Ақжол Қалшабек өмірбаяны
Ақжол Қалшабек филология ғылымдарының кандидаты. 1965 жылы, 30 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жоғарғы Сырлы деген малшы қыстағында дүниеге келген. 1992 жылы Шымкент педагогикалық институтының көркем сурет графика факультетін, 1998 жылы Қ.А.Иасауи атындағы қазақ-түрік университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылы белгілі ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінде «Асқар Сүлейменов шығармашылығындағы көркемдік ізденістер» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Осы уақытқа дейін 30 астам ғылыми мақалалары жарық көрген. Оның ішінде: «Елдік сұлбасы немесе ұлттық рух жайлы толғаныс» («Шымкент келбеті» газеті, 24сәуір, 1998ж), «Асқар феномені» («Ақиқат» журналы, №8, 2004), «Ел, иман һәм жеке тұлға (фәрд)» («Ар-Ай» газеті, Тараз, 1.12.2005), «Профессор Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми орбитасындағы бес тарап» (Абайтану. Мекемтас Мырзахметұлы. Астана, «Деловой мир», 2010. 2-кітап ), «Мархабат мәнзелдес мақамдар» («Оңтүстік Қазақстан» газеті, 31.03.2012), «Кеңестік дәуірдегі эмиграциялық әдебиет», («Қазығұрт. кz» журналы, №8, 2012), «Модернизм мәнісі» («abai kz» ақпараттық порталы, 11. 15. 2013) атты мақалаларын атап кету керек. Өткен жылы «Әдебиеттану ғылымына кіріспе» атты оқулығы жарық көрді. («Нұрдана- LТD» баспасы, Шымкент-2012. 192-бет). Оқулықта қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері мен әдебиет теориясының негіздері жаңа заман талабы тұрғысынан сараланады. Қазіргі таңда М.Әуезов ат. ОҚМУ «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті қызметін атқаруда. Осында әдебиет теориясы, қазіргі әдеби процесс, қазіргі қазақ әдебиеті курстарынан дәріс оқиды.