдіріліп, қоғамды толғандырып келген бірқатар өзекті мәселелер оң шешімін тапты.

Дәурен Абаев – жұртпен, соның ішінде журналистер қауымымен әрдайым ашық пікір алысып, дұрыс шешімдер қабылдай білетін саясаткер деп санаймын. Ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін де абыроймен басқарады деп сенемін.

Жалпы, бұрынғы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қоғамдық даму министрлігінің біріктірілгендігі өте қисынды шешім болды деп ойлаймын. Өйткені мемлекеттік ішкі саясатты һәм идеологияны бұқаралық ақпарат құралдарынсыз іске асыру мүмкін емес. Ал мұндай ведомствоның басында сөз қадірін өз қадіріндей түсінетін Дәурен Абаев сынды саясаткер тұрғаны жөн.

Кәрібай Мұсырманның facebook парақшасынан

Abai.kz

Abai.kz