Естеу Нүсіпбеков | өмірбаяны
Ақын, әдебиет зерттеушісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Естеу Нүсіпбеков (1933-2006) 25 ақпанда дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасының Іле аймағында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1954-1961 жылдары Үрімжіде «Халық» баспасының редакторы, Шыңжаң Жазушылар одағының кеңесшісі, «Шұғыла» журналы редакциясының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1961 жылы тарихи атамекені Қазақстанға оралған. 1966-1974 жылдары Алматы облысының Нарынқол ауданындағы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, одан кейін аталған аудандағы «Советтік шекара» газетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек еткен. 1975-1990 жылдары Алматы облысының Есік қаласындағы А.Мәлкеев атындағы мектеп-интернатта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, көп жыл табанды қызмет атқарып, шәкірттері мен педагогтар арасында үлкен абырой-беделге бөленген. 1990-1995 жылдары Есік қаласындағы Р.Тоқатаев атындағы қазақ орта мектебінде оқытушы болып жемісті еңбек жолын жалғастырған. Ақынның «Кешіккен сый» атты өлең-дастандары, «Ақ бұлағы жанымның» атты өлең, поэмалары жарық көрген. Сондай-ақ ол қазақ мектептерінің 6-шы және 7-ші сыныптарына арналған «Әдебиет оқулықтарының» авторы. 2007 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан көп томдық шығармаларының «Ақсамала айналам» атты 1-ші томы жарық көрген. 2007 жылы сәуір айында Алматы облысы, Есік қаласындағы Р.Тоқатаев атындағы орта мектепте «Естеу Нүсіпбеков атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті» ашылған.