Желіде басы қанға боялаған тәрбиешінің видеосы тарады
Видеоны жариялаған автордың жазуынша, балабақша тәрбиешісі балаларға берілген тамақ мөлшерін видеоға түсіріп, желіге жүктеген.
Сол әрекеті үшін балабақша директоры оның басын жарған.
Кадрлардан басы қанаған әйелге әріптестерінің көмектесіп жатқанын байқауға болады.
«Сөйлескен жоқ ешкім. Біз тамақты дұрыс істемеді деген үшін… не үшін шақырды, не үшін ұрасыз?!», — деген айғайлаған дауысты естуге болады.
Оқиғаға қатысты Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы «NewTimes.kz» агенттігіне пікір білдірген.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 14 ақпан күні болған.
«Айналайын» жекеменшік балабақшасындағы оқиғаға қатысты бойжеткеннің жағдайы туралы:
Кеше кешкі алтыда Маңғыстау облыстық ауруханасына жабық бас ми жарақаты, ми шайқалуы, сол жақ самай жарақаты диагнозымен бойжеткен түсті. Көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне қайтарылды. Түнгі сағат бірде тағы да медициналық көмекке жүгінгендіктен, таңғы 10-ға дейін дәрігерлер бақылауында болды.
Компьютерлік томограмма жасалып, жағдайының қалыпты екеніне көз жеткізілгеннен кейін науқас амбулаторлы емделуге үйіне қайтарылды», — деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.