Тойшыл халық ойшыл бола алмайды
«Афымен келген үфімен кетеді» деген сөз бар халқымызда. Шектен тыс ысырапшылдықпен өткізіліп жатқан тойлар туралы естігенде сол ақша адал еңбекпен табылды ма екен деген де күмәнді ойға берілесің. Өйткені табан ақы, маңдай термен жанын қинап тапқан ақшаның қадірі де зор болады, демек ондай ақшаны иесі босқа шашуға да тиіс емес.
Тойға халқымыз қашанда жақын туыс-туғандар мен тілектес адамдарды шақырған. Себебі олардың той үстінде айтқан тілектері ниеттестіктен, шын жүректен шыққан сөз болуы керек. Сонда ғана ол тілектердің қабыл боларынан үміт күте аласың. Ал енді 500-ден 1 мыңға дейін қонақ шақырылатын тойларда келген кісілердің бұл шіріген бай ғой, аяймыз ба, тойғанша ішіп-жейік деген сияқты масылдық, кейде тіпті дұшпандық пиғылда да болуы әбден мүмкін. Өйткені тойға шақырылған мың адамның бәрі тілеуіңді тілейтін жандар деп ойлаудың өзі артық. Адамда нағыз достардың санаулы ғана болатыны сияқты, ниеттес, тілектес адамдар да онша көп бола қоймайды. Олай болса, тойға келгендердің жартысынан астамы әшейін мол астан ішіп-жеп, мастықтан майрақай-тайрақай болуға, тіпті сынап кетуге келгендер деп ойлауға толық негіз бар. Осы жерде бір ескеретін жайт, адамдар той иесін дастарқаны жұтаңдау болған кезде ғана сынамайды, керісінше, тағамның көптігінен үстел майысып тұрған кезде сынайды. Ондайда біреулер «жарыл қазақ, жарыл, әкең байғұс өмір бойы жарымай өтіп еді, әбден тойынған екенсің» деп кекетсе, енді біреулер «осының бәрін еңбекақысына сатып алып отыр дейсің бе, ұрлық ақша ғой» деп сынайды. Ендеше, тойыңа келіп алып өзіңді сырттай келемеж қылатын адамдарды қонақ етудің мәнісі қалай? Міне, тойларына шамадан тыс қонақ шақыратын даңғойлардың табатын «бір пайдасы» осы, бәлкім ойланатын тұсы да осы…
Той туралы сөз қозғай отырып, қазақтың тойларының қалай өтетіні туралы да аз-кем айта кеткен жөн. Ең бірінші ерекшелік – той иесі меймандарды айталық, сағат 17-ге деп шақырса, той ерте дегенде 18.30-19.00-де, яғни бір жарым, екі сағатқа кешігіп басталады. Бұл бір жағынан біздің қандай да бір шараны ұйымдастыруға деген қырсыздығымызды, бей-берекеттігімізді білдірсе, екінші жағынан іс жүзінде қонақты сыйлай білмейтінімізді көрсетеді. Бірінші жағдайды оңай түсінуге де, түсіндіруге де болады. Біздің ағайындар ғасырлар бойы сағатқа қарап жұмыс істеп көрген халық емес. Күн арқан бойы көтерілгенде ғана ұйқысынан оянып, кеш қарайғанда төсекке жатып үйренген жұртқа дәл айтқан уақытта ойлаған істі бастап кету өте қиын. Бірі табылса бірі табылмай, қазақтың қолға алған шаруасының әрқашан қиюы қашып жататыны содан. Ал екінші жағдай түсініксіздеу. Біз өзімізді қонақжай, үйге келген мейманын сыйлай білетін халықтардың қатарына жатқызамыз. Олай болса, шақырған уақыттан кешікпей келген қонақтарды босқа сарылтып, сағаттап тостырып қоюымызды қалай дәлелдеуге болады? Түсіне білген адамға ондай тойлардың басталмай жатып-ақ берекесі кетеді. Халық күте-күте жалығады, кейбір үлкен кісілер тіпті той басталмай-ақ шаршай бастайды. Осылай кешігіп басталған той тым ұзап кетпей аяқтала қойса жақсы ғой. Ондай тәртіп бізге қайдан келіпті. Ырду-дырду мен азан-қазанға ұласқан той түннің бір уағына дейін созылады. Спиртті ішімдік ішіп алғандарға бәрі тамаша – олар уақыттың қалай өтіп жатқанын сезбей де қалады. Мұндай сәтте саламатты өмір салтын ұстанатындарға ауырлау. Ондайлар әбден қалжырайды, кетейін десе той иесі ренжиді. Амалсыздан отырады. Шындықты мойындауымыз керек, біз уақыттың қадірін бағалай білмейтіндердің санатына жатамыз. Тойшыл халық ойшыл бола алмайды.
Ал енді тойларымыз неліктен сағыздай созыла береді деген мәселеге назар аударып көрейік. Ең біріншіден, тойды созатын – асабалар. Бүгінде ақша табудың оңай жолы болғандықтан асабалар көбейді. Тойды тегін жүргізетін заманда асаба табудан қиын проблема жоқ еді. Ол асабалардың бәрі білімді, мәдениетті, өз ісін білетін адамдар болса жақсы ғой. Өкінішке қарай, олай емес. Қазіргі асаба болып жүргендердің басым бөлігі оқуды оқып жарытпаған (дипломы бола тұрса да), дүниетанымы тар, бар болғаны күнкөрістің қамы үшін тілі мен жағына сүйенген пысықайлар. Олардың таландарына қарай той иелерінің де деңгейлері өздерінікінен асып бара жатқан жоқ. Сондықтан да біреулер «о, бұл керемет асаба» десе болды, байшікештер жеңіл жолмен келген ақшадан 5 мың, 10 мың долларды суырып бере салады. Осындай тегін ақша бүйірін қыздырып, «талантын ашқан» асабалар сөздің тиегін ағытады-ай келіп. Енді қалай, алмақтың да салмағы бар, өтеу керек қой түскен табысты. Тойдың алғашқы жарты сағатында болмаса, одан кейін асабаларды тыңдап отырған бір жан болмайды. Оған қарап жатқан асаба да жоқ. Лепіріп, аузы көпіріп сөйлей береді. «Ал қол соғып құрмет көрсетейік» деген кезде ғана жұрт селт етіп бір қол соғып қояды да, қасындағы көршісімен шеті-шегі жоқ қысыр әңгімені одан әрі жалғастыра түседі. Асабалардың тым көп мылжыңдайтыны сондай, көбіне тойға келгендердің біразына тілек айту үшін уақыт жетпей жатады. Ондайда асаба тағы бір қулық ойлап табады. Сөз сөйлеуге шыққан 15-20 адамның ішінен үшеуі сөйлесін де, қалғандары соған қосылсын дейді. Әділі керек, асабалардың бүкіл той бойына тындыратын жалғыз «дұрыс шаруасы» да осы, яғни сөйлеушілер санын қысқарту. Егер қонақтармен бірге өздері де неғұрлым қысқарақ сөйлейтін болса, тойларымыз қазіргідей даңғаза, далбаса емес, әлдеқайда тартымдырақ, мағыналырақ бола түсер ме еді, кім біледі. Әйтпесе, сөйлегеннің жөні осы деп жақ жаппастан жетім қозыдай зарлай беру асабаға да, ең бастысы тойға да абырой әпермек емес. Осыны түсіне алмай жүргеніміз өкінішті. Жалпы, асабаның міндеті дамылсыз сөйлей беру емес, ненің не, кімнің кім екенін айтып, адамдарға сөз кезегін беру.
Біздің тойларымыздың берекесін кетіретін тағы бір құбылыс – дарылдаған музыка. Азан-қазан, у-шу музыканың үні залға кірген бетте-ақ құлағыңды тұндырады. Тойға емес, бейне бір дискотекаға келгендей сезінесің өзіңді. Дыбысының күштілігі сондай, қасыңда отырған адамның өзімен айқайлап сөйлесуге тура келеді. Бұлай болатын себебі, кешті ұйымдастырушылар той болған жерде музыка болуы керек деп түсінеді. Тойды түрлендіріп, қызықтырақ ету үшін ең мықты деген асабаң да ешқандай жаңалық аша алмайды. Сол баяғы бос сөз, сайқымазақ, қылжақбас, сол бір барылдаған музыка тойдың басынан аяғына дейін созылады. Арасында билетіп, ойын ойнатып қоятыны ғана бар. Бүкіл тойдың бағдарламасы осы. Сондықтан да бірі бірінен еш айырмашылығы жоқ қазіргі тойлардың көбі сұрықсыз. Мен білетін адамдардың дені әңгімелескен кезде тойға барғымыз келмейді, амал жоқ, ұялғаннан барамыз деген пікірлер айтады.
Ата салтымызды, ұлттық дәстүрлерімізді қайта жаңғыртайық деп даурығады кейбір «білгіштер». Дарылдаған музыкаға елтіп батыстың биін билеу, қолыңа рюмке ұстап тұрып тост айту, қасиетті той қуанышын қылжақбастыққа айналдыру қай атамыздан қалып еді?
Қазіргі таңда осындай даңғаза тойлар біздің ағайындар үшін ақша шашудың көрінісі ғана емес, сонымен бірге тіршілік үшін алаңдамаудың, не өзіңнің, не бала-шағаңның болашағын ойламаудың да көрінісі болып тұр. Өйткені тойда жүрген адам есірік адам, онда ес болмайды. Екі езуі екі құлағында, бір тойды аяқтай беріп келесі тойға дайындалып жатады. Жеке басының қамын ойлай алмайтын, өмірде не болып жатқанынан мүлде хабарсыз бұл сияқтылардың ұлтына тигізер септігі де шамалы.
Әлемде бізден жүздеген, мыңдаған есе бай тұратын халықтар бар. Олардың ешқайсысы біз сияқты шашылып той өткізбейді. Біріншіден, әр қадамын ойлап жасайтын ұлттар ондай шашылуға деген қажеттілік бар деп есептемейді. Екіншіден, адал еңбекпен келген ақшаны босқа рәсуа ету олар үшін оғаш қылық саналады. Олар ақшаны жартылай ішіліп, жартылай қалып қоятын тамаққа емес, үйлену тойына киетін киімге, одан соң «үйлену тойынан кейінгі саяхат» деп аталатын сапарларға жұмсайды. Сөйтіп ел көреді, жер көреді, сол арқылы тойларын есте қалдыру жағын ойластырады. Ондай тойлардың өнегелілігі де сонда – айта жүретін естелік қалады. Ал біздің тойлардан соң ішіп-жегеніңнен басқа не айтасың?
Жалпы, той деген адамның игі қуанышы және сондай қуанышты күнге жеткізгені үшін әлгі адамның Алла тағалаға деген ризашылығы, басқа сөзбен айтқанда, Құдай жолында берілген ас. Ал Жаратқан иемізге бағышталған ас мақтаншылыққа, бәсекелестікке, даңғазалыққа апармауы тиіс. Әдетте қуаныш иесі той дастарқанын жая отырып осы көрген қуанышымызды баянды етіп, ұзағынан сүйіндіре гөр деп Алладан тілеу тілейді. Ал асылықпен, ойсыз өткізілген тойды Жаратқан иеміздің құп көруі екіталай. Олай болса той иесінің тілектерінің қабыл болары да күмәнді. Астамшылық пен мастаншылыққа салынып жүрген ағайындарымыздың мәселенің осы жағын түсінгендері жөн болар еді…
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»