«Біз кеттік, сау бол, Астана»: Желіде жұрт өрттен көз жұмған қыздарға өлең арнауда — новости Казахстана
4 ақпан күні елордамыз Астанада болған жантүршігерлік қайғылы оқиға бір ғана жанұяның емес, тұтас халықтың еңсесін түсірді. Өз үйлерінде тірідей өртенген бес қыздың денесі кеше жер қойнына тапсырылып, қара жамылған жұрт бейкүнә періштелермен қоштасты.
Бүгінде марқұм балалар үшін қайғырып, аза тұтып жатқандар көп. Оның ішінде мұң-зарын өлеңмен жеткізген ақындар да баршылық. NUR.KZ көпшіліктің сай-сүйегін сырқыратқан өлең жолдарын назарларыңызға ұсынады.
«Сарайдан сарай саламыз,
Не қылған соқыр санамыз?
Өкіріп жатыр ата-ана,
Өртеніп жатыр баламыз.
Қудала, мейлі шетке қақ,
Жаңқалап, жарып отқа жақ!
Қай қуыс, қайда барсаң да,
Қаңғырып жүрген көп қазақ.
Қаңғырып жүріп пәтерде,
Ұрынды қаусап қатерге.
Байқұстың мұнда үйі жоқ,
Үйі жоқ және шетелде…
Бойына арам боқ сінген,
Шенеунік қанша тепсінген.
Министр кетсін орнынан,
Он алты мыңды көпсінген!
Желкілдеп өсіп жетпей ме,
Баласыз өмір көктей ме?
Өртеніп ұрпақ өлгенше,
Өртеніп дүние кетпей ме?!», -деп жазды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы.
Сондай-ақ, Кеңшілік Тышқан есімді ақын азамат марқұм болған бүлдіршіндердің атынан өлең жазған.
«Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.
Жер бетінен жайлы орын таба алмай,
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!
Уақыт боп, айырылдық жас жаннан,
Өміріміз тар бөлмеде басталған.
Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,
Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!»
Әлеуметтік желіде тараған жантүршігерлік өлеңдердің бірі мынадай:
«Біз кеттік, сау бол, Астана,
Керек те емес баспана.
Бармаймыз балабақшаңа,
Ортақ боп сенің ақшаңа.
Әкеміз мұңға батса да,
Шешеміз жылап жатса да.
Келмейміз енді, қайтадан,
Біз кеттік, сау бол, Астана.
Үй сатып алсын министр,
Үнемдеп қалған ақшаға…»
«Енді біздер мектеп, бақша бармаймыз,
Енді дәптер, сөмке сатып алмаймыз,
Енді бізге берсеңдер де хан сарай,
Ішін шашып, ойнап, асыр салмаймыз», — деген өлең жолдары да желідегі парақшаларда жарияланып жүр.
Ал торғайлық ақын Саят Әбеновтің өлеңі ғаламторды шарлап кетті. Күні кеше ақынның арнауын оқыған кішкентай қыз жұртты еріксіз жылатқан еді.
«Болмаған соң тұрғылықты тұрағы,
Құрғыр жоқтық маңдайынан ұрады.
Бес баланың қасіретін бүгінгі,
Бес бөлмелі үйі жоқтар ұғады.
Әкесі де, анасы да жұмыста,
Сәбилерге кімдер басын ұрады.
Ол жұмысты ата-анасы тастаса,
Қожайыны үйден қуып шығады.
Көңіл айтам шын жүректен қайғырып,
Қайғырғаннан көзіме жас тұнады.
Бұл дүниеде бұйырмапты баспана,
О дүниенің бұйырсыншы Жұмағы», — деп жазған Әбенов.
Ал журналист, ақын Бейбіт Сарыбай бес періштені ашылса алақан, жұмылса жұдырық болатын бес саусаққа теңеп, жоқтау арнаған.
«Басбармақ-ай, басбармақ,
Қарабауыр қасқалдақ…
Жұртың сені жоқтауда,
Жанарынан жас парлап.
Титтәй баланүйрегім,
Жалын, отқа күйгенім.
Қалай жерге қияды ел,
Сүйінгенін, сүйгенін.
Ойбой, ортантерегім,
Келте болды-ау дерегің.
Мемлекетің менсінбей,
Болды Аллаға керегің.
Шылдыр, шылдыр шүмегім,
Ата-анаңның күні едің.
Тәтті-ақ еді тілегің,
Әппақ еді жүрегің.
Ей, кішкентай бөбегім,
Ей, қайғылы өлеңім.
Талбесіктен суырып,
Жер бесікке бөледім…
Кеттік рас кердеңдеп,
Тұрмын міне шер меңдеп.
Қош деуге де шара жоқ,
Шолақ қолың ербеңдеп…» -деп жазған ол.
«Үй емес, менің өзегім өртенді,
От құшты, жастық, көрпемді,
Бес қаруы сай батыр-ажалға жүгірдім,
Бес бүлдіршіннің орнына қи деп желкемді..
Сұп-суық төгеді аспан нұр,
Бес күннің көшерін ескертіп бастан бір,
Теледидарда-мерекелік отшашу,
Жеркепеде-отқа оранған бес тал гүл.
Арсыздың алшыдан асығы,
Дұрысым қате боп-рухым жасыды,
Сол жағалауда-бес жұлдызды қонақ үй,
Оң жағалауда-бес бүлдіршіннің лашығы.
Флешмоб.
Форум.
Шоу.
Жыр кеші.
Керегін білмедім солардың кімге осы?!
Газетте-бес әлеуметтік бастама,
Өзекте-бес бүлдіршіннің мүрдесі», — деп күрсінген ақын Мирас Асан.
Дереккөз: kaz.nur.kz