Шымкенттегі жарылыс неден болғаны анықталды
Қысқа сілтеме алу
Оқиға орнынан тағы бірнеше оқ-дәрі табылды, олардың қайдан әкелінгені анықталып жатыр
ШЫМКЕНТ, 11 ақпан — Sputnik. Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің баспасөз xатшысы Алмас Сәдубаев Шымкентте жеке тұрғын үйдің бірінде болған жарылыстың себебін атады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, жеке тұрғын үйде ескі артиллериялық снаряд жарылып, екі адам түрлі жарақат алған. Зардап шеккен азаматтардың бірі снарядты бөлшектеп, темір ретінде өткізбек болған.
Жедел-іздестіру тобы оқиға орнынан өзге де оқ-дәрілерді тапқан. Жарақат алғандардың туыстары ату жарақтары Арыс қаласынан әкелінгенін айтты.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 287-бабымен іс қозғалды. Сот алды тергеп-тексеру жұмыстары басталды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, таңертең сағат 11-де Шымкентте Забадам шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болып, салдарынан екі адам зардап шекті. Дәрігерлер 1984 жылы туған ер адамның сол қолы мен аяғын кесуге мәжбүр болды, ол қазір хәл үстінде жатыр. 1998 жылы туған екінші зардап шегушінің сол аяғы сынып, басқа да жарақат алған.
Тұрғындардың айтуынша, жарылыс болған үйде жас отбасы үш баласымен бірге тұрады. Таңертең әйелі жұмысқа, екі бала балабақшаға, біреуі мектепте кеткен.
sputniknews.kz