Бейсенбай Кенжебаев | өмірбаяны
Бейсенбай Кенжебаев (04.10.1904, Бөген ауылы, Ордабасы ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы – 17.07.1987, Алматы қаласы) – ғалым, филология ғылымының докторы (1959), профессор (1961).
1925 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Әдебиет институтының 2-курсын, 1942 жылы ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) бітірген.
«Жас қайрат», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш», 1923–28), «Кеңес туы» (1929–30), «Оңтүстік Қазақстан» (1932–33), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан», 1928–29, 1931–32, 1933–35), т.б. газет-журналдарда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор, 1938 – 1941 – «КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ведомостарында» аудармашы, 1941-1944 – Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы болып қызмет істеген. 1961 жылдан ҚазМУ-да кафедра меңгерушісі, 1975-1987 жылдары осы университетте профессор болды.
«XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократ жазушылары (монография бойынша)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Кенжебаев – қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Жамбыл Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқулығын, «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясын» (1967) жариялады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысты. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға орай, қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан (ХІХ ғ.) басталады деген жаңсақ пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.