Орны толмас қайғы: Әбілқасымова өрттен көз жұмған 5 қыздың өлімі туралы тіл қатты — новости Казахстана
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова блогер Денис Кривошеевке сұхбат беріп, елордада шатыры жоқ лашық ішінде өртеніп кеткен бес бірдей қыздың өліміне қатысты пікір білдірді деп хабарлайды NUR.KZ азаматтың Telegram арнасына сілтеме жасап.
«Бұл жантүршігерлік оқиға және тек сол отбасының ғана емес, біздің еліміздегі әрбір жанұяның басына түскен ауыр қайғы. Барша жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Мен ана ретінде мұның адам төзгісіз жағдай екенін және орны толмас қаза екенін түсінемін. Алла оларға күш-қат берсін», — деді министр ханым.
Сонымен бірге, Мадина Әбілқасымова «Күллі елдің қабырғасын қайыстырған жағдайдан қандай сабақ алынды?», — деген сұраққа жауап берді.
Ол өзіне қарасты министрлік мемлекет тарапынан көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға көрсетілетін арнайы қолдау шараларының сапасын жақсарту үшін жұмыс істейтінін алға тартты.
«Алдағы уақытта біздің ведомство жергілікті атқару органдарымен жүзеге асатын әлеуметтік көмек бойынша қосымша іс-шаралар ұсынатын болады. Барлық аз қамтылған отбасылар анықталып, оларға көңіл бөлінеді», — деп уәде етті министр.
Әбілқасымованың сөздерінше, күні кеше ол оқиға орнына барып, өрт салдарынан зардап шеккен жанұя мен оның туыстарымен кездескен. Сондай-ақ, ол министрлік қызметкерлері барынша көмек көрсеткенін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шыққан болатын. Қызыл жалынды сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген бес баланың денесі табылған. Олардың ең кішісі әлі бір жасқа да толмағаны анықталды.
Бұл қайғылы оқиғадан соң қала әкімі шұғыл кеңес өткізген. Ал бұл жағдай орын алмас бұрын Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері үйдің қауіпті екенін ескертіпті. Артынша Астанада көз жұмған 13 жастағы қыздың хаты жұрттың жүрегін ауыртты.
Күні кеше қайғылы жағдайға қатысты Ішкі істер вице-министрі жауап берді.
Ал бүгін өртке оранған үйде ажал құшқан апалы-сіңлілі қызды жер қойнына тапсырды.
Сондай-ақ, жұрт еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің қызметінен кетуін талап етті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайғылы жағдайға душар болған отбасыға көңіл айтты.
Дереккөз: kaz.nur.kz