Дүкен Мәсімханұлы | өмірбаяны
Дүкен Мәсімханұлы (азан шақырып қойған аты Дулат) 1963 жылы 20 сәуірде Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Ақши деген жерінде өмірге келген.
1982 жылы туған ауданынан орта мектеп бітірген Дүкен Мәсімханұлы сол жылы Пекиндегі Орталық ұлттар университетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнының аудармашы-филолог мамандығын 1987 жылы “оқу үлгілісі” деген үздік дипломмен тәмәмдайды. Университетті бітіргеннен кейін, 1987-1993 жылдары Үрімжі қаласындағы ШҰАР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып істейді. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыруымен тарихи отанына оралған Д.Мәсімханұлы келісім-шарт мерзімі біткеннен кейін Қазақстанда біржола қалып, ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс елдері кафедрасында ұстаздық етеді. 1999-2002 жылдары аталған кафедраға басшылық жасады. 2002 жылы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ұстаздық қызметке шақырылады. 2003-2005 және 2007-2009 жылдары аталған оқу орнының Шығыстану кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарады.
2010 жылдан қазірге дейін ЕҰУ Филология факультеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі. Профессор.
1999 жылы академик Р.Нұрғалидың жетекшілігімен «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 2008 жылы тағы да академик Р.Нұрғалидың кеңесшілігімен “Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов және Лу Шүн шығармалары негізінде)” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Шығармашылық жолын университет қабырғасында, студент кезінде бастаған Дүкен Мәсімханұлының бүгінге дейін 20-дан астам әдеби, ғылыми-зерттеу һәм тәржіма кітаптары оқырман қолына тиді.
Бұдан сырт Дүкен Мәсімханұлының 300-ден астам ғылыми-зерттеу, еңбектері республикалық және шетелдік түрлі ғылыми басылымдарда жарияланды. Сондай-ақ әр жылдары қытайдың классик ақын-жазушыларының шығармаларын түпнұсқадан тәржімалап, мерзімді баспасөз бетінде қазақ оқырмандарына ұсынып келеді.
Бүгінде ақын, қытайтанушы-ғалым, аудармашы ретінде Дүкен – ҚХР ШҰАР Жазушылар одағының, ҚХР Түркологтар қоғамының, ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, Қазақстан Жазушылар одағының, Дүниежүзі синологтар қоғамының мүшесі. 2013 жылдан Қазақстан әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі. 2012 жылдан ҚХР ШҰАР Мәдениет департаменті Өнер институтының, 2015 жылдан ҚХР Шынжаң университетінің ұсыныс етілген профессоры.
Д.Мәсімханұлы бүгінге дейін “Оғызнама” туралы зерттеу” деп аталатын еңбегі үшін Қытайдың “аз ұлттар әдебиетін зерттеу саласындағы үздік еңбек” сыйлығын (1990ж.), ғылыми-зерттеу мен әдеби шығармашылықтағы көрнекті еңбегі үшін Бүкілқытайлық жастар сыйлығын (1991ж.), әдеби шығармашылық және аударма саласындағы жетістіктері үшін ҚХР Жазушылар одағының “Тың талант” сыйлығын (1992), Елбасы жарлығымен “Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл” (2001ж.), “Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл” (2011ж.) “Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл” (2016ж.) медалдарымен марапатталды. 2010жылы Д. Мәсімханұлы ҚР Білім және ғылым министрінің жарлығымен “ҚР жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” атағымен, 2013 жылы «Ы.Алтынсарин» атындағы медальмен марапатталды. 2012 жылы Қазақстан жазушылар одағының Халықаралық “Алаш” әдебиет сыйлығына және ШЫҰ-ның (Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы) “Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық” сыйлығына (алтың медаль) ие болды. 2013 жылы желтоқсан айында Елбасы жарлығымен Д.Мәсімханұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Сондай-ақ ол ақын ретінде бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жыр мүшайраларының жүлдегері.
Ғылыми еңбектері мен әдеби шығармалары ағылшын, қытай, орыс, түрік, ұйғыр, қырғыз тілдеріне аударылған.