Түркістан төрткүл дүниенің жауһары

0

Ажары ай сайын айшықтала түсетін Түркістан төрткүл дүниені сәнді сәулетімен қоса, қала халқының жоғары рухани болмысымен де сүйсіндіруі тиіс. Тұрғындардың мінез-құлқы қоса жаңғырып, өркениетті ортаға тиімді бейімделгенде ғана жаңа қаланың толыққанды келбеті қалыптаспақ. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық өсумен бірге жұртшылықтың өмір салты, ішкі мәдениеті мен пайым-парасаты қоса өзгеруі тиіс.
Бұған қоса, киелі мекенді жан-жақты дамыту – әр азаматтың ортақ парызы, қасиетті борышы болуы керек.
Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев қандай жиын өткізсе де осы міндеттерді үнемі қайталап айтып, елдің есіне жиі салып отырады.
Қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың бүгінгі есебінде де қайыра тоқталып, «Түркістан – тек аймақтың, облыстың, Қазақстанның ғана емес, әлемнің баға жетпес жауһары» екенін жеткізді. Қолдағы алтынның қадір-қасиетін бірігіп арттыруға шақырып, миллиондаған туристер әулиелі жердің әлеуетін жергілікті халықтың рухани деңгейімен қоса өлшейтінін баса айтты. Әркім ой-санасын оятып, өз отбасында дұрыс тәрбие қалыптастырып, үйінің айналасы мен жүрген ортасын таза ұстағанда ғана қоғам түзелетінін алға тартты.
Соңынан көне қала мен жаңа облысты дамыту мақсатында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаевқа жол тазалау, көше жарықтандыру, қоғамдық көлікті жаңарту, сауда орындарын қайта салу сияқты жұмыстарды жеделдетуге тапсырма берді.

«Түркістанды  бірге  түлетейік»

kznews.kz


Тегтер:Түркістан