Қостанайда халықаралық конференция өтті

0

Бұл конференция ҚР ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, заң ғылымдарының докторы, профессор Елеген Ізтілеуұлы Қайыржановты еске алуға да арналды. Конференция модераторы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров және басқалар марқұм Елеген Ізтілеуұлының еңбегі мен ұстаздық жолы туралы еске алды.

Халықаралық мамандар мен ғалымдардың басын қосқан конференция «Қазақстан-2050» Стратегиясының контексіндегі қылмыстық саясат пен заңдылық деңгейін арттыруды, құқықтық тәртіп пен қылмыстық қауіпсіздікті жүзеге асыру аясындағы құқықтық – сот реформасын, 2010 – 2020 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасының құқықтық саясат концепциясын, 2017 – 2020 жылдарға арналған құқық қорғау органдарын одан әрі жетілдіру жөніндегі Мемлекеттік бағдарламаны, «100 қадам» Ұлттық Жоспарын, Экономикалық бірлестік пен даму ұйымының  (ЭБДҰ) стандарттары мен индикаторлары деңгейінде заңның үстемдік етуі жөніндегі Президент бағдарламаларын әдіснамалық және тұғырнамалық жағынан модернизациялауды қамтамасыз етуге ықпал жасауды өз жұмысының мақсатына айналдырды. Өйткені қазір қылмыс саясатын ізгілендірумен бірге бар мүмкіндігінше қылмыстың алдын алу негізгі бағдар болып табылады. Конференцияға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ондағы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Асылбек Смағұлов та қоғамдағы қылмыстың алдын алу ғана бұл салада түпкі нәтиже беретіндігін айтты.

«Елбасы тапсырмасы да қылмыстың алдын алуға саяды. Ол үшін не істеу керек? Ең алдымен профилактикалық жұмыстармен айналысу керек. Оның жолдары да, жұмысы да көп. Қылмысқа алып келетін және қылмысты болдырмаудың жолдарын іздестіруіміз қажет. Бұл күрделі де көп жұмыс, оның тармағы өте көп. Бұл тек полицейлердің, заңгерлдерің ғана емес, бүкіл қоғамның қызметі болуы тиіс, осы жұмысқа ғалымдар мен мамандар барлық қоғамды жұмылдыра білуі тиіс. Біз соның механизмін тапсақ, қоғамда қылмыс азаяды» деді Асылбек Айжарықұлы.

Конференцияда сөйлеген ғалымдар, криминологтар қылмыс саясатын ізгілендіру мен қылмыстың алдын алу үшін өздеріндегі үздік тәжірибелерді, пікірлерін, жақсы жаңалықтарды ортаға салды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

Қостанай

 

Дереккөз: http://egemen.kz/