Астанаға қатты аяз келді. Еске сақтар алғашқы қауіпсіздік шаралары қандай?

0

«Қазгидромет». Бұндай аяз соңғы рет қашан тіркелді

Күн суытады деген сайын интернетте «биыл 88 жылдан бері болмаған аяз келе жатыр», «күн елу градусқа дейін суытады» деген фейк ақпараттар да көп тарады. Жалған ақпарат ең біріншіден үрей тудырады, ал үрей қолдан жасалған «төтенше жағдайды» орнатады.

«Қазгидромет» мекемесінің баспасөз хатшысы Гүлвира Шаңбаева informburo.kz-ке берген жауабында Астана үшін мұндай ауа райы негізінен қалыпты дейді.

– Дәл осындай аяз былтыр қаңтарда тіркелген. Биыл қаңтардың соңы, ақпанның басына дәл келіп тұр, – дейді Гүлвира Шаңбаева.

Телефонға сенуге бола ма?

«Қазгидромет» кеше, 4 ақпан күні алда болатын қатты аяз туралы дабыл қақты. 5 ақпан түстен кейін Астананың желі күшейіп, күндіз болжанған -18 градус суықты -30 градусқа таятты.

Нағыз ескерту негізінен 6-7 ақпанға болжанып отыр. 6 ақпанда Астанада күндізгі аяз -27…-29 градус, түнде -37…-39 градусқа жетеді. 7 ақпан күні аяз бәсеңдеп, -25…-27 градусты көрсетсе, түнде қайтадан -37…-39 градусқа барады.

Бірақ, «Қазгидромет» Астанадағы желді және қардың ылғалдылығын ескерсе, аяздың күші -45 градусқа дейін жетеді деп отыр. Ауа райын болжау орталығының баспасөз хатшысынан телефондардағы аяздың сезілу көрсеткіші қаншалықты рас екенін сұрадық.

– Секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғатын Астананың желі әлбетте аязды күшейтеді. Сондықтан да біз, яғни, желді ескергендіктен 6-7 ақпан күндері, әсіресе, түнде аяз -45 градусқа дейін жетеді деп отырмыз. Ал, қолымыздағы телефондар басқа елдердің өнімі болғандықтан, олардың көрсеткен градусы үнемі дұрыс бола бермейді деп ойлаймын. «Қазгидромет» болжам ұсынғанда, желдің күшін қоса есептеп ұсынады, – дейді ол

Былтырғыдан сабақ алайық

Жылда қайталанатын құбылыс десек те, саршұнақ аяз сездірмей шымшып, бет-аузыңызды үсітіп кетуі ықтимал. Мысалы, былтыр осындай аяз кезінде Қазақстан бойынша 220-дан астам адамды үсік шалған.

Олардың 20-сы – астаналық. Екі адамды қатты үсік шалып, ауруханаға түссе, 18 адам үйінде емделген.


Астанада аязбен қатар жел күшейіп, жүргізушілерді әбігерге түсірді

Астанада аязбен қатар күшейген жел жүргіншілерді абыржытты, жүргізушілерді әбігерге түсірді / Фото informburo.kz


Алғашқы қауіпсіздік

Аяз күндері Астананың жедел әрекет қызметтерінің бәрі күшейтілген режимде жұмыс істейді. Алдын алу жұмыстары жүргізілгенмен, оқыстан ешкім сақтандырылмаған. Сондықтан, төтенше жағдайлар қызметі, жедел жәрдем, құтқарушылар, білім беру басқармасы елордалықтардың сақтанып жүргені артық етпейді дейді.

Ең алдымен, құтқарушылардың ескертуіне құлақ ассақ. Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті кей жағдайда бір адым жерге жеткенше де үсік шалып, ары қарай адам тоңғанын мүлде сезбей, ауыр жағдайда қалуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан, құтқарушылардың мына кеңестерін еске сақтаңыздар:

  • Шторм туралы хабарлама келсе, туыстарыңызға, көршілеріңізге телефон соғып, айтыңыз. Кейбір кәрі кісілер дабыл туралы естімей қалуы мүмкін.
  • Шұғыл жұмысыңыз жоқ болса,қатты аязда үйден шықпаған дұрыс. Ал, қала сыртына жоспарлаған сапарыңызды мүлде кейінге шегерген абзал.
  • Егер алда-жалда үйден шығып, далада қалсаңыз, жақын жерден пана іздеңіз: аптека, дүкен, дәмхана, мектеп, сауда орындары және т.б.
  • Желді күні бет пен қол терісіне арнайы крем жағып шығыңыз.
  • Аяз күндері қолдағы жүзікті, мойын мен құлақтағы әшекей бұйымдарыңызды тақпаңыз. Металл тез қатып, теріңізге жабысып қалуы әбден мүмкін. Жалпы, аяз күні жалаңаш терімен темір ұстамаған абзал.
  • Егер көлігіңіз иен далада сынып қалса, бірден 112 нөміріне хабарласып, машинадан шықпай отырыңыз. Телефоныңызды қуаты тауысылып қалса, ары-бері жүрген көліктерді аңдыңыз.
  • Кез келген қауіпті жағдайда 112 нөмірін теріңіз.

…Баланың көңілі далада

Аяз түссе, алдымен ата-ана алаңдайды. Астанада бәрі баласын көлікпен тасып, оқыта алмайды, сондықтан, қоғамдық көлікпен жүретін оқушылардың аязда тоңып, тіпті, үсіп қалу қауіпі жоғары.

Астана қалалық Білім беру басқармасы мен 112 қызметі ауа райының қолайсыздығына байланысты сабақ болмайды деген шешіммен таныса сала, бірден хабарлама таратады. Білім беру басқармасы ол ақпаратты ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарында, ал 112 қызметі әдеттегідей жеке телефоныңызға жөнелтеді.

Егер ауа температурасы -25 градус шамасында болса, жергілікті атқарушы органның шешімімен әдетте 0-4 сынып оқушылары мектеке бармауына болады. Аяз -25-тен асып, жел қоса соқса, 0-11 (12) сынып оқушылары да алдыңғыларға қосылады. Дабылды ескерту кезінде колледжердің 1-2 курс студенттері де сабақтан босатылады.

Әдеттегідей, 5 ақпан күні екінші ауысымдағы 0-11 (12) сынып оқушылары мен колледжердегі 1-2 курс студенттері оқымайды деген хабарлама келді. Артынан редакциямызға хабарласқан Астана гуманитарлық колледж студенттері мен олардың ата-аналары 1 курстағыларды сабаққа шақырып жатыр деп, шағымданды.

Мән-жайды анықтау үшін колледж директоры Елдос Нұрлановқа хабарластық. Директор әуел баста 1-2 курс студенттері оқымайтынын растап, оқытушылармен сөйлесетінін айтты. Артынша, телефон соғып, бұрын байқалмаған, бірақ, жаңа бір ережені ашты. Оқытушылармен арадағы кеңес осындай нәтиже берген екен.

Яғни, оның айтуынша, егер студент колледжге 11 сыныптан кейін түссе, онда ол аязға қарамай сабаққа келуге міндетті. Егер студенттер 9 сыныптан кейін оқуға түссе, онда 112 мен Білім басқармасының хабарламасын тыңдап, үйде отырады. Өйткені, Елдос Болатханұлының айтуынша, 11 сыныптан кейін оқуға түскен колледж студенті университет студентіне теңестіріледі. Бірақ, 112 хабарламасында да, Білім басқармасының хабарламасында да колледждегі 1-2 курс студенттерінің жас ерекшелігі көрсетілмеген.

Бұл ереженің көшірмесін немесе не соны растайтын қандай да бір құжатты колледж басшылығы ұсына алған жоқ. Тек Білім басқармасымен хабарласуымызды сұрады. Білім басқармасының баспасөз қызметі колледж басшылығымен, тиісті органдармен келіссөз жүргізе отырып, мына түйінді жеткізді.

–Жалпы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, қолайсыз ауа райы метеожағдайларында сабақтан босатқан уақытта білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескеру қажет деп айтылған. Сондықтан, осындай жағдайда егер студент 18 жасқа толмаған болса, онда оны сабақтан босату дұрыс болар деп шешіп отырмыз. Ал егер кәмелетке толған болса, бұл жерде оқыту орнының басшылығы алыстан тұратын балаларды және сабақ өтетін уақытты ескеріп, шешім қабылдайды деп ойлаймын, — дейді Астана қаласы Білім басқармасының стратегия, анализ және цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Жазира Асанова.

Астанадағы колледж басшылығы мен білім беру басқармасының осы логикалық шешімі (яғни, колледжің 18 жастағы 1 курс студенті университет студенттерімен теңестіріледі деген – авт.) ресми құжаттарда көрсетілмеген.

Үсік туралы сіз білуге тиісті төрт белгі

Төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, қатты тоңған адам сасқалақтап қалады да, «міндетті түрде үйге дейін жетіп алу» керек дегеннен басқаны ойламайды. Бірақ, байбаламға салмай, алдымен ең жақын жердегі жылы немесе ық орынды іздеу керек. Астанада тіпті жылы аялдамалар да бар. Жылы жерге кірген соң міндетті түрде бірден қолыңыз бен бетіңіздің, аяғыңыздың терісіне жақсылап қараңыз. Ең бірінші қол-аяқ үсиді.


Аяз күні ешқашан бұлай киінбеңіз

Аязды күні ешқашан бұлай жүрмеңіз / Фото informburo.kz


Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, ең жеңіл үсікті І дәрежелі үсік шалу деп атайды. Көбіне, жеңіл киіммен аязда аз тұрған кезде үсиді. Үсіген жеріңіздің терісі ақшыл болып, жылынғаннан кейін қызарады, кей кезде реңі бозғылт-қызыл болады, ісіп кетеді. Тері жансызданбайды. Үсік шалғаннан кейін бір апта соңында тері қабаты түсе бастайды. Науқас үсік шалғаннан кейін 5-7 күннен кейін жазылып шығады. Бұндай үсік шалудың негізгі белгілері – күйген кездегі сезіммен бірдей, терінің үсіген жері шаншып, соңынан ұйыйды.

І дәрежелі үсік шалған тері қабатын қызарғанша жылы алақанмен жылытып, ұйқалау керек. Жүн матамен, демнің жылуымен жылытып, соңынан мақта-дәкемен таңады.

Жылы киінсе де, аязда ұзақ тұрып қалған адамды үсік шалса, ол медицинада ІІ дәрежелі үсік деп аталады. Алғашында тері ағарады, тоңады, жансызданады. Бірақ, бұл белгілер үсік шалудың барлық дәрежелерінде байқалады. Сондықтан, бұл үсік шалу дәрежесінің ерекшелігі, алғаш күннен бастап зақымдалған тері орнында іші түссіз сұйыққа толған көпіршіктер пайда болады.

ІІІ дәрежелі үсік шалса, сіз далада көп тұрып, аяз етіңізді өте тереңнен зақымдап кетті деген сөз. Алғашында пайда болған көпіршіктердің іші қан аралас сұйыққа толады, түбі қызғылт-көк түсті болады, түршігу сезінбейді. Терінің барлық элементтері өле бастайды және соңында үсіген жер түйіршектеліп тыртық пайда болады. Түскен тырнақтар өспейді, ал өскен жағдайда деформацияға ұшырайды. Өліп қалған тері қабаты 2-3 аптада түседі, ал соңынан тыртықтану 1 айға дейін созылады.

ІV дәрежелі үсік – ең қауіптісі. Бұл кезде үсік шалудың ІІ және ІІІ дәрежесі қатар жүреді. Жұмсақ еттің барлық қабаттары өледі және сүйек пен буындар зақымдануы мүмкін. Үсіген қол-аяқ ерекше көгеріп, кей-кезде мәрмәр сияқты сұр түсті болады. Жылытқаннан кейін ісік пайда болып өте тез ұлғая бастайды. Тері температурасы зақымдалмаған жерден әлдеқайда төмен. ІІ және ІІІ дәрежелі үсік шалған орындарда көпіршіктер пайда болады. Үсік шалған жерде көпіршіктердің жоқ болуы және ісіктің үлкен болуы – үсік шалудың төртінші дәрежесін көрсетеді.

Үсік шалған кездегі алғашқы көмек

Ең алдымен, үсік шалу белгілері бар науқасты жылы жерге жеткізіп, аяқ киімін, шұлығын және қолғабын шешу керек. Дереу жедел жәрдем шақырту қажет.

І дәрежелі үсік шалған тері қабатын қызарғанша жылы алақанмен жылытып, ұйқалау қажет, жүн матамен, демнің жылуымен жылытып, соңынан мақта-дәкемен таңады.

ІІ-ІV дәрежелі үсік шалғанда тез жылыту, массаж немесе үйкеледудің қажеті жоқ. Зақымдалған жерге жылу шығармайтын дәке таңу қажет (қабатталған мата, қалың мақта қабаты, тағы да мата, үстінен клеенка немесе резеңке мата).

Үсік шалған адамға алкоголь бере көрмеңіз

Науқасты жылыту мақсатында ішімдік беруге, үсік шалған жерлерін қармен, маймен, спиртпен үйкелеуге мүлде болмайды. Үсіген адамды алдын ала жылы температурада жылытып алмай, ыстық су құйылған ваннаға салмаңыз.

Оқи отырыңыз: Аяздан моторының майы қатып қалған көлікті қалай оталдыруға болады? Толықтырылған

Аязды күні көмек керек болса…

Астананың аязында далада қалған адам бірден 112 нөміріне хабарласу керек. Құтқарушылар сіздің жағдайыңызды бағалап, қандай көмек жіберетінін айтады.

Үсіген адам шамасы жетсе өзі, жетпесе, біреуге айтқызып міндетті түрде 103 телефонына қоңырау шалғаны жөн. 103 операторлары үсік дәрежесі туралы сұраса, біз айтқан белгілерді есіңізге түсіріп, жағдайда салқынқандылықпен түсіндіріңіз. Өйткені, жедел жәрдем үсік дәрежесіне қарай жеделдік танытады.


Астананың коммуналдық қызметі

Астананың коммуналдық қызметіне жұмыс көбейді / Фото informburo.kz


Шұғыл желілердің қатарында елордалық 109 нөмірі де бар.

«Біз тұрғындардың бірнеше шағымын қабылдап, тиісті органдарға жібереміз. Аяз күні көп қабатты үйлерге жылу, жарық, су берілмей қалса, жер үйлердің маңындағы құдықтар қатып қалса, канализация құдықтарының беті ашық тұрса, үйлердің қасбеттері құласа бізге хабарласу керек. Сондай-ақ, таңертең, түсте сабақ бола ма, жоқ па деген сұрақтарға да жауап береміз», – дейді бізбен сөйлескен 46-шы оператор.

Сондай-ақ, қаладағы жол учаскелері тазаланбай, аялдамалар істен шықса да осы Сall-орталыққа хабарласуға болады.


Дереккөз: https://informburo.kz