Пәкістан Үндістанның екі әскери ұшағын атып түсірді

0

27 ақпанда Пәкістан Үндістанның әскери әуе күштерінің екі ұшағын атып түсіргенін хабарлады. Пәкістан билігі мұны өздерінің әуе кеңістігіне басып кірген Үндістан әскери күшіне берген жауабы екенін айтты.

Бір күн бұрын, 26 ақпанда Үндістан Кашмирдегі әскери лагерге әуеден соққы жасағаннын хабарлаған.

Пәкістан сыртқы істер министрлігінің 27 ақпандағы хабарламасында, Пәкістан әуе күштері Кашмирдің Үндістанға тиесілі аймағындағы екі ұшақты атып түсіргенін, бір пилотты қамауға алғанын айтылған.

Үндістан әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.

Соңғы айда Пәкістан мен Үндістан арасында Кашмир дауы қайта ушықты.

Кашмир – Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы аймақ. 1947 жылы Үндістан мен Пәкістан Ұлыбританиядан тәуелсіздік алған. Сол уақытта халқының 70 пайызын мұсылмандар құрайтын Кашмир аймағының махараджасы (жергілікті басқарушы) Хари Сингх Үндістанға қосылу туралы шешім қабылдаған. Осы шешімнен кейін 1947 жылы Кашмирде Пәкістан мен Үндістан арасында соғыс басталып, екі жылдан кейін — 1949 жылы БҰҰ бұл аймақты Үндістан мен Пәкістанға бөліп берген.

1965 жылы тамыз-қыркүйекте Кашмир шекарасында екі ел арасында екінші рет соғыс басталды. Бұл соғысқа да БҰҰ араласып, қақтығыс тоқтаған.

Азаттық