Жүкті әйел қандай сауап алады? / Мұхаммед Ахмад Канған

0

Ананың басынан кешіретін қиындықтары әкенікіне қарағанда көбірек. Сондықтан ананың хақы басымырақ әрі жақсылық жасау несібесінің көп бөлігі ана үлесiнде. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір кiсi Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Менің жақсы қатынасыма, қамқорлығыма адамдардың қайсысы лайықтырақ?» – деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Анаң!» – деп жауап бередi. Әлгі адам: «Сосын кім?» деп қайта сұрағанда, ол (с.а.у.)«Анаң!» – деп қайталайды. Ол адам тағы да: «Онан кейін кім?» – дегенде, Алланың елшісі (с.а.у.) тағы да: «Анаң!» – дейді. Ол қайтадан: «Сосын кім?» – дегеннен кейін ғана, Алланың елшісі (с.а.у.)«Әкең!» – деді»– деген (ӘлБұхари, Муслим).

Әлбетте, бұл хадистің мәні әкенің орнын төмендетіп, құқығын кемітіп отырғаны емес. Өйткенi әкенің өз баласында үлкен хақы бары даусыз. Дегенмен Аллаһтың елшісі (с.а.у.) бұл хадисте әйел баласының әлсіз келетінін ескерген. Өйткені бұл кезең адамдардың әйелдерге деген жаман қөзқарастарынан енді ғана арылып, Исламды жаңадан қабылдап жатқан кезi болатын. Сондықтан хадисте Алла елшісі (с.а.у.) атаанаға жақсылық жасауды, ананың ақысын орындауды ескертіп, ана хақын ерекше атаған.

Шын мәнінде, Алла тағала перзенттерге атааналарына жақсылық жасауды парыз еткен. Сонымен қатар оларға жақсылық жасаған перзентіне үлкен сауап жазылатынын айтқан. Ал атаанаға қарсы келу харамға жатқызылған әрi үлкен күнә саналады. Алла тағала: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де қастарыңда кәрілікке жетсе, «түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де. Ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей гөр!» – де», – деген («Исра» сүресі, 23-24 аяттар).

islam.kz