Миллион теңгеден алған мұғалімдер мен дәрігерлер қоныс тойын тойламақ
Қысқа сілтеме алу
Елордалық бюджет қызметкерлеріне тұрғын үй заемдары табыс етілді
АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Астанада 100-ге жуық бюджет қызметкері тұрғын үй сертификаты бойынша алғашқы заемдарға ие болды.
Өткен жылы қолға алынған бюджет қызметкерлеріне арналған жобаға сәйкес қалалық әкімдік үш сала бойынша (ұстаздар, дәрігерлер және полиция мамандары) қызметкерлер тізімін Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне жолдайды. Одан әрі, банк бюджет қызметкерлерінің табысы мен төлем қабілетін қарастырады. Соның негізінде алғашқы заем табыс етіледі, деп хабарлады Елорда Инфо.
«Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылдың желтоқсанында қалалық әкімдікпен бюджет саласы қызметкерлеріне арналған бірлескен жобаны қолға алдық. Ол мақсатта 100 миллион теңге бөлінді, оның 90 миллионы 90 адамға табыс етілді. Бүгін сол азаматтар сол тұрғын үй сертификаттары бойынша алғашқы заемдарын алуда. Сол сияқты биыл аталған жоба өз жалғасын табады, ол үшін әкімдіктен 2 миллиард теңге қаражат қарастырылуда», — деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев.
Оның айтуынша, тұрғын үй сертификатын алушылардың тізімін қалалық әкімдік жасақтап береді. Тізімдегілердің өтініш берген сәтте Астанада және оның маңайында баспанасы болмауы тиіс.
«Сертификатты алған соң баспана қарастыра бастадым. Әрине бұл жерде төлем қабілеті өте маңызды, сондықтан әркім өз шамасына қарайбаспана іздейді. Мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 2 миллион теңге жинақтадым және әкімдік табыстаған 1 миллион бар, сол қаражатпен өтіп отырмын. Яғни банк менің төлем қабілетімді бағалай келе, 7% мөлшерлемесін 3,8%-ға төмендете отырып 15 жылға несие берді», — деді жаңа баспанаға ие болған қалалық №13 мектептің мұғалімі Лаура Баймырзаева.
Еске салсақ, өткен жылдың желтоқсан айында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қаладағы 100 бюджет қызметкеріне баспана сертификатын табыс еткен болатын.
sputniknews.kz