14 жасқа толмағандарды да соттау керек. Ішкі істер министрлігі осындай бастама көтерді

0

14 жасқа толмағандарды да соттау керек. Оқушылар арасында әлімжеттіктің көбеюіне байланысты Ішкі істер министрлігі осындай бастама көтеріп отыр. Осылайша ведомство өкілдері оқушылардың бір-біріне жасаған озбырлығы мен олардың адам шошырлық әрекеттерін бұғаттамақ ниетте.

Балалардың қатыгездік танытуына қоғам да алаңдаулы. Жалпы жасөспірімдердің бұзақылық жасап, қылмысқа баруына не себеп? Полиция қызметкерлерінің жасаған мәлімдемесі оқушылар арасындағы әлімжеттікті азайта ала ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұзақылық, қанды төбелес, қорлау, тіпті адам өлімі. Соңғы уақытта бесіктен белі шықпаған балалар дәл осындай қылмыстарға баруда. Сорақысы, олар кейде үлкендерден бетер қатыгездік танытып, адам шошырлық әрекеттерді жасайды. Бірақ заң бойынша мұндайларға жаза жеңіл. Содан болса керек, құзырлы органдар бірқатар өзгертулер енгізуді ұсынды. Яғни 14 жасқа толмағандар да жасаған қылмысы үшін жауап тартуы керек,- дейді.

«Бізде кейде мұндай жағдайлар болады. Яғни 14 жасқа толмаған жасөспірім адам өлтіріп, бірақ тиісті жазасын алмайды. Өйткені заң бойынша оны түрмеге де қамауға құқымыз жоқ. Ал біз айтқан заң жобасы күшіне енетін болса қылмыскерлер заң алдында жауап береді», – дейді ҚР ІІМ ӘПК ювеналды полиция бөлімінің басшысы Әсет Оспанов.

Ғаламторға кірсең болды, оқушылардың әлімжеттік жасап, ойына келгенін істеген видеолары толып тұр. Тілін темекімен күйдіреді, үстіне шығып алып секіреді, одан қалды бар күштерімен бастан тебеді.

Өкініштісі, жасөспірімдер арасындағы ерегестің соңы қайғылы оқиғалармен де аяқталған жағдайлар аз емес.

Мәселен, Ақтөбеде оқушылар арасындағы жанжал пышақтасуға ұласып, бірі ауыр жарақаттан тіл тартпай кетті. Ал Қызылордада 14 жастағы бала көлік тізгіндеп, жаяу жүргіншілер жолағында өтіп бара жатқан адамды қағып кеткен. 22 жастағы Саида Абдуалиева бірден оқиға орнында көз жұмды. Енді қайғыдан қан жұтып отырған ана қылмыскер жазасыз қала ма деп қорқып отыр. Сорақысы, осыған ұқсас жайттер өте көп.

«Қазіргі таңда балалар колониясында 46 ер бала жазасын өтеп жатыр. Олардың басым көпшілігі адам өлтіргені үшін, зорлық-зомбылыққа барғаны үшін және адам денсаулығына қасақана ауыр жарақат енгізгені үшін жазасын өтеп жатқан балалар. Негізінен жазасын өтеп жатқандардың көбісі ШҚО, Алматы, Шымкент, Түркістан облыстарынан», – деді ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспсөз қызметкері Ақерке Жаубасарова.

Осылайша, бұзақылық, қанды төбелес, пышақтасу – балалардың кезекті бір ермегіне айналып бара жатқандай. Мұны дер кезінде тоқтатпасақ соңы үлкен өкінішке алып келуі мүмкін, дейді мамандар.

“Бүгінгі күні ата-ана өзінше есеп алған дұрыс. Балам үйге келген кезде мектепте не болды. Сабақ үрдісінде қандай жағдай болды. Демек оның күнделікті өмірінен хабардар болған дұрыс. Демек оған эмоционалдық жақындық керек. Сондықтан бала ата-анасына керек екенін сезінеді да, жаман әрекеттерге бара бермейді”, – дейді психолог Жаңагүл Тұрманова.

Қалай десек те, бүгінде түрлі профилактикалық шаралар жүзеге асырылса да, бұл балалардың бұзақылық жасауын әлі тоқтатпай отыр. Тек былтырдың өзінде оқушылардың қатысуымен үш мыңға жуық қылмыс тіркеліпті. Сондықтан 14 жасқа толмағандарға да жаза қолдану керек деген заң жобасы қабылданып жатса да, оның қандай нәтиже беретіні әлі белгісіз. Ол тек уақыт еншісіндегі мәселе, – дейді құзырлы орган қызметкерлері.