Ізшіл иттер 300-ден аса қылмыс ашты
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне қарасты кинологиялық қызмет орталығы қылмыстың алдын алу және болған қылмыстарды ашу кезінде ерекше үлес қосып келеді. Мұнда 28 ізшіл, иісшіл ит арнайы кинолог мамандардың үйретуімен тәулік бойы кезекшілікте жүр. Жедел-іздестіру тобымен бірге олар есірткі, жарылғыш заттар мен қару-жарақтарды іздеп тауып, оқиға орнында қылмыскердің ізіне түсу және тұтқындау шараларына қатысады.
– Жыл басынан бері өткен он ай ішінде қызметтік иттердің көмегімен 227 ұрлық, 27 тонау, 56 есірткі қылмысы ашылды. Екі адамның өліміне және бір адамның ауыр жарақатына байланысты қылмыстарды әшкерелеуге де біздің төрт аяқты достарымыз өлшеусіз үлес қосты, – дейді Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкері Әлия Наурызғалиева.
Кинологиялық қызмет орталығының бастығы, полиция ма-йоры Талап Әсетовтің айтуынша, қызметтік иттерді үйретіп, баулығанша көп уақыт өтеді. «Өз ісін сүйіп жасайтын, итімен шынайы достық орнатқан маман ғана нақты нәтижеге жетеді», дейді ол.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы