Ғайнетдин Мұсабаев | өмірбаяны

0

Көрнекті ғалым Ғайнетдин Ғалиұлы Мұсабаев 1907 жылдың 17 қыркүйегінде бұрынғы РСФСР-дің Омбы қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ол бала кезінен-ақ өмірдің тауқыметін көріп өсті, тоғызға келгенде әкесі, он бір жасқа келгенде анасы да қайтыс болып, бес бірдей жетім бала атасы Мұсабайдың қолында тәрбиеленеді. Жетім қалған балалардың ең үлкені болғандықтан, Ғайнетдин жасынан қара жұмысқа түсіп, кісі есігінде жүреді.

Жұмыс істей жүріп ара-арасында оқиды, осы қалада екі кластық білім алады. 15 жасынан бастап отбасының бар ауыртпалығы Ғайнетдиннің мойнына түседі, өйткені 1922 жылы атасы да қайтыс болады. Омбыдағы атақты кулак Буряковқа жалданып, жер жыртып, егін салады, шөп шабады, малын бағады. Омбы теміржол депосында теміржолшы, Қарағандыда, Степнякта шахтер болып істейді.

Қаршадайынан қара жұмыс істеп, қиналып жүрсе де оқысам, білім алсам деген ой көкейінен кетпей қояды. Сөйтіп ол 1929 жылы Омбының педагогтік техникумына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шығады. 1933 жылы алған білімін тағы да көтере түсу мақсатымен Алматыға келеді. Сөйтіп, осы жылы Абай атындағы педагогтік институттың тіл және әдебиет факультетіне оқуға қабылданады. 1937 жылы институтты ойдағыдай бітіріп, сол кезде ұйымдастырылған СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалына жұмысқа қалдырылады. 1939 жылы ол Тіл және әдебиет институтының аспирантурасына түсіп, ғылым жолына біржола бет бұрады.

Ғ. Мұсабаевтың тіл ғылымына бейімділігі, ізденгіштігі институтта оқып жүрген кезінен байқалады. Студент кезінің өзінде түрлі тақырыптарға баяндама, мақалалар жазып, оқытушылардың көзіне түсе бастайды. Оның ғылым жолына түсуіне, ғалым ретінде қалыптасуына ұстазы профессор Құдайберген Жүбановтың әсері ерекше болды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда аспирант Ғ. Мұсабаев бітіп тұрған кандидаттық диссертациясын тоқтатып қойып, өзі сұранып ел қорғауға аттанады. Қатардағы жауынгер әскери саяси училищені бітірген соң танк батальоны командирінің орынбасары болып, капитан дәрежесіне дейін көтеріледі. Шайқастарда талай рет ауыр жараланып, екі рет контузия алады. Елге кеудесін ордендер мен медальдарға толтырып, майданнан мүгедек болып қайтқанына қарамастан, қаламын қолға қайта алып, өнімді еңбек етіп, ана тілінің қыр-сырын зерттеуге, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді шешуге өзіне тән қайсарлықпен белсене араласып, ғылыми зерттеулерінде үлкен табыстарға жетеді.

Ғалымның ғылыми шығармашылығы сан салалы, ол кең тынысты филолог. Проф. Ғ. Мұсабаев қазақ тілі тарихы, диалектология, этногенез, қазақ әдеби тілі (негізі, қалыптасуы, дамуы т.б.), тарихи лексикология, этимология, семасиология, грамматика, лексикология мен тіл тарихының оқулықтары, лексикография, жазба

ескерткіштер, көркем шығарма тілі т.б. мәселелерге қалам тартты.