Қазақша өлең: Махамбет Өтемісұлы (Исатай деген ағам бар)
Исатай деген ағам бар,
Ақ кіреуке жағам бар.
Хан ұлымен қас болып,
Қара ұлымен дос болып,
Хан үстіне барғанда,
Шабайық ханды дегенде,
Шапқандай ханды амал бар, —
Амал барда хан шаппай,
Тәңірім қылды — не амал бар?!
Ат туады байталдан,
Айт десең — лебіз қайтарман.
Төрт-бес жылдай алысып,
Мына тұрған Иса-екем
Ханның бір тауын қайтарған.
Ат туар ма шұбардай,
Ер туар ма бұлардай,
Дулығалы бас кесіп,
Дұшпанының қанына
Ақ алмасын суармай?!