Аналардың әр арызы назардан тыс қалмайды

0

[ad_1]

12 ақпанда Астана әкімдігінде өткен отырыста қала әкімі Бақыт Сұлтанов көп балалы аналардың әр арызында айтылған мәселені шешуді тапсырды.

«Қазір аудан әкімдіктері тиісті жауапты мекемелермен бірлесіп, қаладағы өрт қауіпсіздігін күшейтіп жатыр. Бізге өзінің әлеуметтік қиын жағдайын айтып, аналар хабарласты. Біз олармен бірнеше кездесу өткіздік, барлығының өтініш-арызын қабылдадық. Осы арыздардың ешбірі әкімдік назарынан тыс қалмайды. Қазіргі кезде аудан әкімдері азаматтарды қабылдап жатыр. Бұл жұмыс жүйелі және тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Әр өтініш бойынша мәселені шешу керек» деді Сұлтанов.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

6 ақпанда Астанада жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған.

6 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Халық тұрмысын жақсарту үшін үкіметте жұмыс тобы құрылған. 12 ақпанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова​ жұмыс тобы аясында көп балалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қаралатынын айтты.

[ad_2]

Азаттық