Оралда әкіммен кездесуде жанжал шығарған азамат терезеден секіріп кетті
13 ақпан күні өткен Орал қаласы әкімінің есеп беру кездесуінде 44 жастағы бұрынғы құқық қорғау қызметкерінің қоғамдық тәртіпті бұзып, бұзақылық жасағаны белгілі болды. Ер адам өзіне хаттама толтырылып жатқан кезде үшінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен деп жазады Sputnik Қазақстан.
Қала басшылығының қатысуымен өткен іс-шарада күдікті азамат орнынан тұрып, жанындағы адамдарды жұлқылап, боғауыз сөздер айтқаны белгілі болды.
Орал қаласының тұрғыны үшінші қабатта орналасқан қызметтік кабинетте хаттама толтырылып жатқан кезде кенет терезені ашып, секіріп кеткен. Салдарынан ол жарақат алды. Осыдан кейін қалалық ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері ұсақ бұзақылық жасағандар бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (12 625 теңге немесе 33 доллар) айыппұл төлеуі немесе он күнге дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін екенін еске салды.
Сонымен қатар, ол полиция басқармасына келе жатқан кезде тәртіп сақшыларының талабына бағынбаған.
Ол үшін де 667 баптың 1-бөлімі «ІІБ қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау» бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды.
Ер адам бұрын Орал стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс істегені анықталды. Екі жыл бұрын қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және Мемлекеттік қызметшілердің этика кодексінің талаптарын бұзғаны үшін жұмыстан шығарылған.