Пайғамбардан (с.а.у.) бата алған табиғин / Ибраһим Мұстафа
Ахнаф бин Қайс бин Мұғауия бин Хусайн Тамими. Ахнаф оның лақабы, азан шақырып қойған есімі – Даххак. Ал, Ахнаф, яғни шолақ деп, аяғының қисықтығына байланысты атап кеткен. Ахнаф бин Қайс үлкен табиғиндердің екінші деңгейіне жатады.
Ахнаф — Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кезінде болып, бірақ кездесе алмаған кісі. Алайда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) ол үшін дұға жасағаны жайлы дерек бар. Ол оқиға турасында Ахнафтың өзі былай дейді: «Халифа Осман бин Аффанның заманы болатын. Мен Қағбаны тәуап жасап жүргенмін. Бәну Лайс тайпасынан бір кісі келіп, менің қолымнан ұстап: «Саған бір сүйіншім бар», — деді. Ахнаф: «Айта ғой, ол не?». Ол кісі: «Алла елшісі (с.а.у.) қауымың Бәну Сағдқа мені жібергені есіңде ме? Мен сенің қауымыңды Исламға шақыра бастадым. Сонда сен: «Бұл кісі жақсылыққа шақырып жатыр», — деп айттың. Осы сөздеріңді Алла елшісіне (с.а.у.) жеткізгенімде, ол: «Уа, Алла! Ахнафты мағфирет ет», — деп дұға жасаған болатын», — дейді. Мұны естіген Ахнаф: «Осы амалымнан көп үміт күтемін», — деген екен.
Табиғин Мәдина қаласында халифа Омардың жанында жүру мүмкіндігіне ие болды. Мұсылмандар астанасында жүрген уақытта халифа Омардан және Әли бин Әбу Талиб, Осман бин Аффан, Әбу Зарр Ғифари, Абдулла бин Масғұд сынды сахабалардан білім алды. Алайда, халифа Омар оның өміріне ерекше ұстаз болды. Ол Басра қаласының делегаттары құрамында Мәдина қаласына халифа Омармен кездесуге келген. Сол кездесуде халифа Омар бұл жас жігіттің зеректігі мен парасаттылығын байқап, бір жылдай жанына алып қалып, көп нәрсе үйретеді. Халифа оған ақыл-кеңестерін беріп, бағыт-бағдар көрсетті. Халифаның айтқан сөздерінің бірі мынау болды: «Ей, Ахнаф! Мен сені сынап, бақылап көрдім. Сен сыртқы әрекетің жақсы адамсың. Ішкі жан дүниең де солай деп үміт етемін. Өйткені, біз бұл үмбетті құрдымға алып кететін білімді екіжүзді адам деп білеміз», — деген.
Сондай-ақ, халифа Омар оған: «Ей, Ахнаф! Күлкісі көбейген кісінің айбаты азаяды. Ал әзілқойды жұрт жеңіл санайды. Сөзі көбейгеннің қателігі көбейеді. Ал, қателігі көп кісінің ұяты азаяды. Ал ұяты аз кісінің қорқуы азаяды. Қорқу азайған соң, жүрек өледі», — деген.
Сонымен қатар, Ахнаф немере ағасы Сағсағ бин Мұғауиядан көп тәлім алды. Ол ағасынан жұмсақтық пен төзімділік қасиетін алды. Жұрт Ахнафтың аса жұмсақ, өте төзімділігіне таң қалатын. Сонда, ғалым былай деген екен: «Менің осы мінезіме таңқаласыңдар ма? Бұл – немере ағам Сағсағ бин Мұғауиядан сіңген қасиет. Күндердің бір күні ағама «ішім қатты ауырып тұр» деп шағымдандым. Сонда ол кісі: «Бауырым, ешкімге шағымданушы болма. Жұрт екі түрлі болады: бірі – досың, бірі – дұшпаның. Досың шағымыңды естісе, жүрегі ауырады. Дұшпаның естісе, табалайды. Бар мұңың мен шағымыңды сені сынап жатқанға айт. Алайда, өзің сияқты жаратылған пендеге шағым айтушы болма. Бауырым! Менің бір көзім жиырма жыл болды, еш нәрсені көрмейді. Оны әйеліме де, басқа біреуге де айтқан емеспін», — деді».
Ахнаф (р.а.) ерекше парасатты басшы еді. Аса қиын мәселелердің түйінін шешуде асқан ақылдылық көрсететін. Һишам бин Ұқба былай деп еске алады: Ахнаф бин Қайсқа кісі құнын даулап адамдар келген. Олар: «Екі есе құн төлеуін талап етеміз», — деді. Ахнаф: «Дегендерің болсын», — деп кесіп айтты. Мұндайды күтпеген шағымданушылар үнсіз қалды. Сонда Ахнаф: «Мен сендерге сұрағандарыңды беремін. Бірақ, құлақ салыңдар! Алла Тағала бір құн деген, пайғамбар да бір құн деген. Арабтар да бір құн беретін. Ал бүгін сендер құн сұрап келіп тұрсыңдар. Ертең сендер де құн төлеушінің кебінін киесіңдер. Міне, сол уақытта сендерден де екі есе құн алмайынша, жұрт риза болмайды деп ойлаймын», — дейді. Сол сөзден кейін дауласып келгендер бір құнға тоқтайды. Әрине, бұл жерде қалай болса да, бір құн ғана төленеді. Алайда, ушығып тұрған мәселені күрделендірмей, күштеп емес, ақылмен көндіру үшін ақыл мен парасат керек.
Табиғиннан ғажайып өмірлік сабақтар қалған. Мәселен: «Кемел адам – кемшілігін санауға келетін адам. Өйткені, тек аз нәрсені ғана санауға болады», — деген. Сондай-ақ, «Кешірім деген – хақсыздық көргенде төзімділік танытып, шамаң келген күні өшіңді қайтару емес. Кешірім – әділетсіздік көргенде төзу және сенің күшің мен мүмкіндігің туған күні кешірім таныту», — деген. Ахнаф (р.а.): «Үш қасиет бар, оны жұртқа ғибрат болсын деп айтамын, олар: патшалар есігіне тек шақырса ғана баратынмын. Екі кісі төрелік сұрамаса, арасына кірмеймін. Адам кеткен соң артынан жаман сөз айтпаймын», — деген екен. Яғни, бұл оның «патшаның өзі маған мұқжат болмаса, атақ-дәрежемді пайдаланып, қабылдауына кірудің жолын іздемеймін. Дауласқан адамдарға олар өтішін жасамайынша арасына төрелік жасамаймын, өйткені артық етемін деп, жағдайды асқындырып алуым мүмкін. Сондай-ақ, адамға айтарымды бетіне айтамын, ал кеткен соң бір ауыз жаман сөз айтпаймын» дегені.
islam.kz