2018 жылы Ресейге 26 мыңнан астам қазақстандық көшіп барған

0

2018 жылы Ресейге 26 мыңнан астам қазақстандық көшіп барған. Ресей федералды мемлекеттік статистика қызметі жариялаған деректе осындай статистика айтылады. Қазақстан Ресейге ең көп барған елдер қатарына кірген.

Росстат дерегінше, өткен жылы Ресейге жарты миллионнан астам азамат көшіп барған. Елге келген мигранттар саны жағынан Өзбекстан алда келеді. Ресей ІІМ ақпараты бойынша, 2018 жылы миграциялық тіркеуге 4,5 миллион өзбек азаматы тұрса, 3,25 миллион өзбек тіркеуден шыққан. Ал Ресейге бару жағынан екінші орында тұрған Тәжікстаннан өткен жылы елге 31 мыңнан астам адам кірген.

Дегенмен Росстат мамандары 2018 жылы мигранттар санының соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткішке түскенін айтады. Көші-қон ағымының (келушілер мен кеткендер арасындағы айырмашылық) көрсеткіші 2005 жылдан бергі ең төменгі деңгейге дейін азайған.

Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушысы, ғалым Ольга Чудиновских РБК арнасына берген сұхбатында Ресей мигранттар үшін жайлы ел болудан қалып барады деп айтқан. Мұнда соңғы уақытта заңды жұмыс істеу үшін берілетін патент құны қымбаттап, ай сайын мемлекетке төленуі тиіс төлем мөлшері көбейген.

2018 жылы елден 440 мың адам кеткен. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш. Елден кеткендер арасында Ресей азаматтарымен қатар мигранттар да бар.

Азаттық