Түркістан облысында «браконьер» полицей ісі бойынша тағы екі күдікті ұсталды
Түркістан облысы Жетісай ауданы Шардара су қоймасында рұқсатсыз балық аулаған учаскелік полицейдің жанында болған екі балықшы ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова хабарлады.
Қаракөзованың айтуынша, 18 ақпанда кешке осы оқиғаға қатысы бар екі балықшы анықталып, ұсталған. Күдіктілер Шардара су қоймасына заңсыз балық аулағанын толық мойындаған.
«Балықшылардың үстінен Қылмыстық кодекстің 335-бабы («Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» дейді баспасөз қызметі.
Биліктің хабарлауынша, ұстау кезінде күдіктілер полиция қызметкерлеріне қарсылық танытқан. Олардың үстінен Қылмыстық кодекестің «өзінше билік ету» бабымен іс қозғалып, тергеу басталған.
17 ақпан күні түсте Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар Шардара су қоймасында балық аулап жүрген «браконьерді» ұстағанын хабарлаған. Оқиға орнына жеткен тергеу тобы «баконьердің» Мақтарал аудандық полиция бөлімінің қызметкері екенін анықтап, жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабымен («Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу») қылмыстық іс қозғаған.
Қаракөзова «сот алды тергеу амалдары жүріп жатқанын, полиция департаментінің осы оқиға бойынша қызметтік тексеру бастағанын» хабарлаған.