Қытайдағы әлеуметтік желілердің дамуы — Ақпараттық технология — Bilim
Даму деңгейі жағынан әлемдік көште ілгері келе жатқан күншығыс елінде заң қатал тәртіппен орындалатын өзгермес қағида екені бізге мәлім дүние. Алайда, аспан асты елінің бұл талаптары тек ұрлық- қарлыққа емес, сонымен қатар адамды өзінің ажырамас бөлігі етіп алған әлеуметтік желілерге де қатысты болса керек. Мысалы, көптеген елдерде мыңдаған, миллиондаған көрермен мен оқырман жинап жүрген «Youtube» және «Facebook», «Whatsapp» секілді желі парақшаларын қытайлықтар мүлдем қолдана алмайды. «Сіз «facebook» желісінде тіркелгенсіз бе?» деген сұрақ олардың құлағына түрпідей тиіп кетуі мүмкін. Ақпарат майданында барынша сақтықты талап ететін көршілес мемлекетте аталмыш өзгешеліктер орын алып отыр.
Алайда, қытайлықтар біз секілді репост жасап, суреттерге лүпіл басып, күнделікті жаңалықтарымен бөлісіп отырмайды деген сөз емес. Интернет жүйесіне «Алтын қорғаныс» орната білген бұл елде миллиондаған оқырмандар жинаған желілер де жетерлік. Олар: «Qzone», «QQ», «Pengyou», «Wechat», «Weibo», «Renren», «Douban».
«Qzone» — оқырмандар саны жағынан әлем бойынша үшінші орында тұрған желі. 2014 жылғы мәлімет бойына сайт қолданушалрының саны 625 миллионды құраған. Қытай және ағылшын тілдерінде қызмет атқарады.
«QQ» — Tencet компаниясының 1999 жылы жарыққа шығарған әлеуметтік медиа жүйесі. 300 миллионға жуық белсенді тұтынушылары бар «QQ» заман ағымына орай түрлі жаңартулар енгізіп отыруды дәстүрге айналдырған.
«Pengyou» де Tencet компаниясының жобасы. Қытайда достармен интернет арқылы қарым-қатынас жасауға келгенде таптырмас құрал. Алайда белсенділік тұрғысынан өзге желілерге қарағанда төмен статистиканы көрсетіп отыр.
«Wechat» — біздің елдегі «WhatsUpp» желісіне қатты ұқсас. Видео, аудио және смс хабарлама арылы байланысуда ел тұрғындары аталмыш желіні жиі қолданады.
«Weibo» «Instagram» — ның тағы бір нұсқасы. Репост, хэштег жасау арқылы қолданушылар жаңалықтармен бөлісе алады.
«Renren» қытай тұрғындары «қытайлық фейсбук» деп атаған желі түрі. Қазіргі таңда 22 миллион белсенді қолданушылары бар.
«Douban» — кітап, фильм, музыка рецензияларын жазуға қызығатындар үшін жарық қөрген. Интеллектуалдық деңгейін жоғарылатуға ұмтылған жастардың басым бөлігі осы желіде тіркелген.
Ел тұрғындарының 47 пайызы әлеуметтік желіде тіркелген деген мәліметтер бар, яғни 627 миллион аккаунт тіркелген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Дереккөз: bilim-all.kz