Түркі кеңесi диаспора істеріне жауапты министрлер мен мекемелер басшыларының үшінші кездесуі өтті

0

Кездесуді Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев пен Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой өткізді. Жиналысқа Қазақстан Республикасы қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев, Әзербайжан Республикасы диаспора істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Фуад Мурадов, Қырғыз Республикасы көші-қон қызметі басқармасының төрағасы Болотбек Ибраимжанов, Қазақстан Республикасы «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының төрағасы Абдуллах Ерен және Түркиядан түрлi мекемелердiң өкілдері қатысты.

Мүше мемлекеттердің БАҚ өкiлдерiнiң үлкен көңіл бөлiп жүрген кездесу барысында Түркi кеңесi мүше мемлекеттерi диаспораларының қазіргі жағдайы талқыланды. Тараптар сондай-ақ мүше мемлекеттердің диаспора мекемелері мен шетелдегі диаспоралар арасында ынтымақтастық пен үйлестіруді нығайту жолдары туралы пікір алмасты.

Мүше мемлекеттердің тиісті мекемелері әлемдегі және аймақтағы соңғы оқиғалар туралы ақпарат берген соң Түркі кеңесi диаспора істеріне жауапты министрлер мен мекемелер басшылары «Түркi кеңесi түркiтiлдес диаспорасының ортақ әрекет стратегиясына» қол қойып бекітті. Тараптар бұған қоса түркітілдес диаспоралар арасындағы ынтымақтастық аясында 2019 жылында жүзеге асырылатын және нақты қадамдарды қамтитын «Бірлескен іс-қимыл жоспарын» бекiттi.

Диаспора iстерiне жауапты мекемелер және түркiтiлдес диаспоралар арасында бірлік пен бірегейлікті нығайту, шет елдерде тұратын отандастармен байланыстарды дамыту және ортак құндылықтар арқылы сана-сезiмiн қалыптастыру мақсатында тараптар, бүкіл әлемдегі мүше мемлекеттердің диаспора өкілдерінің үлкен қатысуымен, 2019 жылы Түркияда Түркі кеңесі екінші диаспора форумын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.

Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев айтқан сөзінде, мемлекет басшыларының бүкiл саммиттерде, соның ішінде 2018 жылында өткен Чолпон-Ата саммитінде де, диаспора саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтiп, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды құптады. Бас хатшы диаспора iстерiне жауапты мекемелер мен түркітілдес диаспоралар арасында орнатылатын ынтымақтастық біздің елдеріміздің шет елдердегі тиімділігін арттыратынын және шет елдерде тұратын қандастарымыздың күш-қуатын нығайтатынын атап өтті.

Түркi кеңесi мүше мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастардың нығайта түсетiнiн және осы елдердiң жаһандық деңгейде улес қоса алатынын жеткiзген Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой, Түркі кеңесі мүше мемлекеттерi — Түркия, Әзербайжан, Қазақстан және Қырғызстанның 15 миллионға жуық диаспора бар екенiн, сондай-ақ, Түркi кеңесiнiң ықтимал мүшелерi — Өзбекстан мен Түрікменстанды қоса алғанда, елдерiмiздiң диаспораларының әлемдегi саны мен әлеуетi елеусiз қалмайтынын айтты.

Мәдениет және туризм министрі Ерсой «Түркi кеңесi түркiтiлдес диаспорасының ортақ әрекет стратегиясы» және «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» тоқталып, екі құжаттың қабылдануы осы мақсатқа қатысты маңызды қадамдар екенін атап өтті. Ортақ бағыт-бағдар мен ортақ үйлесімді әрекет жасаудың маңызына тоқталған министр Ерсой келесi бағалауды жасады: “Шетелдіктер мен иммигранттарға қатысты дұшпандық барған сайын қауіпті факт ретiнде қалыптасқан дүниеде, біздің қандастарымыздың ынтымағы мен серіктестігін қамтамасыз ету — маңызды мәселе. Бұл тұрғыда, Түркия, әлемнің 155 елінде тұратын 6,5 миллионға жұық қандас және Түркияда 3,5 миллионға жақын сириялық босқындардан тұратын Сирия диаспорасынан алған тәжірибесiн Түркі кеңесінің құнды мүшелерімен бөліскісі келеді.”

Қазақстан Республикасының қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев сөйлеген сөзiнде қазақтардың ХХ ғасырда жақын және алыс елдерге көшуге мәжбүр болғанын айтып, 1991 жылдан бастап қазақ қандастарды өз еліне қайтару және басқа елдерде тұратын қазақ халқының құқықтары мен әл-ауқатын қоргау бағытында ауқымды жұмыс атқарылғанын мәлiмдедi. Министр Қалетаев Қазақстанның қоғамдық даму министрлігі ретінде диаспора iстерiнде Түркі кеңесінің жұмысын қолдайтынын мәлiмдеп, осы салада ұйымның барлық іс-шараларына қатысуға дайын екендігін бiлдiрдi.

Әзербайжан Республикасы диаспора істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Фуад Мурадов бұл кездесудiң және жиын барысында қабылданған шешімдердiң Түркі әлеміндегi бірлік пен бірегейлікті дамытатынына, сондай-ақ, Өзбекстанның Түркі кеңесіне қатысуымен бұл бiрлiктiң одан әрi нығайтатынына сенiм бiлдiрдi.

Қырғыз Республикасы көші-қон қызметі басқармасының төрағасы Болотбек Ибраимжановтың айтуынша, Қырғызстанның 1 миллионға жұық азаматы басқа елдерде жұмыс істейді және бұл елдердің маңызды жұмыс күшін құрайды. Ол, сондай-ақ, Түркі кеңесі аясында көпжақты ынтымақтастықтың барлық түркі диаспораларының тиімділігін арттыратынын айтты.

Қазақстан Республикасы «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев қазақ халқының басынан өткен қиыншылықтары, жаппай көші-қон қозғалыстары және Түркияның сонау қиын кезеңдe қазақ халқына қолдау көрсеткенiн атап өтiп, «Отандастар» қорының Түркі кеңесімен ынтымақтастықты жалғастыратындығын бiлдiрдi.

Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының төрағасы Абдуллах Ерен Түркi кеңесi мүше мемлекеттерiнiң диаспора мекемелері және шетелде жұмыс істейтін түркі диаспорасы ұйымдары арасындағы ынтымақтастық пен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Ол, Түркі кеңесі аясында атқарылған жұмыстың осы салада маңызды орнын алатынын және басқарманың құрылған сәтінен бастап Түркі кеңесінiң диаспора iстерiне байланысты iс-шараларында Түркия атынан белсендi рөл атқаратынын жеткiздi.

Тараптар түркітілдес диаспоралар арасындағы ынтымақтастықты және үйлестіруді жетілдіру мақсатында Түркі кеңесі аясында бірлескен онлайн порталды әзiрлеуге келісті. Тараптар, түркітілдес елдердің диаспоралары туралы толық ақпарат беретiн «Түркі кеңесі диаспорасының атласын» дайындауға қатысты жұмысын бастау туралы шешім қабылдады.

Түркі кеңесi диаспора істеріне жауапты министрлер мен мекемелер басшыларының үшінші кездесуіне орай қатысушы министрлер мен мекемелер басшылары Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октаймен кездестi.

Сонымен қатар кездесудің аясында Әзербайжан, Қазақстан және Түркияның тиісті мекемелері арасында диаспора iстерi саласында екі жақты ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.