Жігіттің ойындағы қыз қандай? |
Психологтардың айтуынша, нәзік жандылар болашақ жарының қандай екенін 95%-ға білетін болса, ер адамдар мүлде елестете алмайды екен. Себебі, олардың қалауы уақыт ағысымен өзгеріп, әлеуметтік жағдайына байланысты ауысады. Менің таңдауым осы деп қателесіп, кейіннен қосағын талай өзгертіп жататындар баршылық. Демек, олардың ойынан шығу үшін, аруларымыздың көркіне ақылы сай болуы қажет. Мінезінен самал желдің жылы лебі есіп, есті жігітті ессіз сүйгізетін қылық та керек. Тіпті, осыған орай белді журналдар сауалнама да жүргізіпті. Сауалнама нәтижесі бойынша, әр жігіт жарының бойында мына қасиеттер болғанын қалайды екен:
Ол жігіттің өзгеруіне ықпал етуі тиіс.
Былайша айтқанда, ер адам зайыбының қасында өзін өзгеше сезінуі тиіс. Қамқор боп, өзін тірек санаған сәтте ғана олар бүтін бітім бола алады. Дос-жарандарының арасында оны сыйлайтын адам барын білдіру арқылы оның дәрежесі өседі. Қорыта айқанда, ол өзін нағыз жігіттің сұлтаны деп тануы тиіс.
Жұбайын сыйлау, арадағы сүйіспеншілік.
«Мені біреу сүйсе деймін себепсіз» демекші, қай адам болмасын өзін атақ-даңқы, не келбеті, жинаған абыройы үшін емес, жай ғана себепсіз сүйгенін қалайды. Сол секілді ер азаматтар да қыздардың қалтасына емес, жүрегіне үңілгегенін дұрыс санайды. Арадағы қарым-қатынастың қаншалықты адал екені аруларымыздың тарапынан да білініп жатады.
Қиялдағы қыз оның ата-анасымен, достарымен жақсы тіл табыса алады.
Қай жігіт болмасын өмірлік сыңарын іздеген сәтте ең бірінші, анасына ұқсас адам табуға тырысады. Оның алдындағы ең бірінші идеал әйел – анасы. Сондықтан да ол кісімен жақсы қарым-қатынаста болу – қай жігіттің болмасын ең бірінші талабы. Кейін, әрине, достары. Достарымен де жарасымды әңгіме-дүкен құра білу керек.
Ол арудың бойында себепсіз айыптау мен кінә тағу секілді кереғар қасиеттер болмауы қажет.
Рас, әйел затының бір кемшілігі де осы. Жұбайына қайта-қайта айтылған ескертулер мен себепсіз кінә тағу олардың бойына сіңіп кеткен қасиет. Ал мұндай қылықтар жігіттердің ызасына тиіп, ашуын келтірері анық. Сондықтан оларға деген ренішіңізді тиып, дәйім шат жүруге трысыңыз!
Нағыз қаһарман екенін сездіру.
Кейде ашуымызға бой алдырып, жекіріп, айғайлап жататын кезеңдер көп болады. Сондай жайтта ер адамдар сөз көтермей, өздерін қолға үйретілген күшік секілді сезінеді. Сондықтан сүйіктіңізбен ақылдасып, оны әрқашан демеп отыру – баянды бақыттың нышаны болмақ. Әрине, махаббатың бастауы – сыйластық. өзіңіздікі дұрыс екен деп, сөз бермей, оны тыңдамауға сіздің ешқандай құқыңыз жоқ. Керісінше, жақсысын асырып, жаманын жасырып отыру сіздің міндетіңіз.
Армандағын ару – хор қызындай сұлу, әрі ақылды болуы керек.
Әр адамның сұлулық жайында түсінгі әр түрлі. Бірі сыртқы келбет десе, енді біреуі ішкі жан дүние дейді. Екі қағиданы да жоққа шығаруға болмайды. Тән сұлулығымен жан сұлулығы қатар келсе, нағыз хор қызы сол болмақ. Ең алдымен қыздарымыз күтініп, өзін сақтай білуі керек. Рухани тартымдылық та табылып, бойында тоғысуы тиіс. Жүріс-тұрысымен, сөйлеу мәнерімен де жұмыс жасаған абзал.
Аталған әрекеттерді жасап, табиғат сыйлаған нәзіктікті қолдансаңыз жігітіңіз сізден ешқайда кете алмайды. «Әйел ашуланса – жеңіледі, еркелесе — жеңеді». Сондықтан ашуға бой алдырмай, қулықпен жеңуге тырысқаныңыз жөн. «Қыздың қырық айласы бар» демей ме? Өзіңіздің әйел екеніңізді ешқашан естен шығармаңыз! Сіздің қолыңыздан келметін нәрсе кемде-кем! Сондықтан, іске сәт!
Дереккөз: Reactor
http://inform.kz